Саясат

«Доллар дауылы» ҰҚК-ны қалай қозғады?

"Доллар дауылы" ҰҚК-ны қалай қозғады?

Фото ашық дереккөз

Өткен аптада «Самұрық-Қазына» мен «Қазақстан темір жолы» басшысы ұсталып, ашық күнде аспаннан жай түсірді. Бірақ көпшілік әлдебір шендінің пара алып немесе пара бергеніне таңғалып отырған жоқ. Ондайға елдің еті үйренген. Мұндағы басты оқиға – «Самұрық-Қазына» төрағасы сынды ірі лауазым иесінің күтпеген жерден құрықталуы мен аспаннан жауған доллар болып тұр.

2026 жылы 12 қарашада БАҚ-та «Астанада «Самұрық-Қазына» басқарма төрағасы Нұрлан Жақыпов пен «Қазақстан темір жолы» басшысы Елжас Отыншиев және басқа да адамдар сыбайлас жемқорлыққа қатысты күдікпен ұсталды» деген ақпарат бұрқ ете түсті. Оның үстіне «12 қараша таңертең әлдекім Астанадағы «Атлант» тұрғын үй кешенінің терезесінен доллар толы чемодан лақтырып, көк қағаз көшеде шашылып қалғаны» белгілі болды. 

Фото JasAlash коллаж / ЖИ/Нұрлан Жақыпов пен Елжас Отыншиев

«Аспаннан жауған доллардың» Жақыпов пен Отыншиевке қатысы бар-жоғы қазірше белгісіз. Ресми органдар бұған қатысты мәлімдеме жасаған жоқ. Бірақ БАҚ пен әлеуметтік желідегі жұрт екі оқиғаның байланысты екенін жазып жатыр. Журналист Михаил Козачков өз дереккөзіне сүйеніп, «күдіктілердің бірінің әйелі үйінің есігі қағылғанда 6 млн доллар ақшаны балконнан лақтырып жібергенін» хабарлады. Ресми ақпарат жоқ жерде болжам көбейеді. Ел арасында чемоданның саны мен ақшаның мөлшеріне қатысты әртүрлі әңгіме айтылып жатыр. Бірі «жалпы 8 чемодан ақша табылыпты» десе, екіншісі «табылған ақша 6 млн доллардан әлдеқайда көп» екенін айтады. Қысқасы, ұсталған шенділердің лауазымы үлкен, ұрланған ақшаның мөлшері көп сияқты.  

12 қараша күні түсте Жақыпов пен Отыншиев ұсталғанын Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметі растады. Ресми дерек бойынша, оларға Қылмыстық кодексінің 24-бабы 3-бөлігі (қылмысқа оқталу) және 366-бабы 4-бөлігі (пара алу) бойынша күдікке ілінген. Екеуі де уақытша ұстау изоляторында отыр. 

Ел экономикасына жауапты жоғары лауазымды менеджерлердің ұсталуы ел ішінде үлкен резонанс туғызды. «Аспаннан жауған доллар» отқа май құйғандай жағдайды, тіпті ушықтырып жіберді. Тұтас халық осы оқиғаны талқылап жатыр. Тіпті ел президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 13 қарашада Қауіпсіздік кеңесінің шұғыл отырысын өткізді. Отырыс көлік-транзит саласын дамытуға арналғанымен, Тоқаев «Самұрық-Қазына» мен ҚТЖ басшыларының ұсталуына қатысты пікір білдірді.

Фото Ақорда/Тоқаев

Тоқаев «бұл оқиғаның мемлекеттік компанияларда жемқорлық белең алғанын көрсететін аса күрделі жағдай» екенін айтты. Оның айтуынша, 2023-2025 жылдары елде 3 168 сыбайлас жемқорлық ісі анықталған, оның 2 165-ін мемлекеттік қызметшілер жасаған. Бұл қылмыстық әрекеттердің жалпы сомасы 248 млрд теңгеден асады. , еліміздегі сыбайлас жемқорлық ахуалы күрделі болып тұр. Бірақ біз ешнәрсені де жасырмаймыз, басын құмға тыққан страустың кейпіне түспейміз. Біз осы саладағы мәселенің бәрін ашық айтамыз, жемқорлықты жою үшін қабылданған және қабылданатын шаралар туралы да ешнәрсені жасырмай, барлығын халыққа ашық көрсетіп отырамыз», – деді Тоқаев. 

Осы жиында мемлекет басшысы «жемқорлыққа қатысты құқықбұзушылық мемлекеттік компаниялардың басты дерті екенін» айтып, Үкімет пен бақылаушы органдарға 24 қарашаға дейін «квазимемлекеттік сектордағы жемқорлықты азайту және компаниялардың жұмыс сапасын жақсарту жөнінде ұсыныс дайындауды» тапсырды. Сондай-ақ «мемлекет қаржысының тиімді жұмсалуын арнайы мемлекеттік комиссия құрылатынын, оның құрамы келер аптаның басында жарияланатынын» айтты.

Тоқаев биылғы жолдауында «Халықтық құрылыс» деп аталатын үлкен құрылыс науқаны басталатынын айтқан. Сол үшін 2029 жылдың аяғына дейін Ұлттық қордан 6,5 трлн теңге бөлінеді. Осындай ауқымды жобаға дайындалып жатқанда ірі шенділердің ұсталғаны көпке ұнамағаны анық. «Сыбайлас жемқорлыққа батқан ниеті теріс кісілер – біздің қас жауымыз. Олар қазірдің өзінде «Халықтық құрылыс» бағдарламасын іске асыруға кедергі келтіріп, зиян тигізуді ойлап жүр. Біз бұған, әлбетте, ешқашан жол бермейміз», – деді президент. 

Айтпақшы, кейінгі кезде билік қолға алған әр жұмысқа байланысты комиссия немесе жұмыс тобын құру әдетке айналғандай көрінеді. Маңғыстаудағы жас сарбаздар өлімінен кейін Қорғаныс министрлігін кешенді тексеретін комиссия құрылып, қарулы күштерді реформалау жөнінде жоба жасалып жатыр. Сондай-ақ көлік-транзит саласын дамыту үшін автожол саласын реформалау жөніндегі жұмыс тобы құрылды. Енді құрылысқа бөлінген қаржыны қадағалу үшін тағы бір жұмыс тобы құрылғалы отыр. 

Фото: ашық дереккөз/самұрық қазына

«Самұрық-Қазына» қандай мекеме?

«Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры – Қазақстан экономикасы үшін аса маңызды құрылым. Оның құрамына мұнай-газ, көлік-логистика секторы, химия және атом өнеркәсібі, тау-кен кешені, энергетика және жылжымайтын мүлік саласындағы кәсіпорындар кіреді. Қор активі шамамен 69 млрд долларға жетеді. 2025 жылы қордың жалпы табысы 21,2 трлн теңге, ел бюджетіне төлеген салығы 2,3 трлн теңге болған. «Самұрық-Қазына» активтерінің құны Қазақстанның жалпы ішкі өнімінің шамамен 40 пайызына тең. 

«Самұрық-Қазына» АҚ 2008 жылы құрылған. Қордың жалғыз акционері – ҚР Үкіметі. Ол коммерциялық негізде жұмыс істейтін инвестициялық холдинг. Яғни мемлекетке тиесілі ірі кәсіпорындардың акцияларын иеленіп, олардың жұмысын акционер ретінде басқарады. Түсінікті тілмен айтқанда, мемлекет өзінің стратегиялық кәсіпорындарын бір орталыққа біріктіріп, солардың иесі әрі акционері ретінде «Самұрық-Қазынаны» құрған.

Бұрын мемлекеттік кәсіпорындар әртүрлі министрліктердің басқаруында болған. Мысалы, «ҚазМұнайГаз» – Энергетика министрлігіне, ҚТЖ – Көлік министрлігіне қарайды. Ірі кәсіпорындардың жұмысы әртүрлі мекемеге тәуелді болғандықтан, жұмыла жұмыс істеу қиынға соқты. Яғни бір министрлік мұнай өндіргенімен, оны тасымалдау үшін басқа министрліктің көмегі қажет болды. Осы кедергілерді жойып, бірыңғай корпоративтік стандарт қалыптастыру үшін «Самұрық-Қазына» құрылды.

Бірақ осындай игі мақсатпен құрылған қор жұмысын тиімді атқарып отыр дей алмаймыз. «Самұрық-Қазына» бүкіл саладағы ірі кәсіпорындарды құрамына жинап алып, өз салмағын өзі көтере алмайтын, «ебедейсіз алыпқа» айналғандай көрінеді. Сарапшылар «Самұрық-Қазынаның» қазіргі жұмыс тәртібі тиімсіз екенін айтып, оны реформалау мәселесін жиі көтеріп жүр.

Бұл мекемені мемлекет басшысы да бірнеше мәрте сынға алған. Мысалы, биыл ақпанда ұлттық компанияларда «қосшыдан басшы көп» екенін айтып, олардың құрылымын түбегейлі қайта қарап, жаңа заманға бейімдеуді тапсырған. «Олардың жұмысқа көміліп жатқан ештеңесі жоқ. Кейде не істерін білмей, әлеуметтік желілерде әркіммен пікірталастырып отырады. Бұл түбі жақсылыққа апармайды», деген еді Тоқаев. Халық пен президенттің сынына ұшырап жүрген құрылымда ақыры үлкен жемқорлық дауы жүз беріп отыр. 

Фото JasAlash/Нұрлан Жақыпов

Қылмыс пен жаза

Қалай айтсақ та, «Самұрық-Қазына» мен ҚТЖ басшысының бір күнде ұсталуы көп жағдайдан хабар береді. Ең алдымен, Жақыпов қатардағы көп шендінің бірі емес. Мемлекет үшін экономикалық және стратегиялық маңызды салаларды біріктіретін ірі холдингтің басшысы. Оның жемқорлық күдігіне ілінуі – мемлекеттік басқару саласында сыбайлас жемқорлар аз емес екенін аңғартуы мүмкін.  

 «Самұрық-Қазына» мұнай-газдан бастап, теміржол, электр энергетикасы, атом өнеркәсібі мен телекоммуникацияға дейінгі бүкіл саланы қамтып жатқанын айттық. Қор құрамында «ҚазМұнайГаз», ҚТЖ, KEGOC, «Қазатомөнеркәсіп», Air Astana, «Қазақтелеком», «Қазпошта» компаниялары бар. «Самұрық-Қазынаға» қарайтын кез келген компанияның жұмысынан ақау шықса, ол бүкіл экономикаға әсер етеді. Ал Жақыпов осының бәріне жауап беретін тұлға. Егер оның кінәсі дәлелденсе, «қасқырға қой бақтырған» болып шықпаймыз ба?

Ұлттық компания мұндай келеңсіз оқиғаға неге тап болып отыр? Сарапшылар «Самұрық-Қазына» ел алдында ашық есеп бермей, тым жабық саясат жүргізетінін айтып жүр. Салдарынан азаматтар мемлекетке тиесілі стратегиялық кәсіпорындардың жұмысына бақылау жасай алмай отыр. Қордың қаржысын, келісімшарттарын, басшылық шешімдерін ешкім көре алмайды. 2022 жылы ел президенті қор мемлекеттік сатып алуды ашық жүргізбейтінін, үнемі біркөзден сатып алу тәртібін қолданатынын айтқан. Осындай жабық саясат мемлекет ішінде мемлекеттің пайда болуына жол ашқан болуы мүмкін. 

Жақыпов пен Отыншиевтің ұсталуы ҚТЖ акцияларын халықаралық биржаларға шығару жоспарына да кедергі болуы мүмкін. ҚТЖ акциялары 12 қарашада IPO-ға шығу үшін Гонконг биржасына құжаттардың кезекті топтамасы тапсырылған. Осындай маңызды сәтте компанияның тікелей басшысы Отыншиев, ҚТЖ-ға иелік ететін «Самұрық-Қазынаның» басшысы Жақыповтың ұсталуы компания имиджіне үлкен соққы болғалы тұр. 

48 жастағы Нұрлан Жақыпов «Самұрық-Қазына» тізгінін 2023 жылы сәуірде ұстаған. Оған дейін ұзақ жыл «Самұрық-Қазына» құрамына кіретін мемлекеттік кәсіпорындарда басшылық қызмет атқарды. Ірі саяси қызметте істеген емес. Ал Отыншиев ҚТЖ басшысы қызметіне биыл шілдеде ғана тағайындалған болатын. Ол да бұл қызметке дейін ұлттық компания құрамында түрлі қызметтер істеді. Яғни екеуінің еңбек жолы біршама ұқсайды. Оның үстіне екеуі де «Мәскеу көрген», Ресейде білім алған мамандар. 

Басшылары ұсталған «Самұрық-Қазына» мен ҚТЖ іркес-тіркес мәлімдеме жасап, қалыпты жағдайда жұмыс істеп жатқанын хабарлады. «Өз міндеттемелеріміздің өзгеріссіз қалатынын және барлық серіктеспен ұзақ мерзімді ынтымақтастықты жалғастыруға ниетті екенімізді растаймыз», деп жазды «Самұрық-Қазына» АҚ. Мекеме ресми мәлімдемесінде Жақыпов жайлы бір ауыз сөз айтпаған. 

Айтпақшы, 16 қараша күні Тоқаев ҰҚК төрағасы Ермек Сағымбаевты қызметінен босатып, оның орнына Марат Ирменовті тағайындады. Президент Сағымбаевты 13 қарашада ғана жеке қабылдап, жұмысты жандандыру жөнінде тапсырма берген. Арада 3 күн өтпей жатып, орнынан алып тастады. 

Кейін бұл кадрлық ауыс-түйіске «аспаннан доллар жауған» оқиғасының қатысы бар екені белгілі болды. Президенттің кеңесшісі әрі баспасөз хатшысы Айбек Смадияр telegram-арнасында «Сағымбаевты қызметтен босату туралы шешім қабылдағанда президент жемқорлық оқиғасына қатысы бар лауазымды тұлғаларды ұстау жағдайын ескергенін» хабарлады. Оның айтуынша, Тоқаев күштік құрылым қызметкерлері қателік жіберді деп тапқан. Сол үшін ішкі істер министрі Ержан Сәденовке қызметтік ескерту жариялған.

ҰҚК-нің жаңа төрағасы Марат Ирменовке қатысты бір қызық дерек бар. Ол қай өңірде шу шықса, сонда барып, ҰҚК департаментін басқарады. Мысалы, 2016 жылы маусымда Ақтөбеде қарулы теракті болды. Шілдеде Ирменов Ақтөбе облыстық ҰҚК департаментіне басшы болып барды. 2020 жылы ақпанда Қордай ауданында жергілікті қазақ және дүнген ұлты өкілдерінің арасында қақтығыс болғаны естеріңізде шығар, осыдан кейін өңірлік ҰҚК департаментінің тізгінін Ирменов ұстады. Ал 2022 жылғы Қаңтар оқиғасынан кейін Марат Ғатаұллаұлы Алматы қалалық департамент басшысы болды. Демек, оның Астанаға ауысуының астарында да осындай маңызды тапсырма жатқан болуы мүмкін.

Қуаныш Қаппас

Сайт Әкімшілігі