Домбыра күні: Дәстүр мен науқан
Шілденің алғашқы жексенбісі – Ұлттық домбыра күні. Қос ішегінен қазақтың өткені мен бүгіні өрілген қара домбыра – ұлттың мәңгілік мұрасы.
Ғасырлар қойнауынан жеткен қастерлі аспаптың тарихы 6 мың жылға жуықтайды деген ғылыми тұжырым бар. Оның көне үлгісінің Моңғолия аумағынан табылуы да осының айғағы. Ұлттық құндылықтың мәртебесін арттыру мақсатында 2018 жылы Қазақстанда Ұлттық домбыра күні бекітіліп, содан бері бұл мереке ел көлемінде аталып жүр.
Қазақ мәдениетінде күй өнері тұтас дәуірдің тынысын жеткізетін ерекше құбылыс саналған. Бір ғана күйдің бойынан ел тағдырын, табиғаттың мінезін, адамның жан дүниесін немесе белгілі бір тарихи кезеңнің ауыр салмағын сезінуге болады. Сондықтан қазақ күйлерін тек музыка ретінде ғана қабылдау жеткіліксіз сияқты. Шын мәнінде домбыра және күй өнері – ұлттық тарихи жадының көркем шежіресі. Бүгінде ресми деректер бойынша қазақтың күй қорында он мыңнан астам шығарма сақталған. Сол сан мыңдаған қазынаны құрайтын әр күйдің өз тарихы, өз тағдыры мен тек өзіне тән философиясы болады. Бүгінгідей еуропалық-советтік зерттеу методологиясымен домбыраны тек музыкалық аспап дегеннен әріге бара алмай жүргеніміз рас. Күй өнері мен дарынды күйшілердің де сан мың жылдық отаршыл саясаттан көп езгі көргені тағы бар. Сол үшін бе екен, әйтеуір, домбыра аспабына деген құрмет қоғамда бір күндік мерекемен, науқаншыл шаралармен шектеліп қалатындай көрінеді. Енді не істемек керек? Бұл туралы күйшілер Абдулхамит Райымбергенов пен Ержан Жәмеңкеевтен сұрап көрдік.
Абдулхамит Райымбергенов: Тыңдарман Мұхит пен Ақан серінің әніне қарағанда, «Балқияларды» құп көреді
Қазақ халқы тарихта зәулім архитектуралық үйлер салған жоқ. Бабаларымыз том-том кітап жазып қалдырған жоқ. Оның есесіне, мол ән-күй, жыр қалдырды. Негізі зәулім үйді қиратуға болады, кітапты өртеп жіберуге болады. Ал халықтың жадында тұрған асыл мұраны өшіру өте қиын.
Ұлттық күй өнеріндегі дәстүр мен мектептер бір-біріне мүлде ұқсамайды. Мысалы, Маңғыстаудағы күй өнерін басқа өңірдің мектебімен салыстыра алмаймыз, оның тілі, күй құрылысы, орындау тәсілі мүлде бөлек. Сондай-ақ Салауаткерей, Дәулеткерей, Әлікейлерімен танылған Орда мектебінің де өз дәстүрі мен басқасына ұқсамайтын түп-тамыры бар. Ал Қазанғаптың күйшілік мектебі мүлде басқаша. Сол секілді Жетісу, Арқа, Алтай-Тарбағатай мектептері де біріне-бірі ұқсамайтын бөлек арналар. Бұл қазақ халқының ой-өрісінің деңгейі әлдеқайда тереңде жатқанынан хабар береді. Себебі күйде тіл жоқ қой, бірін-бірі сөзсіз ұғынған. Балжанның Сүйінтөреге, Сүйінтөренің Балжанға күй арқылы жолдаған сәлемдемелері бар. Бұл ұлт ретіндегі өрісіміздің кең, зиятымыздың жоғары екенін айқындап тұр. Мысалы, Еуропада кеңінен танымал симфония, операны қарапайым халық ешқашан түсінген емес. Оны кімдер түсінді? Тек аристократтар, білімді адамдар түсінді. Ал біздің даламызда еңбектеген баладан еңкейген қарияға дейін таңды таңға жалғап, ән-күй тыңдады, соның мәнін түсінді, мағынасын ұғынды. Демек, біздің балаларымыз күйдің қасиетін түсінген, күй тартысып, домбыра арқылы дүниенің сырын тапқан. Ал қазір күйдің қасиетін шын ұғатындар азайып кетті, шын өнердің ауқымы тарылды. Бүгінгі тыңдарман Мұхит пен Ақан серінің әніне қарағанда, жеңіл-желпі «Балқияларды» құп көретін болды. Дарақы күлкі, жеңіл дүниеге әуес боп алдық. Бұл – бір жағы, екінші жағынан, бізде ұлттық идеология жоқ. Негізі бұған идеологиялық тұрғыдан насихаттап, көңіл бөлу керек.
Мен отыз жылдан бері бала тәрбиелеп, ұлттық өнерімізді жасөспірім бойына сіңіруге еңбек етіп келемін. Жалпы білім беретін мектепке музыка пәнінің мұғалімі болып 1987 жылы орналастым. Жұмысым үшін ақша да алғаным жоқ, эксперимент жасап көргім келді. Сол жылы мені мектептен қуып жіберді. Балалар мектеп дәлізіне шығып, ұлттық рухты көтеріп, күй тартқан, ұрандатқан ғой. Кейін Алматыдағы №159 мектепке Айгүл Төреқызы шақырып, сол жаққа бардым. Содан бері түрлі эксперимент жасап, қазақ мектептерінде оқитын балаларға домбыра үйрету әдістемесін жасап шықтым. «Мұрагер» бағдарламасы аясында түрлі оқулықтар шығарып, зерттеулер жүргіздік. Әр сыныпқа баланың жасына, қабілетіне қарай музыка пәнінің жоспарын жасадық. Қазір бұл бағдарлама республика бойынша маңызын жоғалтты, орнын шетелден келген жаңа бағдарлама басты. Жалпы білім беретін мектепте «домбыра үйрету әдістемесін енгіземін» деп республиканың 79 мектебіне бардым. Сонда Бірде Өскемен қаласына жолым түсті, сонда балалардың домбыраны ұстап жүруге ұялатынын байқадым. Ал қазір, қараңдаршы, кішкентай балаларымыз домбыраларын арқалап, мақтанышпен келе жатқан кез қандай әдемі.
Ержан Жәмеңкеев: Домбыраның жиырмадан астам түрі
Осыдан 15-20 жыл бұрын Ақселеу Сейдімбек қазақта бес мың күй барын жазса, кейінгі фольклористер күй саны жеті мыңға жуықтайтынын айтып жүр. Тіпті кейбір зерттеушілер он мыңға жуық күй тіркелгенін жазып жүр. Қазақта күй өнеріне арқау болған негізгі үш аспап бар. Олар – домбыра, қобыз және сыбызғы. Дегенмен бүгінде тек домбыра күнін атап өтеміз, болашақта мұның «шапағаты» басқа да аспаптарға тисе екен дейміз. Домбыра аспабы көршілес түркітілдес халықтардың біразында болғанымен, тек қазақ халқында ғана күй өнері мызғымай сақталып, халықпен біте қайнасып кеткен. Сол себепті де домбыра күнінің маңызы жыл сайын артпаса, кемімеуі тиіс. Себебі мерекенің маңызы артқан сайын домбыра өнері өміршең бола түспек. Сонымен қоса ұлттық аспаптың маңызын бір күнге байлап қоятын науқаншылдықтан да ада болғанымыз жөн.
Алаштың сан ғасырлық тарихы, бар болмысы – домбыраның бойында. «Нағыз қазақ қазақ емес, нағыз қазақ – домбыра» деп Қадыр ақын айтқандай, ұлттық аспаптың қоңыр үні естілгенде көңіл қуанып, рухың көтеріледі. Негізі домбыраның жиырмадан астам түрі бар. Бірақ оны көп адам біле бермейді. Аймақтық ерекшеліктерге байланысты олардың көлемі, шанағының пішіні, мойнының ұзындығы, перне саны мен үндік мүмкіндіктері әртүрлі. Мұндай алуандық қазақ даласының кеңдігін ғана емес, әр өңірде қалыптасқан өзіндік күйшілік дәстүрдің тереңдігін көрсетеді. Әрбір домбыра түрі белгілі бір орындаушылық мектептің ерекшелігін сақтап, ұлт мәдениетінің сан қырлы болмысын бүгінге жеткізген құнды жәдігер. Әдетте кәсіби ортада домбырашы дәстүрлі күйді ғана тартуы керек пе, әлде әлемдік классиканы да меңгеруі тиіс пе деген сұрақ жиі қозғалады. Дегенмен домбыра – күллі қазақтың төлқұжаты екенін ұмытпағанымыз жөн. Бүгінде шетел азаматтарының домбыраға қызығушылығы артып келе жатқанын да байқап жүрміз. Болашақта әлемдік музыка кеңістігінде домбыра мүмкіндігі көп заманауи аспап ретінде одан сайын таныла түсетініне сенімім мол. Домбыраның танымал болуына әртүрлі халықаралық фестиваль, конкурстардың өтуі септеседі. Сондай-ақ Ұлттық домбыра күнінің пайда болуы жастардың арасында қызығушылықты арттыра түсті. Бірақ әлі де жүйелі насихат керек-ақ. Мәселен, жыл сайын Абайдың мерейтойын өткізіп жатырмыз. Сондайда неге Абайдың домбырасын насихаттамасқа деген ой туады. Ахмет Байтұрсынұлының күйі табылып жатыр, Махамбеттің күйлері бар. Қай бір ақын, жыршылар, батырларды атап айтсақ, сол дәуір, тұлғамен байланысып жатқан күйлер көп. Міне, осының бәрін насихаттауымыз керек. Әр аймақ өзінің күй мектебімен қатар, домбыра үлгілерін де ұлттық домбыра күні аясында жұртшылық назарына ұсынса екен деген тілегім бар.
2023 жылы Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясындағы профессор Айгүл Үлкенбаеваның классы мен менің классым біріге отырып үлкен концерт өткіздік. Мұндай ауқымды концерттер әр оқу жылының соңында өтетіні әуелден бар дәстүр. Дегенмен концерттен бөлек осы домбырашыларды оқыту, оқу аяқтаған соң жұмысқа орналасу мәселесінде шешілмей жатқан түйін көп. Оркестрлер мен ансамбльдерге жаңа кадрлар қосылған, сол жаңа құраммен олар кемінде алдағы 10-15 жыл жұмыс істемек. Ал оқуды енді аяқтаған домбырашылар біраз уақыт жұмыссыз жүріп қалады. Осы мәселенің шешімін таппаққа әрі жоғары білім ошақтарынан түлеп ұшқан домбырашы моделі қандай болу керек деген сұраққа жауап беру үшін MODEL 2.1.5 жобасын іске асырдық. Жоба аясында түлектеріміз өзін-өзі жоғалтпай, домбыра өнерін жаңа жобалар жасау арқылы жүргізу, менеджмент, маркетинг құралдарын пайдаланып, дамыту мәселелерін қолға алады. Бұл жоба аясында біз Қазақстанның 15 қаласында концерттерімізді, шеберлік сағаттарымызды бердік.
Дайындаған Ақгүлім ЕРБОЛҚЫЗЫ