Қоғам

Домбыраға қатысты даулы мәлімдеме жасаған ақтөбелік 3,5 жылға сотталды

Ақтөбе қалалық соты әлеуметтік желіде ұлттық және діни сипаттағы араздықты қоздырды деп айыпталған 35 жастағы Азат Қонысқа қатысты үкім шығарды. Сот оны Қылмыстық кодекстің 174-бабының 1-бөлігі («Әлеуметтік, ұлттық, рулық, нәсілдік, таптық немесе діни алауыздықты қоздыру») бойынша кінәлі деп танып, 3 жыл 6 ай мерзімге бас бостандығынан айырды.

Фото: из открытых источников

Ол жазасын қауіпсіздігі орташа қылмыстық-атқару жүйесі мекемесінде өтейтін болады.

Мемлекеттік айыптаушының мәліметінше, сотталушы TikTok әлеуметтік желісіндегі тікелей эфир барысында қазақтың ұлттық аспабы – домбыраға қатысты қорлайтын пікір айтып, сондай-ақ Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы өкілдерін балағаттаған.

Прокуратура мұндай мәлімдемелер қоғамда діни және ұлттық алауыздықты қоздыруға бағытталғанын алға тартып, соттан 3 жыл 6 ай бас бостандығынан айыру жазасын тағайындауды сұраған.

Сот отырысында Азат Қоныс өзіне тағылған айыпты толық мойындап, жасаған әрекетіне өкінетінін айтты. Ол қазақ халқынан кешірім сұрап, бас бостандығынан айырмай, жазаны шектеумен алмастыруды өтінген. Алайда сот айыпталушыны кінәлі деп танып, оған нақты мерзімге бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады.

Еске салайық, бұған дейін әлеуметтік желіде тараған бейнежазбадан кейін құқық қорғау органдары оның жеке басын анықтап, күдіктіні ұстап, уақытша ұстау изоляторына қамаған болатын.

Сайт Әкімшілігі