Дубайда өмір бойына сотталған 22 жастағы қазақстандыққа бірнеше ауыр айып тағылған
Біріккен Араб Әмірліктерінде өмір бойына бас бостандығынан айырылған 22 жастағы Ернұр Алмаханға бірнеше ауыр қылмыс бойынша айып тағылған. Бұл туралы Қазақстан Сыртқы істер министрлігі мәлім етті.
Ведомствоның мәліметінше, Дубай соты 18 наурыз күні Қазақстан азаматын кінәлі деп танып, оған өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасын және ірі көлемде айыппұл тағайындаған.
Сыртқы істер министрлігінің дерегіне сәйкес, қылмыстық іс 2025 жылы қозғалған. Қазақстандық азаматқа адам ұрлау, заңсыз бас бостандығынан айыру, денсаулыққа ауыр зиян келтіру және адамның ар-намысы мен қадір-қасиетіне қол сұғу баптары бойынша айып тағылған.
Қазіргі уақытта сот үкіміне апелляциялық шағым берілген. Сондықтан шешім әлі заңды күшіне енген жоқ. Министрлік пен елшілік істі ерекше бақылауға алған
Бұған дейін сотталған жігіттің туыстары оның кінәсіз екеніне сенетіндерін айтқан.
Отбасының мәліметінше, ол 2024 жылдың күзінде табыс табу мақсатында БАӘ-ге барып, жүргізуші болып жұмыс істеген. Жас жігіттің анасы ұлы жалған айыптың құрбаны болуы мүмкін екенін мәлімдеді.