Кейіпкер

Дулат ТАСТЕКЕЙ, кәсіпкер: Тез байығысы келетіндердің көбейіп бара жатқаны алаңдатады

TAS Group компаниялар тобының негізін қалаушы, Assyltas қоғамдық қорының құрылтайшысы, меценат Дулат Тастекей – бүгінде тек табысты кәсіпкер ғана емес, ұлттық құндылықтарды қолдауға ерекше мән беріп жүрген азамат.

Фото: ашық дереккөз

Ол кәсібін қалай бастады, табысты бизнесмен ретінде қалыптасуына не ықпал етті және бұл жолда қандай қиындықтарды еңсерді? Біз бизнес пен ұлттық болмысты қатар алып жүруді басты ұстанымы санайтын кәсіпкермен сұхбат құрдық.

Бизнестің мақсаты – тек ақша табу емес

TAS GROUP-ты құрудағы басты мақсат қандай болды? Көпшілік бизнестегі табысты қаржымен өлшейді. Ал сіз үшін табысты кәсіп деген не? Капитал, ықпал, әлде қоғамға қызмет ететін миссия ма?

– Шынымды айтсам, TAS GROUP-ты құрғанда алдыма «үлкен компания құрамын» деген мақсат қойған жоқпын. Мен ең алдымен адамдарға керек болатын, қоғамға пайда әкелетін жүйе жасағым келді. Өйткені бизнестің негізгі мақсаты тек ақша табу емес, қоғамға құндылық өндіру деп есептеймін.

Бизнесті бастаған кезде ең қиын нәрсе белгісіздік болды. Жалақысы тұрақты жұмысты тастап, өз ісіңді бастау оңай шешім емес. Ол кезде кепілдік жоқ, нақты нәтиже жоқ. Тек өзіңе деген сенім ғана бар. Бірақ кәсіпкерлік дегеннің өзі тәуекел мен жауапкершіліктің арасындағы тепе-теңдік қой.

Уақыт өте келе бір нәрсені анық түсіндім. Ақша – мақсат емес, нәтиже. Егер сен дұрыс құндылықтарға сүйеніп жұмыс істесең, адамдарға пайдаңды тигізсең, қаржы да келеді. Ал ықпал мен миссияның маңызы одан да жоғары. Өйткені сен құрған компания сен жоқ кезде де қоғамға қызмет ете алуы керек.

Мәселен, 2026 жылдың сәуіріндегі дерек бойынша TAS GROUP капиталы 100 млрд теңгеден асты. Компанияда 600-ден астам қызметкер жұмыс істейді. Ал оның құрылымы бірнеше бағытты біріктіретін fintech-экожүйеге айналған. Компанияның даму жолына көз жүгіртсек, өсімнің ауқымы айқын көрінеді. 2010 жылы небәрі 1,7 млн теңгемен бастаған бизнес 2023 жылы 50 млрд теңгелік несие портфеліне жетті. Мұндай нәтиже кездейсоқ емес. Оның артында өнім мен стратегиямен қатар, адамдарға негізделген басқару философиясы тұр. Егер қызметкерлер компания құндылықтарын ұстанбаса, ең мінсіз стратегияның өзі жүзеге аспайды.

Фото: ашық дереккөз

– Кәсіпкер ретінде бүгінгі Қазақстанда бизнес жүргізудің ең күрделі тұсы неде деп санайсыз? Ел экономикасының келешегіне қатысты сізді көбірек алаңдататын әрі үміт сыйлайтын қандай үрдістер бар?

– Қазақстанда кәсіп жүргізудің ең қиын тұсы – тұрақтылық пен болжамдылық мәселесі. Бизнес нақты ережелерді жақсы көреді. Кәсіпкер ертең не болатынын шамамен болжай алуы керек. Кейде нарықтағы немесе реттеуші ортадағы өзгерістер жоспар құруды қиындатады.Соған қарамастан, мен Қазақстанның болашағына сенемін. Себебі бізде өте талантты жастар көп. Қазір 20-25 жастағы буынның ойлау қабілеті мүлде басқа. Олар әлемдік нарықты көреді, технологияны меңгерген, тіл біледі, тәуекелден ешқашан қорықпайды. Сол сияқты біздің орта олардың жан-жақты дамуына мүмкіндік береді. Мұнда кәсіби тәжірибемен қатар білім алу, халықаралық сапарлар, түрлі жаһандық шараларға қатысу мүмкіндігі бар. Бейімдеу процесі де тек қағаз жүзіндегі рәсім емес. Жаңа қыз­меткер компания мәдениетіне жүйелі түрде еніп, бейімделуі үшін HR-команда жан-жақты қолдау көрсетеді. Мұндағы мақсат – тек ақпарат беру емес, адамның ортаға тез сіңісіп, бизнестің ішкі жүйесін түсінуіне көмектесу.

Білім алып, даму үшін қызметкерлердің оқуына қаржы бөлінеді. Белгілі шарттар сақталған жағдайда Гарвард университетінде білім алу мүмкіндігі бар. Сонымен қатар қазақ және ағылшын тілдерін үйренуге жағдай жасалған.

Көкжиекті кеңейту, ынталандыру бағдарламалары аясында қызметкерлер Финляндия, БАӘ, Мысыр, Вьетнам секілді елдерге барып келді.

Ал мені алаңдататыны – кейде қоғамда тез байып кету ұғымының күшеюі. Әлеуметтік желілерде бәрі оңай көрінеді. Бірақ шынайы табыс әрқашан еңбекпен, тәртіппен және біліммен келеді. Мен жастарға үнемі «Қысқа жол іздемеңдер, ұзақ жолдың нәтижесі әлдеқайда тұрақты болады» деп айтамын.

– Қазір жасанды интеллект пен цифрлық технологиялар қаржы секторын түбегейлі өзгертіп жатыр. Бұл өзгерістермүмкіндікке жол аша ма, әлде жаңа тәуекелдерді күшейте ме?

Өз басым мұны ең алдымен мүмкіндік деп қараймын. Біз тарихи тұрғыдан өте қызық кезеңде өмір сүріп жатырмыз. Бұрын бірнеше күн немесе апта алатын процестер қазір бірнеше минутта орындалады. Бұл қаржы секторын ғана емес, жалпы экономиканы өзгертеді.Әрине, тәуекел де бар. Кейбір мамандықтар өзгереді, кейбір дағдылардың маңызы төмендейді. Бірақ адамзат тарихында әр технологиялық төңкерістің соңы осылай болған.

Ал жасанды интеллект – қазіргі таңдағы әлемдік трендке айналып, өмірдің барлық саласына жылдам еніп жатыр. Бірақ әлемдік деңгейде алғанда біздің елдегі ЖИ қолдану көлемі cалыстырмалы түрде әлдеқайда төмен. Әрине, бұл бір күнде жүзеге асатын дүние емес. Сондықтан әркім өз тарапынан қолынан келгенше жаңалыққа құштар жастардың озық технологиялармен таныс болуына үлес қосуы маңызды. Менің ойымша, болашақта ең табысты компаниялар жасанды интеллектіні енгізген компаниялар емес, технологияны адам игілігіне дұрыс пайдалана алған компаниялар болады. Сенім, этика және жауапкершілік технология дәуірінде бұрынғыдан да маңызды болмақ. Компанияда 70-тен астам IT-маман жұмыс істейді. Ал тәжірибе алмасу үшін TAS IT Fest сияқты ішкі шаралар ұйымдастырылған. Дәл осы команда Қазақстанда алғашқылардың бірі болып автокөлік кепілімен онлайн несие беру қызметін іске қосты.

Осы тұрғыда компания Assyl AI жобасын қолға алғанын білеміз. Бұл идея қалай пайда болды?

Гарвард университетінде оқып жүрген кезде Бос­тондағы қазақ азаматтарымен жиі бас қосып, пікір алмастық. Сонда «Ауылдағы қазақ мектептеріндегі балалар ЖИ қолдана ала ма?» деген сұрақты талқыладық. Өйткені ЖИ платформаларында қазақ тілі жақсырақ қамтылса, қазақша сөйлейтін азаматтардың осы технологияларды өз өмірінде қолдануына көбірек мүмкіндік туады. Ал қазақ тіліндегі контент, мәліметтер базасы жеткіліксіз болса, қазақтілді азаматтардың әлемдік технологиялық бәсекеде артта қалатыны түсінікті. Сөйтіп, «Assyltas» қоры аясында Assyl AI деген атау алған жобаны Абай облысында сынақ форматында бастадық. Жастарды ЖИ бойынша оқытып қана қоймай, алған білімдері негізінде олардың жаңа бастамалар көтеріп, стартаптар жасауына серпін беру және оларды хакатон сияқты алаңдарда басқаларға таныстыруды мақсат еттік. Бәлкім, сондай алаңдарда стартаптар инвестор тартып, өз өміршеңдігін көрсетсе, бұл инновациялық прогреске де қосқан үлесіміз болар еді. Егер алғашқыда ойымыз ЖИ «иісін» қазақ жастарына таныту ғана болса, қазір бұл жоба қарқынды жүзеге асуда. Басқа азаматтар осы бастаманы қолдап, өз облыстарында дамытқысы келсе, эстафетаны оларға ұсынуға даярмыз.

Фото: ашық дереккөз

Мықты бизнес ұлттық тамырдан қуат алуы керек

– Қазақстандағы микроқаржы ұйымдарына қатысты қоғамда әртүрлі пікір қалыптасқан. Сіздіңше, бұл көзқарасты өзгерту үшін қарыз мәдениеті мен қаржылық жауапкершілік мәселесінде негізгі жауапкершілік кімге жүктеледі? Қаржы ұйымдарына ма, әлде қарыз алушының өзіне ме?

– Бұл пікірдің қалыптасуына белгілі бір себептер болды. Кейбір ұйымдардың әрекеті бүкіл нарыққа көлеңке түсірген жағдайлар кездесті. Бірақ барлық микроқаржы ұйымдарын бірдей бағалау дұрыс емес. Микроқаржының басты мақсаты – адамға мүмкіндік беру. Кейбір кәсіпкерлер үшін немесе қиын жағдайда қалған азаматтар үшін шағын қаржыландыру жаңа мүмкіндікке жол ашады.

Ал қарыз мәдениетіне келсек, бізде қаржылық сауат мәселесі әлі де өзекті. Несие алу – ұят емес, бірақ оны жауапкершілікпен пайдалану маңызды. Адам өзінің кірісі мен шығысын есептеп үйренуі керек. Қарыз эмоциямен емес, есеппен алынуы қажет. Сондай-ақ қаржы ұйымдарының да жауапкершілігі бар. Клиенттің жағдайын түсінбей, тек пайдаға жұмыс істеу ұзақ мерзімді нәтиже бермейді.

– Адалдық пен сенім құндылықтарын жиі айтасыз. Бәсеке мен мүдде қатар жүретін бизнес әлемінде осы қағидаттарға берік болу қаншалықты қиын?

– Өте қиын. Бірақ ең маңыздысы да осы. Өмірден түйгенім – ақша жоғалса, оны қайта табуға болады. Компания жабылып қалса да, жаңасын ашуға болады. Бірақ сенім жоғалса, оны қалпына келтіру өте қиын. Бүгінгі әлемде адамдар өнімнен бұрын компанияның беделіне қарайды. Сондықтан біз үшін сенім – негізгі капитал. Кейде қысқа мерзімде пайда әкелетін шешімдер болады. Бірақ олар сенімге зиян келтіруі мүмкін. Ондай жағдайда біз әрқашан ұзақ мерзімді жолды таңдауға тырысамыз.

– Бизнес пен ұлттық құндылықтарды қатар алып жүру мәселесіне ерекше мән беретін кәсіпкер ретінде қазақ тілі мен ұлттық болмыстың кәсіпкерлік ортадағы орны қандай болуы керек?

– Өз басым ешқашан бизнесті ұлттық болмыстан бөлек қараған емеспін. Керісінше, мықты бизнес ұлттық тамырдан қуат алуы керек деп есептеймін.Қазақ тілі – жай ғана коммуникация құралы емес. Ол біздің дүниетанымымыз, ойлау жүйеміз, мәдени кодымыз.Бір кезде қазақша сөйлеуге қысылатын кезең болды. Бүгінгі жастардың қазақша еркін сөйлеп жүргенін көргенде ерекше қуанамын. Бұл – үлкен өзгеріс.

«Қазақша сөйле» акциясын бастағанда біздің мақсатымыз ешкімге талап қою емес еді. Біз қазақ тілінің заманауи, сәнді, бәсекеге қабілетті тіл екенін көрсеткіміз келді. Бүгін сол үрдістің қалыптасып келе жатқанын көріп отырмыз. Сондықтан қазақ тілінің болашағына сенемін. Өйткені нарықтың өзі соған қарай өзгеріп жатыр. Қазақ тіліндегі сапалы контентке, қызметке, қаржылық өнімдерге сұраныс жыл сайын артып келеді. Ұлттық болмыс пен бизнесті қатар алып жүрудің формуласы өте қарапайым деп ойлаймын. Әлемге ашық болу керек, бірақ өзіңнің кім екеніңді ұмытпаған жөн. Гарвардқа барсаң да, Стэнфордта оқысаң да, туған тілің мен мәдениетіңнен ұялмауың керек. Керісінше, ол сенің артықшылығыңа айналуы тиіс.

– Кәсіпкердің қоғам алдындағы жауапкершілігі туралы жиі айтылады. Сіздіңше, табысты адамның қоғамға берері қандай болуы керек және меценаттық пен қайырымдылықтың ара-жігін қалай ажыратасыз?

– Меніңше, табысты адамның қоғамға берері тек ақша емес. Кейде бір мүмкіндік, бір стипендия, бір қолдау адамның бүкіл өмірін өзгертіп жібереді.

Ал қайырымдылық пен меценаттықтың айырмашылығы бар. Қайырымдылық көбіне бүгінгі мәселені шешеді. Ал меценаттық ертеңгі күнге инвестиция жасайды. Мәдениетке, ғылымға, білімге, спортқа қолдау көрсету арқылы біз болашақ буынға жағдай жасаймыз. Мен үшін ASSYLTAS жобаларының мәні де осында. Өйткені мемлекет бәрін жалғыз өзі істей алмайды. Қоғамның дамуына кәсіпкерлер де үлес қосуы керек.

– Сіз өз қаражаты есебіңізден жыл сайын «Туған жерге туыңды тік» жобасы аясында ірі мәдени іс-шаралар өткізуді дәстүрге айналдырып келесіз. Осы тұрғыда TAS Group табысының басым бөлігі қазақ мәдениеті мен қазақ тілін дамытуға және сақтауға бағытталған іс-шараларға жұмсалады. Одан бөлек, қазақтың айтыс өнерін дәріптеуге арналған «Асыл домбыра» байқауы, дарынды спортшыларға, журналистерге, жазушыларға және ғалымдарға тағайындайтын ASSYLTAS стипендиясы бар. Былтыр осы төңіректе біраз дау туындағаны да есте. Кейде жақсылық жасаймын деп, бармақ тістейтін сәттер бола ма?

– Қоғамда әртүрлі пікірдің болуы қалыпты нәрсе. Мен сыннан қорықпаймын. Керісінше, пікірталас қоғамның тірі екенін көрсетеді.Ең бастысы – ниет пен нәтиже. «Туған жерге туыңды тік» бастамасы арқылы біз адамдардың туған жермен байланысын күшейткіміз келеді. ASSYLTAS стипендиясы арқылы талантты жастарды қолдаймыз. Бүгін қолдау көрген жас – ертең елге қызмет ететін азаматқа айналуы мүмкін.

Қазақ мәдениетіне, тіліне, өнеріне жұмсалған қаржы босқа кеткен инвестиция емес. Руханият пен мәдениет халықтың рухы мен жанының айнасы. Өнері озық елдің өрісі кең болатынына мен сенемін. Бұл жай ғана ғапыл сенім емес. Әлемдік тәжірибеде алдыға озған мемлекеттердің өзінің әдебиетіне, мәдениетіне, руханиятына қандай көңіл бөліп жүргенін көргеннен кейін айтып отырмын. Сондықтан адами капиталды дамытуға әуелі мәдениет, әдебиет пен руханият серпін береді. Біз осы жолда жұмыс істеп, қолдан келгенше қолдап жатырмыз.

Фото: ашық дереккөз

«Асыл бесік – Ақсуат» – мен үшін ерекше жоба

6 маусымда Ақсуат ауданында ауқымды «Асыл бесік – Ақсуат 2026» атты жыл сайынғы дәстүрлі республикалық спорт және өнер фестивалі өтеді екен. Осындай ауқымды шаралар ұйымдастыру азаматтық миссия ма, туған жерге тағзым ба?

– Бұл фестиваль мен үшін ерекше жоба. Өйткені оның негізінде туған жерге деген құрмет жатыр. Жалпы, 10 жылдан астам ауыл түрғындарына осындай фестиваль аясында үлкен той жасап келеміз.

«Асыл бесік – Ақсуат» фестивалі жаңа форматта биыл үшінші рет өтеді. Осы жылдардың ішінде ол республикалық деңгейдегі маңызды мәдени-спорттық жобаға айналды. 2024 жылы фестиваль алғаш рет жаңа форматта өтті. Сол кезде ұйымдастырылған 135 шақырымдық ASSYL TULPAR аламан бәйгесі Қазақстандағы ең ұзақ бәйгелердің бірі ретінде рекордтар кітабына енді. Кейін ASSYL ARLAN турнирі, республикалық айтыс, театр қойылымдары ұйымдастырылды.

2025 жылы фестиваль Абай Құнанбайұлының 180 жылдығына арналды. ASSYL ARLAN турниріне еліміздің түкпір-түкпірінен 42 балуан қатысып, ASSYL TULPAR бәйгесіне 122 сәйгүлік қосылды. Биыл бағдарлама бұрынғыдан да кеңейе түседі. Қазақ күресі, бәйге, аударыспақ, тоғызқұмалақ, театр қойылымдары мен гала-концерт өтеді.

Бұл шаралардың басты нәтижесі көрермен санында емес. Ең маңыздысы – адамдардың туған жерге қайта оралуы, жастардың ұлттық құндылықтарға жақындауы, ауыл өмірінің жандануы. Ұлттың болашағы тек экономикамен өлшенбейді. Оның рухани капиталы да болуы керек. Сондықтан бұл фестивальді мен туған жерге деген құрметтің және ұлттық мұраға деген жауапкершіліктің көрінісі деп қабылдаймын.

Әлемдік бизнес мектептерінде алған білім мен тәжірибе бизнеске, көшбасшылыққа және өмірлік құндылықтарға деген көзқарасыңызды қалай өзгертті?

– Гарвардта, Стэнфордта және басқа бизнес мектептерінде оқыған кезде мені таңғалдырған нәрсе – адамға тек білім беріп қана қоймай, ойлау жүйесін өзгертетіні. Сол жерде үлкен компаниялардың табысы тек қаржыға байланысты емес екенін түсіндім. Компанияны ұстап тұрған – мәдениет, құндылық және көшбасшылық.

Тағы бір маңызды сабақ – әлемдік деңгейде ойлау. Қазақстанда жүріп-ақ халықаралық деңгейдегі жобалар жасауға болады. Біз кейде өз әлеуетімізді өзіміз шектеп қоямыз. Сол сапарлардан кейін туған елге бұрынғыдан да үлкен жауапкершілікпен қарай бастадым.

– Кәсіпкерлік жолда тәжірибе маңызды ма, әлде білім бе? Сізді үнемі алға жетелейтін ішкі мотивация не?

– Екеуін бір-бірінен бөліп қарауға болмайды. Білім тәжірибесіз нәтиже бермейді, ал тәжірибе білімсіз белгілі бір деңгейде тоқтап қалады. Әлі күнге дейін оқимын, үйренемін, жаңа адамдармен сөйлесемін. Өйткені әлем өте жылдам өзгеріп жатыр. Мені алға жетелейтін нәрсе – даму. «Кеше қандай болдым, бүгін қандаймын, ертең қандай боламын?» деген сұрақтар үнемі қозғалыста ұстайды.

– Алматы қаласы мәслихатының депутатысыз. Бұл сіз үшін саясатқа жасалған алғашқы қадам емес пе? Алда Құрылтай сайлауы науқанына қатысып, саяси мансапты кеңейту, жоғары деңгейдегі мемлекеттік қызметтерге келу жоспарыңызда жоқ па?

– Мәслихаттағы жұмысымды мен саясаттан бұрын азаматтық жауапкершілік деп қабылдаймын.Егер қалада тұрып, оның мәселелерін көріп жүрсең, шетте қалып қою дұрыс емес деп ойлаймын. Сондықтан қоғамдық жұмысқа араласу – табиғи заңдылық. Ал қандай да бір лауазымға ұмтылу туралы ешқашан мақсат болған емес. Мен үшін ең маңыздысы – нақты нәтиже. Қандай қызметте болсаң да, еліңе, қоғамыңа пайдаң тиюі керек. Егер сондай мүмкіндік туса, мен үшін қызметтің атауының аса маңызы жоқ.

Сұхбаттасқан

Динара Мыңжасарқызы

Сайт Әкімшілігі