E-Joldar: Қазақстан жол инфрақұрылымын цифрландыру жобасының маңызы мен мүмкіндіктері
Соңғы жылдары Қазақстанда көлік инфрақұрылымын жаңарту, транзиттік мүмкіндіктерді кеңейту және халықаралық көлік дәліздерін дамытуға басымдық беріп келеді.
Қазақстан Еуропа мен Азия арасындағы маңызды транзиттік аймақ саналады. Ел «Шығыс – Батыс» және «Солтүстік – Оңтүстік» бағыттарындағы халықаралық дәліздерді, сондай-ақ Trans‑Caspian International Transport Route деп аталатын Транскаспий бағытын дамытуға ерекше назар аударып отыр.
Бұл бағыттар арқылы Қазақстан Еуразия құрлығындағы логистикалық байланысты күшейтуді көздейді. Осыған байланысты биылдан бастап жол инфрақұрылымын басқаруды цифрландыруға бағытталған E-Joldar бірыңғай платформасын енгізу жоспарланып отыр. Көлік министрі Марат Қарабаев бұл жүйе елдегі жол саласын басқаруды жаңартудың негізгі құралдарының біріне айналатынын мәлімдеді. Жоба қолданыстағы цифрлық шешімдерді біріктіріп, халықаралық магистральдардан бастап аудандық жолдарға дейінгі барлық санаттағы жолдар туралы деректерді орталықтандырылған түрде жинау, есепке алу және талдауды автоматтандыруды көздейді. Платформаны 2026 жылдың бірінші жартысында іске қосу жоспарланып отыр.
E-Joldar жүйесінің басты міндеттерінің бірі – жол саласындағы басқару процестерінің ашықтығын арттыру және инфрақұрылымның жай-күйіне тиімді бақылау орнату. Платформа арқылы жолдардың техникалық жағдайы, қозғалыс қарқындылығы, жөндеу жұмыстары және пайдалану көрсеткіштері туралы деректер бір ортада жинақталады. Бұл ақпарат жергілікті атқарушы органдарға, жол қызметтеріне және салалық мамандарға жолдарды күтіп-ұстау мен жоспарлауды тиімді ұйымдастыруға мүмкіндік береді. Сонымен қатар жаңа жүйе жол пайдаланушылары, жергілікті билік және инфрақұрылымға жауапты ұйымдар арасындағы өзара байланысты күшейтуге көмектеседі.
Ресми мәліметтер бойынша, 2025 жылдың қорытындысында Қазақстан арқылы өтетін транзиттік тасымал көлемі 36,9 млн тоннаға жеткен. Бұл көрсеткіш 2024 жылмен салыстырғанда шамамен 6,6 пайызға жоғары. Сарапшылар мұндай өсімді автомобиль, теміржол, әуе және теңіз көлігін кешенді дамыту, сондай-ақ халықаралық логистикалық ынтымақтастықты кеңейтумен байланыстырады.
Соңғы жылдары елде автожол желісін жаңғырту жұмыстары да қарқын алған. 2025 жылы құрылыс және жөндеу жұмыстары 13 мың шақырым автожолды қамтыған. Соның нәтижесінде республикалық маңызы бар жолдардың 94 пайызы техникалық нормативтік талаптарға сәйкес жағдайға жеткізілгені хабарланды. Сонымен қатар ішкі шекарадағы өткізу пункттерін жаңғырту жұмыстары жүргізілуде. 2027 жылдың соңына дейін 37 өткізу пунктін модернизациялау жоспарланған. Бұл шаралар көлік ағындарын жеңілдетуге және транзиттік өткізу қабілетін арттыруға бағытталған.
Жол саласын цифрландыру E-Joldar жобасымен ғана шектелмейді. Жолдардың цифрлық паспорттарын қалыптастыру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Мұндай деректер базасы жолдың техникалық жағдайы, жүктеме деңгейі және пайдалану параметрлері туралы толық ақпарат жинауға мүмкіндік береді. Бұдан бөлек, жолдардың жағдайын бақылауда жасанды интеллект технологиялары қолданылуда. Арнайы жүйелер жол төсемінің сапасын талдап, зақымдану белгілерін анықтауға көмектеседі. Сондай-ақ жолдарды сақтау мақсатында автоматтандырылған салмақ өлшеу стансалары орнатылып, қазіргі таңда 71 станса жұмыс істеп тұр. Болашақта олардың саны 220-ға дейін жетуі тиіс.
Сарапшылардың пікірінше, E-Joldar платформасының енгізілуі жол саласындағы деректердің толықтығын арттырып, инфрақұрылымды басқару процесін жүйелеуге мүмкіндік береді. Цифрландыру инфрақұрылым жобаларының ашықтығын арттырып, бюджет қаражатының жұмсалуын бақылауға және жол сапасына қатысты қоғамдық бақылауды күшейтуге ықпал ете алады. Егер жоспар жүзеге асса, бұл платформа Қазақстандағы жол инфрақұрылымын басқарудың жаңа кезеңін қалыптастыратын көлік инфрақұрылымын жаңғыртуға бағытталған кеңірек реформалардың бір бөлігіне айналуы мүмкін.
Қосқанат Бауыржан