Егемен елдің қорғаныс қабілеті қандай болуы керек?
Тәуелсіздікті сақтау – мемлекеттің басты міндеті. Қазіргі әлемдегі геосаяси жағдай әр елді қауіпсіздік мәселесіне байыппен қарауға мәжбүрлеп отыр.
Бір аймақтағы әскери қақтығыс екінші елдің экономикасына, шекара қауіпсіздігіне және ішкі тұрақтылығына әсер етуі мүмкін. Сондықтан Қазақстан үшін де қорғаныс саласын дамыту, әскердің дайындығын күшейту және елдің қауіпсіздігіне қажетті жағдай жасау маңызды.
Қазір соғыс тәсілдері бұрынғыдан өзгерек. Қарулы қақтығыстарда ұшқышсыз аппараттар, заманауи байланыс құралдары мен ақпараттық технологиялар кеңінен қолданылады. Әскердің әрекетін алдын ала жоспарлау, жағдайға жылдам баға беру және қысқа уақытта шешім қабылдау қажет. Мұндай жағдайда Қазақстан армиясы да заман талабына бейімделіп, жаңа технологияларды игеруі керек.
Соңғы уақытта елімізде әскери саланы жаңарту мәселесі қайта қарала бастады. 2026 жылы Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қарулы күштерге кешенді реформа жүргізу жөнінде тапсырма берді. Бұл бастама әскерді басқару тәртібін, әскери даярлықты және кадр саясатын жетілдіре түсіруге бағытталған. Мұның өзі қорғаныс саласында бұрыннан қордаланған мәселелерді жүйелі түрде шешу қажеттігін көрсетеді.
Дегенмен, армияны күшейту үшін жаңа техника сатып алу жеткіліксіз. Оны меңгеретін білікті маман, нақты міндетті орындай алатын дайын бөлімше және жауапкершілікті сезінетін командир қажет. Әскери оқу орындарында білім беру сапасын көтеріп, сарбаздардың кәсіби машығын жетілдіруге басымдық берген жөн. Қарулы күштердегі әрбір шешім нақты жағдайға және елдің қорғаныс қажеттілігіне сай қабылдануы тиіс. Әскердің жағдайы туралы сөз еткенде, сарбаздардың қауіпсіздігі де назардан тыс қалмауы керек. Маңғыстау облысындағы оқу-жаттығу кезінде 14 әскери қызметшінің қаза табуы қоғамға ауыр тиді. Бұл оқиға әскери дайындықты ұйымдастыруда жауапкершілік пен қауіпсіздік талаптарының қаншалықты маңызды екенін көрсетті.
Ата-ана баласын әскерге жібергенде оның амандығына алаңдамауы керек. Сарбаздың өмірі мен денсаулығы үшін әскери бөлім басшылығы жауап береді. Сондықтан әлімжеттікке, немқұрайдылыққа және тәртіп бұзуға жол бермеу қажет. Әскери қызметшілердің құқығын қорғайтын тетіктерді күшейту, тұрмыстық жағдайын жақсарту жөніндегі жаңа бастамалар да осы мақсатқа қызмет етуі тиіс. Өйткені өз сарбазына жағдай жасай алмаған армиядан жоғары тәртіп талап ету қиын.
Қорғаныс саласындағы тағы бір маңызды мәселе – отандық өндіріс. Әскери техника мен жабдықтың басым бөлігін шетелден сатып алу белгілі бір тәуелділік туғызады. Халықаралық жағдай күрделенген кезде қажетті құралды жеткізу немесе жөндеу қиындыққа айналуы мүмкін. Сондықтан елімізде әскери мақсаттағы өнімдерді шығару, қолда бар техниканы жаңарту және жөндеу мүмкіндігін арттыру қажет. Бұл бағытта отандық кәсіпорындардың әлеуетін пайдаланып, инженерлер мен техникалық мамандар даярлауға көңіл бөлген дұрыс. Әсіресе байланыс құралдары, бақылау жүйелері мен ұшқышсыз аппараттарға қатысты технологияларды дамыту маңызды. Мұндай өндіріс қорғанысқа қажеттілікті өтеумен қатар, ғылым мен экономиканың дамуына да ықпал етеді. Алайда бөлінген қаржының қайтарымы нақты өнім мен сапалы жабдықтан көрінуі керек.
Қазір қауіптің тағы бір түрі – кибершабуылдар. Мемлекеттік мекемелердің, энергетика мен байланыс жүйелерінің жұмысына сырттан араласу елдің қалыпты тіршілігіне кедергі келтіруі мүмкін. Сондықтан ақпараттық қауіпсіздікке де қорғаныс саясатының маңызды бөлігі ретінде қараған жөн. Маңызды нысандардың қорғалуын күшейтіп, төтенше жағдай кезінде жедел әрекет ететін мамандар даярлау қажет.
Ел қауіпсіздігіне қоғамның да қатысы бар. Жастарды отансүйгіштікке тәрбиелеу, алғашқы әскери дайындықты жақсарту, төтенше жағдай кезінде дұрыс әрекет етуге үйрету – пайдалы бастамалар. Бірақ патриотизм тек сөзбен қалыптаспайды. Жас азамат елін қорғауға дайын болуы үшін алдымен армиядағы тәртіпке, әділдікке және әскери қызметтің қауіпсіздігіне сенуі керек.
Еліміз бейбіт ішкі жағдайдан бөлек, сырттағы саяси ахуалды да уыстан шығармау маңызды. Көрші мемлекеттермен тату қарым-қатынас орнатып, шекара мен су, сауда және қауіпсіздік мәселелерін өзара келіссөз нәтижесінде шешуге ұмтылу қажет. Сондай-ақ, кез келген жағдайға сақадай сай болу үшін өз қорғаныс мүмкіндігімізді де үнемі жетілдіріп отырған жөн.
Қорғаныс саласындағы реформалардың нәтижесі күнделікті жұмыстан көрінуі тиіс. Әскердің дайындығы жақсарып, сарбаздың құқығы қорғалып, отандық өндіріс дамыса, елдің қауіпсіздігі де нығаяды. Тәуелсіздік бізге өз болашағымызды өзіміз айқындауға мүмкіндік берді. Ендігі міндет – сол мүмкіндікті сақтап, мемлекеттің қорғаныс әлеуетін күшейту. Ол үшін кәсіби армиямен қатар, жауапты басқару мен ел алдындағы ортақ жауапкершілік қажет.