Егеубаевамен болған жол апаты: велосипедшінің адвокаты жаңа мәлімдеме жасады
Журналист Динара Егеубаева басқарған көлік қағып кеткен велосипедші Данияр Баянбаевтың адвокаты Бақыт Жарқынбеков жол апатына қатысты мәлімдеме жасады.
Оның айтуынша, әлеуметтік желілерде велосипедші апатты өзі әдейі ұйымдастырды деген ақпарат тараған. Адвокат бұл нұсқаны жоққа шығарып, оқиғаның нақты мән-жайына тергеу мен сот баға беруі керек екенін айтты.
«Адам әдейі көлікке соғылып, кейін бірнеше жері сынып, ауруханаға түскісі келді деу – абсурд. Ол камикадзе емес», – деді Жарқынбеков.
Адвокаттың мәліметінше, жол апатынан кейін Баянбаев ауыр жағдайда ауруханаға жеткізіліп, оған жабық бас-ми жарақаты, сүйек сынықтары және басқа да жарақаттар диагнозы қойылған.
Сонымен қатар жәбірленуші тарап Баянбаевтың жеке деректерінің жарияланғанына байланысты тиісті органдарға жүгінуге ниетті екенін мәлімдеді.
Еске салайық, жол апаты 31 шілдеде Алматыда болған. Динара Егеубаева басқарған көлік пен велосипедшінің соқтығысуынан Баянбаев ауыр жарақат алған.