Әлеумет

Екатеринбург маңында «Уралдронзавод» директоры мінген көлік жарылды

Ресейдегі «Уралдронзавод» кәсіпорнының бас директоры Владимир Ткачук Свердлов облысында Mercedes көлігінің жарылуы салдарынан ауыр жарақат алды.

Фото: ашық дереккөз

 Бұл туралы Associated Press агенттігі хабарлады.

Оқиға 5 тамыз күні Екатеринбург маңындағы Большой Исток кентінде болған. Ресейлік БАҚ-тың алдын ала мәліметінше, көлікте жарылғыш құрылғы іске қосылып, Mercedes толықтай жанып кеткен.

Mash Telegram-арнасының жазуынша, Ткачук көлікке мініп үлгермегенімен, ауыр жараланған. Ал көлікте болған жүргізуші-күзетші қаза тапқан.

Оқиға бойынша Ресей тергеу органдары адам өлтіруге оқталу бабы бойынша қылмыстық іс қозғады. Жарылыстың себептері мен оған қатысы бар адамдар әзірге жарияланған жоқ.

Владимир Ткачук Ресей армиясына арналған «Упырь» сериясындағы FPV-дрондарды шығаратын кәсіпорынды басқарады. Бұл дрондар Украинадағы соғыста әскери техника мен жеке құрамға қарсы қолданылып келеді. Сондай-ақ Ткачук «Повернутые на войне» қауымдастығын құруға қатысқан.

Бұл – бір апта ішінде Ресейдегі дрон өндіретін кәсіпорын басшысына жасалған екінші шабуыл. Бұған дейін, 29 шілдеге қараған түні Тула қаласында «Русская лаборатория воздушного транспорта» компаниясының директоры Андрей Черезовқа оқ атылған болатын. Ол ауруханаға жеткізіліп, адам өлтіруге оқталу фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалған. Компания Ресей әскеріне жеткізілетін «Овод» FPV-дрондарын шығарады.

Бұған дейін Мәскеу орталығындағы Balzi Rossi мейрамханасы маңында да жарылыс болып, БАҚ жарылғыш зат Ресей Әуе-ғарыш күштерінің бас қолбасшысы Александр Чайконың туған күніне арналған жабық шараға жеткізілмек болған болуы мүмкін деген ақпарат таратқан.

Сайт Әкімшілігі