Әлеумет

Екібастұзда мас адамдар дәрігерді есінен танғанша ұрған

Екібастұз қаласында науқастың мас күйдегі екі танысы қалалық аурухананың қабылдау бөлімінде медицина қызметкерлеріне шабуыл жасаған. Зардап шеккен дәрігерлер ауруханаға жатқызылып, күдіктілерді полиция ұстады.

Фото: скриншот

tengrinews.kz басылымының жазуынша, сәуірде жақ сүйегі жарақаттанған ер адам Екібастұз қалалық ауруханасының қабылдау бөліміне келген. Оның қасында екі танысы болған, үшеуі де мас күйде болған.

Тексеру кезінде травматолог дәрігер науқастың серіктерінен кабинеттен шығуды сұрайды. Алайда олардың бірі бұл талапты орындамай, агрессивті мінез танытып, балағат сөздер айтып, дәрігерлердің жұмысына кедергі келтірген.

Дәрігер бірнеше рет ескерту жасағанымен, жанжал күшейе түскен. Ер адамдардың бірі қабылдау бөлімінің есігін қатты итеріп, есік дәрігердің басына тиген. Травматолог тәртіп бұзғандарды сыртқа шығаруға тырысқанымен, олар қарсылық көрсеткен.

Әріптесін қорғауға тырысқан медбике де шабуылға ұшырап, жарақат алған.

Павлодар облыстық полиция департаменті медицина қызметкерлеріне күш қолдану фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалғанын хабарлады.

«Оқиға орнына жедел жеткен полиция қызметкерлері үш күдіктіні ұстады. Екеуі уақытша ұстау изоляторына қамалды, біреуі арнайы палатаға орналастырылып, полицияның бақылауында отыр», – деп мәлімдеді өңірлік ДП.

Оқиға бейнебақылау камераларына түсіп қалған. Кадрларда ер адамның дәрігерді құлатып, аурухана кіреберісінде соққыға жыққаны көрінеді.

Зардап шеккен медицина қызметкерлері түрлі жарақаттармен ауруханаға жатқызылды.

Еске сала кетейік, 2026 жылғы 7 наурыздан бастап Қазақстанда Қылмыстық кодекске енгізілген өзгерістер күшіне енді. Бұл өзгерістер медицина қызметкерлеріне қарсы күш қолдану мен қорқыту әрекеттері үшін жазаны күшейтуді көздейді.

Сайт Әкімшілігі