Оқиғалар

Экологиялық мәдениет пен қоғамдық тәртіпті сақтаудың маңызы

Елорданың Нұра ауданында «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясы мен «Заң мен тәртіп» қағидаты аясында профилактикалық рейд ұйымдастырылды.

Фото: из открытых источников

Шараның басты мақсаты – тұрғындар мен қала қонақтарының қоғамдық орындардағы тәртіпке деген жауапкершілігін арттырып, табиғатты аялау мәдениетін қалыптастыру. 

Рейдті Нұра ауданының әкімдігі ұйымдастырып, оған Астана қаласы полиция департаментінің Нұра аудандық полиция басқармасының қызметкерлері мен белсенді еріктілер қатысты. Іс-шара елорданың ең көп жиналатын демалыс орындарының бірі Орталық саябақта өтті.

Акцияның берері не?

Акция барысында мамандар мен еріктілер демалушыларға қоғамдық орындардың тазалығын сақтау, тұрмыстық қалдықтарды арнайы жәшіктерге тастау және қоршаған ортаға ұқыпты қараудың маңызын түсіндірді. Сонымен қатар тұрғындарға экологиялық мәдениет пен қоғамдық тәртіпті сақтауға үндейтін ақпараттық парақшалар таратылды.

Нұра аудандық полиция басқармасы қоғамдық тәртіп бөлімінің басшысы және орынбасары Азамат Әжібаев мұндай іс-шаралардың құқықтық және экологиялық сананы қатар қалыптастыруға ықпал ететінін айтты.

«Бүгінгі рейдтің негізгі мақсаты – қоғамдық тәртіппен қатар, экологиялық мәдениетті де нығайту. Әсіресе жаз мезгілінде саябақтарда демалушылардың табиғатқа ұқыпты қарап, айналаны ластамауына ерекше көңіл бөлдік. Түсіндіру жұмыстарының басым бөлігі жастарға арналды. Себебі экологиялық жауапкершілік пен заңға құрмет ең алдымен жас буынның бойында қалыптасуы тиіс», – дейді Азамат Әжібаев.

Тұрғындардың ойы

Шараға қатысқан елорда тұрғыны Әділет Омаров та мұндай бастамалардың қоғам үшін маңызы зор екенін атап өтті.

«Бүгін отбасымызбен табиғат аясында серуендеп жүрміз. Балаларымызға қоғамдық орындардағы тәртіпті сақтау мен табиғатты қорғаудың маңызын үнемі айтып отырамыз. «Таза Қазақстан» бастамасын әрдайым қолдаймын. Осындай игі жобалар арқылы қоғамда заңға құрмет артып, әр азамат қоршаған ортаға жанашырлықпен қарайтын болса, еліміздің келешегі де жарқын болады», – деді ол.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, «Таза Қазақстан» акциясы аясындағы мұндай профилактикалық іс-шаралар елордада тұрақты түрде өткізіліп келеді. Олар қала тазалығын сақтаумен қатар, тұрғындардың экологиялық жауапкершілігін күшейтіп, құқықтық мәдениетті қалыптастыруға және қоғамдық тәртіпті нығайтуға бағытталған.

Шараға қатысқан тағы бір елорда тұрғыны Айжан Сәрсенова мұндай рейдтердің тұрғындардың қоршаған ортаға деген көзқарасын өзгертуге ықпал ететінін айтты.

«Көпшілік тазалық мәселесін тек коммуналдық қызметтердің міндеті деп қабылдайды. Ал шын мәнінде, қаланың тазалығы – әр азаматтың мәдениеті мен жауапкершілігінің көрсеткіші. Осындай рейдтер адамдарға ескерту жасап қана қоймай, ой салады. Әсіресе балалар мен жастардың табиғатты қорғауды күнделікті өмір салтына айналдырғаны маңызды. Егер әркім өзінен бастаса, қаламыз әлдеқайда таза әрі жайлы болар еді», – деді ол.

Мақсат айқын

Профилактикалық рейдтің басты мақсаты – қоғамдық орындарда тазалық сақтау мәдениетін қалыптастырумен қатар, азаматтардың құқықтық және экологиялық жауапкершілігін арттыру. Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай іс-шаралар тұрғындардың қоршаған ортаға ұқыпты қарау дағдысын қалыптастырып, қоғамдық орындардағы құқық бұзушылықтардың алдын алуға бағытталған.

Сонымен қатар акция тұрғындарға табиғатты қорғау тек мемлекеттік органдардың ғана емес, әрбір азаматтың ортақ міндеті екенін түсіндіруді көздейді. Сондықтан рейд барысында тұрғындармен ашық әңгімелесіп, қоғамдық орындарды таза ұстау, қоқысты сұрыптап тастау, жасыл желекке ұқыпты қарау және қоғамдық тәртіпті сақтау жөнінде түсіндіру жұмыстары жүргізілді.

Ұйымдастырушылар мұндай акциялардың негізгі нәтижесі айыппұл салу емес, тұрғындардың санасын өзгерту екенін атап өтті. Өйткені экологиялық мәдениет пен заңға құрмет күнделікті өмірдің ажырамас бөлігіне айналғанда ғана қаланың тазалығы мен қоғамдық тәртіп тұрақты сақталады.

Сондай-ақ мұндай профилактикалық шаралар тұрғындар мен мемлекеттік органдар арасындағы өзара сенімді нығайтып, қоғамда ортақ жауапкершілік қағидатын қалыптастыруға ықпал етеді. Бұл – қауіпсіз, таза әрі қолайлы ортаны бірге құруға бағытталған маңызды бастамалардың бірі.

Әнуар ҚАЙЫРБЕК

Астана қаласы

Сайт Әкімшілігі