Екпеден бас тарту діни көзқараспен байланысты емес
Ата-аналардың балаларына екпе салдырудан бас тартуы діни көзқараспен байланысты емес.
Шымкенттегі №7 емханада дәрігерлер, теологтар және әкімдік қызметкерлерінің екпеден бас тартқан ата-аналармен өткен кездесуінде осындай пікір айтылды. Бұл туралы zhasalash.kz сайтының өңірдегі тілшісі хабарлайды.Оңтүстік Қазақстан облыстық қоғамдық денсаулық сақтау департаментінің мәліметінше, облыста биылғы жылдың наурыз айына дейінгі есеп бойынша 1231 ата-ана баласына екпе салдырудан бас тартқан. --Қазір статистикалық мәліметтерде екпеден бас тартушылардың 64 пайызы діни көзқараспен байланысты деп айтылады. Алайда екпеден бас тартқан ата-аналармен сұхбаттасу барысында бұған діни көзқарастың қатысы жоқ екендігін байқадым,-деді жиынға қатысқан ОҚО дін істері басқармасына қарасты «Діни мәселелерді зерттеу орталығының» теолог маманы Дәурен АМАНТАЙҰЛЫ.Дінтанушының айтуынша, ата-аналар интернеттен, ақпарат құралдарынан жағымсыз мәліметтерді оқып, екпеге деген қарсылық пайда болады. Осыдан кейін балаларына екпе салдырмайды. Алайда оларды дәрігерлер келіп қайта-қайта мазалай береді. Ақыр аяғында ата-ана екпеден діни көзқарасы бойынша бас тартатынын айтады. Дәрігерлер қағаздарға қол қойдырып алады да, осыдан кейін ата-ананы мазалауды қояды. Яғни ата-ана діни көзқарасты дәрігерлердің мазалауынан құтылу үшін бетперде етеді.-Дәстүрлі дін де, дәстүрлі емес дін де екпеге қарсы емес. Теріс ағымда жүргендердің өздері де екпеден бас тартуға қатысты ешқандай діни дәлел келтіре алмайды. Тіпті екпеден бұрын бас тартқан иегова куәгерлері де қазір бұған қарсы емес.Қане, айтыңыздаршы араларыңызда екпеден діни көзқарасы үшін бас тартқан ата-аналар бар ма?- деді теолог маман кездесуде. Залда отырған оншақты ата-ананың ешқайсысы орындарынан тұрған жоқ.-Мен ешқандай да уахабшы емеспін,-деді сөз алған азаматшалардың бірі.-Үлкен қызым қызылшаға екпе алды. Үйге келгеннен кейін кенеттен денесінің бәрін аллергия басып кетті. Қатты қорықтым. Үйге дәрігер шақырдық. Олар укол салғаннан кейін барып тоқтамастан жылап жатқан қызым ұйықтап кетті. Ал ұлыма екпе салдырғаннан кейін тізе буыны қатты ауырды. Осыдан кейін екпе салдырудан қорқамын. Жиынға қатысқан дәрігер-педиатор: -Қызылшаға қарсы «тірі екпе» салынады. Екпе алған бала 5-6 және 10-11 күндері бақылауда болады. Осы күндері баланың қызуы көтерілуі мүмкін. Ал 1-2 күнде реакция беру қызылшаға қарсы екпеге тән белгі емес. Бұл сәйкестік,-деді. -Менің 5 ұл-қызым бар. Екпе алған үлкен ұлым аурушаң болып өсуде. Тістері түсіп қалған, иегі қызарып кетеді. Бір сөзбен айтқанда дені сау емес. Одан кейін туған қызыма екпе салдырғаным жоқ. Қызым 100 пайыз дені сау болып өсуде. Одан кейін туған перзенттеріме екпе салдырғаным жоқ. Бәрінің дендері дұрыс. Дәрігерлерге екпеден бас тартатыным жөнінде хат жазып бергенмін,-деді жиынға қатысқан азамат.Дегенмен ата-аналар екпе салдырмаған балаларының келешегі үшін қатты алаңдайтынын, жұқпалы ауруларды жұқтырып алады ма деп қауіптенетіндерін де білдірді.Шымкент қаласы Еңбекші ауданы әкімдігінің өкілі Ғалымжан МЫРЗАШЕВТІҢ айтуынша, құрамында дәрігерлер, дінтанушылар, әкімдік қызметкерлері бар арнайы топ құрып, екпеден бас тартқан ата-аналармен кездесулердің нәтижесінде бір айдың ішінде 4 ата-ана көзқарасын өзгертіп, ұл-қыздарына екпе салдырған.
Фотолар автордікі.
МАТЕРИАЛДЫ РЕДАКЦИЯНЫҢ РҰҚСАТЫНСЫЗ КӨШІРІП БАСУҒА БОЛМАЙДЫ.