Экс-вице-министр Ерлан Қожағапанов бостандыққа шықты
Бұрынғы мәдениет және спорт вице-министрі, Қазақстан футбол федерациясының экс-президенті Ерлан Қожағапанов бостандыққа шықты.
Қылмыстық-атқару жүйесі комитетінің мәліметінше, сот шешімімен Қожағапановтың жазасының өтелмеген бөлігі айыппұлмен алмастырылған.
Комитеттің хабарлауынша, жазаны ауыстыру, шартты түрде мерзімінен бұрын босату және үкімнің орындалуына қатысты басқа да мәселелерді қарау және шешім қабылдау тек соттың құзыретіне жатады.
Еске салайық, Ерлан Қожағапанов 2024 жылдың наурыз айында Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің жасырын тергеуі аясында ауыр сыбайлас жемқорлық қылмысын жасады деген күдікпен ұсталған болатын. 2025 жылы оған қатысты қылмыстық іс сотқа жолданды.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі төрағасының орынбасары Дархан Құрақбаев бұл іс бойынша мемлекетке келтірілген шығын көлемі 1 миллиард теңгеден асатынын мәлімдеген еді. Ерлан Қожағапанов 1968 жылы Алматы облысында дүниеге келген. Еңбек жолын 1989 жылы бастап, әр жылдары мемлекеттік қызметте түрлі лауазымдарды атқарды. Ол Астана әкімінің орынбасары, Спорт және дене шынықтыру істері агенттігінің төрағасы, Қазақстан футбол федерациясының президенті, Мәдениет және спорт вице-министрі, Алматы әкімінің бірінші орынбасары, Премьер-министрдің кеңесшісі қызметтерінде жұмыс істеген. Сонымен қатар «Астана» футбол клубының директорлар кеңесінің төрағасы болған.