ЭКСЖ ұлттық жобасын жүзеге асыру: Қанат Бозымбаев коммуналдық желілерді жаңғыртуды қаржыландыруға банктердің қатысуын кеңейтуді тапсырды
ЭКСЖ ұлттық жобасын жүзеге асыру: Қанат Бозымбаев коммуналдық желілерді жаңғыртуды қаржыландыруға банктердің қатысуын кеңейтуді тапсырды
Алматыда Премьер-министрдің орынбасары Қанат Бозымбаевтың төрағалығымен "Энергетикалық және коммуналдық секторларды жаңғырту" ұлттық жобасын (ЭКСЖ) жүзеге асыруға екінші деңгейдегі банктердің қатысуын кеңейту мәселелері жөнінде кеңес өтті.
Еске салайық, ұлттық жобаны жүзеге асыруға 2025–2029 жылдар аралығында шамамен 13 трлн теңге инвестиция тарту көзделген. Оның ішінде 6,8 трлн теңге коммуналдық инфрақұрылымды жаңғыртуға бағытталады. Жоба аясында 84 мың шақырымнан астам инженерлік желіні жаңарту, олардың орташа тозу деңгейін 40%-ға дейін төмендету және нысандардағы апаттылық деңгейін 25%-ға дейін қысқарту жоспарланған.
Өткен жылдан бастап өңірлік жобаларды қаржыландыру басталды. Биыл түрлі қаржыландыру көздерінен тартылатын инвестициялардың жоспарлы көлемі кемінде 1,1 трлн теңгені құрайды.
Қанат Бозымбаев инфрақұрылымды жаңғырту бойынша жоспарланған жұмыстардың толық көлемде орындалуын қамтамасыз ету үшін жобаларды несиелеуге қатысатын банктердің қатарын кеңейту қажеттігін атап өтті.
Осыған байланысты Вице-премьер бірқатар тапсырма берді:
Ұлттық экономика министрлігіне коммуналдық кәсіпорындардың жеңілдікпен қаржыландыруға қолжетімділігін кеңейту мақсатында қолданыстағы қаржыландыру тетіктерін өзгерту жөнінде ұсыныстар әзірлеу тапсырылды.
Тапсырмалардың орындалуын үйлестіру Ұлттық экономика министрлігі мен ЭКСЖ ұлттық жобасының қаржы операторы – "Бәйтерек" холдингіне жүктелді. Холдингке мемлекеттік органдармен және қаржы ұйымдарымен бірлесіп, әрбір жобаның жүзеге асырылу барысына ай сайын мониторинг жүргізуді қамтамасыз ететін жұмыс тобын құру тапсырылды.
Сонымен қатар холдингке банктермен бірлесіп, 2027 жылы тікелей кредиттеуге жататын жобалардың тізбесін қаржыландыру көлемін, шарттарын және шешім қабылдау мерзімдерін көрсете отырып ұсыну тапсырылды.