Саясат

Эквадорда президенттікке үміткер саясаткерді митинг кезінде атып өлтірді

Эквадор президенттігіне үміткер Фернандо Вильявисенсионы үгіт-насихат жиыны кезінде атып кетті.

Jasalash.kz

Оның қайтыс болғанын Эквадор президенті Гильермо Лассо растады.

Лассо саясаткердің әйелі мен қыздарына көңіл айтып, қылмыс жазасыз қалмайды деп сендірді.

"Ұйымдасқан қылмыс шектен шығып кетті, ал өлтіргендер заң бойынша қатаң жазаланады", — деді ол.

El Universo газетінің хабарлауынша, Вильявисенсио Китодағы сайлауалды үгіт-насихат жиналысынан кейін үш оқтан қаза тапқан. Басылымның дереккөздерінің алдын ала мәліметі бойынша, сегіз адам зардап шекті, оның жетеуі ауруханаға жеткізілген.

Ұлттық полиция қылмыскерлерді табу операциясын бастап, оқиға орнындағы көшелер жабылды.

Гильермо Лассо қауіпсіздік кабинетінің отырысын жариялады. Ол бүкіл елді дүр сілкіндірген оқиғаға үн қосу үшін Ұлттық сайлау кеңесінің басшысын, бас прокурорды, Ұлттық сот төрағасын және басқа да мемлекеттік органдардың өкілдерін отырысқа қатысуды сұрағанын айтты.

20 тамызда Эквадорда кезектен тыс президенттік және парламенттік сайлау өтеді. Кейінгі сауалнамаға сәйкес, Вильявисенсио жеңіске жету үшін жеткілікті дауыс жинай алмаған.

Т. Раушанұлы
Тегтер: Без Тега