Оқиғалар

Ел болашағына салынған инвестиция

Қай мемлекеттің болмасын экономикалық қуаты мен даму қарқыны оның энергетикалық әлеуетімен тығыз байланысты.

Фото: logistan.info

Өйткені электр энергиясы өнеркәсіптің жұмыс істеуінен бастап, тұрғындардың күнделікті тұрмысына дейінгі барлық саланың үздіксіз қызметін қамтамасыз ететін негізгі ресурс.

Өндіріс орындарының көбеюі, жаңа технологиялардың енгізілуі, қалалар мен елді мекендердің кеңеюі электр энергиясына деген сұранысты арттыра түсті. Сондықтан энергетикалық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, жаңа қуат көздерін қалыптастыру және қолданыстағы инфрақұрылымды жаңғырту Қазақстанның экономикалық саясатындағы стратегиялық міндеттердің біріне айналды.

Соңғы жылдары елімізде электр энергетикасы саласын кешенді дамытуға бағытталған бірқатар маңызды бастама қолға алынды. Солардың қатарында жаңа электр стансаларын салу, жұмыс істеп тұрған жылу электр орталықтарын жаңарту, электр желілерінің өткізу қабілетін арттыру, жаңартылатын энергия көздерін дамыту және цифрлық технологияларды енгізу бар. Бұл жұмыстардың барлығы халықты және экономиканың нақты секторын сапалы әрі үздіксіз электр энергиясымен қамтамасыз етуге бағытталған.

Энергетика министрлігінің мәліметінше, электр және жылу энергетикасы саласында елімізде 360-қа жуық кәсіпорын жұмыс істеп, 100 мыңнан астам адам еңбек етеді. Бұл - ауқымды өндірістік жүйе. Оның тұрақты қызметі өнеркәсіптік кәсіпорындардың жұмысына, әлеуметтік нысандардың қызметіне және тұрғындардың өмір сапасына тікелей әсер етеді. Сондықтан саладағы әрбір жаңғырту жобасы тек техникалық міндет емес, жалпыұлттық экономикалық маңызы бар бастама ретінде бағаланады.

Еліміздің электр энергетикасындағы басты міндеттердің бірі де осы, өсіп келе жатқан сұранысты алдын ала қамтамасыз ету болып отыр. Қазір жаңа өндіріс орындарының ашылуы, цифрлық экономиканың дамуы және инфрақұрылымдық жобалардың көбеюі электр энергиясын тұтыну көлемін арттырып отыр. Осыған байланысты мемлекет алдағы жылдары генерациялаушы қуаттарды едәуір көбейтуді көздейді.

Былтыр елімізде 123,1 миллиард киловатт-сағат электр энергиясы өндірілді. Бұл жоспарланған көрсеткіштен 4,4 пайызға жоғары. Сонымен қатар жалпы қуаты 166 мегаватт болатын жаңа дәстүрлі генерация нысандары пайдалануға берілді. Ал 2026 жылы электр энергиясын өндіру көлемін 126,5 миллиард киловатт-сағатқа дейін жеткізу жоспарланған. Осы мақсатта жалпы қуаты шамамен 2,4 гигаватт болатын жаңа энергетикалық жобаларды іске қосу көзделіп отыр. Бұлардың қатарында Түркістан қаласындағы қуаты 1000 мегаватт бу-газ қондырғысы, Алматыдағы № 2 және № 3 жылу электр орталықтарының жаңа қуаттары, сондай-ақ Қызылорда қаласындағы 240 мегаваттық станса бар. Бұл нысандардың іске қосылуы еліміздің оңтүстік өңірлеріндегі электр энергиясына деген сұранысты өтеуге, энергетикалық жүйенің сенімділігін арттыруға және өңірлік теңгерімді жақсартуға мүмкіндік береді. Ал 2029 жылдың соңына дейін Қазақстанда жалпы қуаты 13,3 гигаватт болатын жаңа генерациялаушы қуаттарды іске қосу жоспарланып отыр. Соның 7,4 гигаватт базалық генерацияға тиесілі. Бұл – ұлттық энергетикалық жүйенің тұрақтылығын арттыруға бағытталған ауқымды бағдарлама. Жоспарланған жобалар толық жүзеге асқан жағдайда, электр энергиясына деген ішкі сұранысты сенімді қамтамасыз етіп, жаңа өндірістік кәсіпорындарды дамытуға қажетті энергетикалық негіз қалыптасады.

Электр энергетикасының дамуы тек жаңа стансалар салумен шектелмейді. Қолданыстағы инфрақұрылымның техникалық жағдайын жақсарту да маңызды. Өйткені электр энергиясын өндіретін стансалар мен оны тұтынушыларға жеткізетін желілердің сенімділігі елдің энергетикалық қауіпсіздігін айқындайды. Осыған орай, Қазақстанда жылу электр орталықтарын, қазандықтар мен турбиналарды жөндеу, электр және жылу желілерін жаңарту жұмыстары жүйелі түрде жүргізіліп жатыр. Айталық, былтыр энергетикалық нысандарды күрделі жөндеуге 411 миллиард теңге бағытталды. Нәтижесінде 10 энергетикалық блок, 63 қазандық және 39 турбина жөндеуден өтті. Сонымен қатар 17 мың шақырым электр желісі жаңартылып, 420 қосалқы стансада тиісті жұмыстар жүргізілді. Жылу желілерінің 323 шақырымы ауыстырылды. Қабылданған шаралардың нәтижесінде жылу электр орталықтарының орташа тозу деңгейі 64 пайыздан 61 пайызға дейін төмендеген.

Биыл да бұл бағыттағы жұмыстар жалғасын тауып келеді. Жөндеу жоспарына сәйкес, 9 энергетикалық блокты, 55 қазандықты және 51 турбинаны күрделі жөндеу көзделген. Электр желілерінің 17,1 мың шақырымы мен 444 қосалқы станцияны жаңарту, сондай-ақ 377 шақырым жылу желісін ауыстыру жоспарланған. Бұл шаралар энергетикалық жабдықтардың техникалық жағдайын жақсартып, әсіресе қысқы кезеңдегі жоғары жүктеме кезінде электр және жылу энергиясын тұрақты жеткізуге мүмкіндік береді.

Өңірлерде атқарылып жатқан жұмыстар да жаңғырту саясатының нақты нәтижесін көрсетеді. Мәселен, 2026 жылғы қарашада Шығыс Қазақстан облысындағы Өскемен, Согра және Риддер жылу электр орталықтарында сегіз қазандық агрегаты мен үш турбоагрегатты күрделі жөндеу жұмыстары аяқталды. Бұл стансалардың өндірістік сенімділігін арттырып, жылыту маусымында тұтынушыларды жылумен және электр энергиясымен қамтамасыз етуге бағытталған маңызды қадам.

Алматы қаласындағы энергетикалық инфрақұрылымды жаңарту да ерекше назар аударуға тұрарлық. Биыл қарашада Алматыдағы № 2 жылу электр орталығында табиғи газбен жұмыс істейтін жаңа су жылыту қазандығы жылу бере бастады. Бұл стансаны көмірден газға көшіру және оның өндірістік тиімділігін арттыру бағытындағы маңызды кезең. Жаңа қазандық жылу мен ыстық су өндіру мүмкіндігін кеңейтіп, қажетті резервтік қуатты қамтамасыз етуге ықпал етеді. Алдағы уақытта бу-газ қондырғысының энергетикалық жабдықтарын іске қосу жоспарланған. Мұндай жобалар мегаполистің экологиялық жағдайын жақсартып, атмосфераға түсетін жүктемені азайтуға мүмкіндік бермек.

Ел энергетикасының болашақтағы дамуында жаңартылатын энергия көздерінің де маңызы артып келеді. Әлемдік энергетикада экологиялық талаптардың күшеюі, энергия ресурстарын тиімді пайдалану қажеттілігі және технологиялық өзгерістер баламалы энергетиканың дамуына жаңа серпін беруде. Еліміздің табиғи-климаттық ерекшеліктері бұл бағытта айтарлықтай мүмкіндік қалыптастырады. Кең байтақ аумақтағы жел әлеуеті, күн сәулесінің молдығы және су ресурстары күн, жел және су электр стансаларын дамытуға қолайлы жағдай жасайды. Биыл екінші тоқсанда елімізде белгіленген қуаты 3749,62 мегаватт болатын 169 жаңартылатын энергия нысаны жұмыс істеді. Соның  ішінде 71 жел, 52 күн, 43 су электр стансалары және үш биогаз электр стансасы бар. Бұл көрсеткіш елімізде баламалы энергетиканың біртіндеп қалыптасып, ұлттық энергетикалық жүйенің маңызды бөлігіне айналып келе жатқанын көрсетеді. Ал былтыр жалпы қуаты 503,5 мегаватт болатын тоғыз жаңартылатын энергия нысаны пайдалануға берілді. Сол жылы бұл стансалардан өндірілген электр энергиясының көлемі 8,621 миллиард киловатт-сағатқа жетіп, жалпы өндірістің 7 пайызын құрады. Биыл алғашқы тоқсанда жаңартылатын энергия көздерінен өндірілген электр энергиясы 2,3 миллиард киловатт-сағат болды. Бұл былтырмен салыстырғанда 15 пайызға жоғары. Ал 2030 жылға қарай жаңартылатын энергия көздерінің электр энергиясын өндірудегі үлесін 15 пайызға дейін арттыру көзделіп отыр.

Бұл бағытқа халықаралық инвесторлардың қызығушылығы да артып келеді. Қазақстанда TotalEnergies, Masdar, China Power International Holding, China Energy және басқа да ірі компаниялардың қатысуымен жалпы қуаты 4,8 гигаватт болатын жобаларды іске асыру мәселелері қарастырылып отыр. Сонымен қатар 2035 жылдың соңына дейін кемінде 8,4 гигаватт жаңа жаңартылатын энергия қуатын енгізу жоспарланған. Мұндай инвестициялар заманауи технологияларды тартуға, отандық энергетика саласының тәжірибесін кеңейтуге және халықаралық ынтымақтастықты нығайтуға мүмкіндік береді. Жаңартылатын энергия көздерін дамыту дәстүрлі энергетикадан бірден бас тартуды білдірмейді. Керісінше, Қазақстанның энергетикалық саясаты көмір, газ, су және баламалы энергия көздерінің мүмкіндіктерін өзара үйлестіре отырып, тұрақты әрі теңгерімді жүйе қалыптастыруға бағытталған. Қазір электр энергиясының негізгі бөлігін дәстүрлі стансалар өндіретіндіктен, олардың техникалық тиімділігін арттыру және экологиялық қауіпсіздігін күшейту де өзекті міндет болып қала бермек.

Осы тұрғыдан алғанда, көмір генерациясын жаңғырту және жаңа технологияларды енгізу маңызды рөл атқарады. Биыл қарашада жарияланған мәліметке сәйкес, көмір генерациясын дамыту жөніндегі ұлттық жоба аясында шамамен 7,8 гигаватт қуатты іске қосу және жаңарту көзделіп отыр. Оның шеңберінде сегіз жаңа станса салу және қолданыстағы 11 энергетикалық нысанды жаңғырту жоспарланған. Бұл бастамалар дәстүрлі генерацияның сенімділігін арттырып, елдің базалық электр энергиясына деген қажеттілігін қамтамасыз етуге бағытталған.

Сонымен бірге энергетикалық жүйенің тұрақтылығы үшін энергия сақтау технологияларының маңызы арта түскенін де айта кету керек. Әсіресе күн мен жел стансаларының өндірісі табиғи жағдайларға тәуелді болғандықтан, өндірілген энергияны сақтау және оны қажетті уақытта тұтынушыларға жеткізу мәселесі маңызды. Осыған байланысты заманауи энергия жинақтау жүйелерін, интеллектуалды электр желілерін және автоматтандырылған басқару технологияларын енгізу қажеттілігі туындап отыр. Мұндай технологиялар энергетикалық жүйенің икемділігін арттырып, электр энергиясын өндіру мен тұтыну арасындағы тепе-теңдікті сақтауға көмектеседі.

Энергетика саласындағы жаңғыртудың тағы бір маңызды бағыты – цифрландыру. Бүгінде өндірістік процестерді басқару, жөндеу жұмыстарын бақылау, электр энергиясын тұтыну көлемін талдау және энергетикалық нысандардың техникалық жағдайын бағалау барысында цифрлық шешімдердің маңызы артып келеді. Былтыр Энергетика министрлігі саланың негізгі процестерін цифрлық форматқа көшіруге бағытталған бірқатар сервисті іске қосты. Солардың қатарында күзгі-қысқы кезеңге дайындықты бақылау, энергетикалық нысандардың жөндеу жұмыстарын үйлестіру және өндірістік көрсеткіштерді басқаруға арналған жүйелер бар.

Цифрлық технологияларды енгізу энергетикалық кәсіпорындардың тиімділігін арттырып қана қоймай, басқару процестерінің ашықтығын қамтамасыз етеді. Алдағы уақытта жасанды интеллект, автоматтандырылған бақылау жүйелері және деректерді талдау технологияларын кеңінен қолдану өндірістегі тәуекелдерді азайтып, апаттық жағдайлардың алдын алуға мүмкіндік береді. Бұл өз кезегінде энергетикалық инфрақұрылымның сенімділігін жаңа деңгейге көтереді.

Энергетика саласының дамуы инвестиция мен технологиядан бөлек, білікті мамандарға да тікелей байланысты. Жаңа электр стансалары, газбен жұмыс істейтін қондырғылар, жаңартылатын энергия нысандары және цифрлық басқару жүйелері жоғары кәсіби даярлығы бар инженерлер мен техникалық мамандарды қажет етеді. Сондықтан саланың ұзақ мерзімді дамуы үшін кадр даярлау, кәсіби білім беру сапасын арттыру және жас мамандардың өндірістік тәжірибесін кеңейту маңызды. Бұл отандық мамандардың әлеуетін арттырып, күрделі технологиялық жобаларды өз күшімізбен жүзеге асыруға жол ашады.

Жалпы алғанда, еліміздің электр энергетикасындағы қазіргі өзгерістерді ауқымды өндірістік жаңғырудың көрінісі ретінде бағалауға болады. Жаңа стансалар салу, қолданыстағы нысандарды жөндеу, электр желілерін жаңарту, жаңартылатын энергия көздерін дамыту және цифрлық технологияларды енгізу біртұтас энергетикалық саясаттың құрамдас бөліктері саналады. Бүгін іске асырылып жатқан жобалар ертеңгі экономикалық өсімнің берік негізін қалыптастырады. Электр энергиясының жеткілікті болуы өнеркәсіптік өндірістің кеңеюіне, жаңа кәсіпорындардың ашылуына, инвестициялық жобалардың жүзеге асуына және өңірлердің әлеуметтік-экономикалық дамуына мүмкіндік береді. Сондықтан энергетикалық инфрақұрылымға бағытталған әрбір инвестицияны елдің болашағына салынған стратегиялық капитал деуге толық негіз бар.

Мемлекетттің алдында тұрған басты міндет те сол, табиғи ресурстар мен өндірістік мүмкіндіктерді тиімді пайдалана отырып, сенімді, заманауи және экологиялық талаптарға бейімделген энергетикалық жүйе қалыптастыру болып отыр. Бұл бағыттағы жүйелі жұмыстар еліміздің энергетикалық қауіпсіздігін нығайтып қана қоймай, ұлттық экономиканың бәсекеге қабілеттілігін арттыруға да қызмет етеді. Энергетикалық жаңғыру қарқыны сақталған жағдайда Қазақстанның өңірлік энергетикалық әлеуеті күшейіп, елдің ұзақ мерзімді экономикалық дамуына жаңа мүмкіндіктер ашылары айқын.

Сайт Әкімшілігі
Тегтер: Инвестиция