ЕЛ ДАМУЫ: БІЛІМ БЕРУ ИНФРАҚҰРЫЛЫМЫН ЖАҢҒЫРТУ
Соңғы жеті жылда Қазақстандағы мектеп инфрақұрылымын дамыту жекелеген жергілікті мәселелерді шешуден білім беру желісін жүйелі жоспарлауға көшті.
Бүгінде мектеп құрылысы демографиялық ахуалға, қалалар мен елді мекендердің өсуіне, оқушылар санының болжамына, қолданыстағы ғимараттардың жағдайына және өңірлердің жаңа оқушы орындарына деген нақты қажеттілігіне тікелей байланысты.
2019 жылдан бері Қазақстанда 1,1 млн оқушы орнына арналған 1342 мектеп салынды. Білім беру желісінің ауқымды кеңеюі инфрақұрылымдық жүктемені айтарлықтай азайтуға мүмкіндік берді: үш ауысымды мектептер саны 5 есе, апатты мектептер 2 есе, ал оқушы орындарының жалпы тапшылығы 4 есе қысқарды.
Қазір елімізде 8 мыңнан астам жалпы білім беретін мектеп жұмыс істейді. Онда шамамен 4,1 млн бала білім алады. 5 мыңнан астам мектеп ауылдық жерлерде орналасқан. Сондықтан балалардың тұрғылықты жеріне қарамастан, бірдей деңгейде білім алуына жағдай жасау негізгі міндеттердің бірі болып қала береді.
Ірі инфрақұрылымдық жобалардың бірі – "Келешек мектептері" ұлттық жобасы. Оның аясында 460 мың оқушы орнына арналған жаңа форматтағы 217 мектеп салынды. Оның 84-і ауылдық жерлерде орналасқан.
Жаңа мектептер тек қосымша оқушы орындарымен ғана ерекшеленбейді. Оларда физика, химия және биология пәндеріне арналған заманауи кабинеттер, STEM-зертханалар, робототехника және информатика кабинеттері, шеберханалар, шығармашылық кеңістіктер мен спорт нысандары қарастырылған. Бастауыш және жоғары сынып оқушыларының ағыны бөлінген. Қауіпсіздік пен кедергісіз орта қалыптастыруға ерекше көңіл бөлінген.
Жаңа формат қордаланған мәселелерді нақты шешуге де мүмкіндік берді. Жоба аясындағы мектептердің салынуы нәтижесінде 54 үш ауысымды және 14 апатты мектеп мәселесі толық шешілді, ал 100-ден астам мектептегі оқушы орнының тапшылығы азайды.
Білім беру инфрақұрылымын жаңғыртудың тағы бір тетігі – 2023 жылы құрылған Білім беру инфрақұрылымын қолдау қоры. Қор қаражаты есебінен 100 мыңға жуық оқушы орнына арналған 90 нысанның құрылысы қаржыландырылды. Қазіргі уақытта оның 83-і пайдалануға берілді.
Осылайша, мектеп инфрақұрылымын жаңғырту енді тек жаңа ғимараттар салумен шектелмейді. Бұл – заманауи білім беру ортасын қалыптастыру, өңірлер арасындағы инфрақұрылымдық алшақтықты азайту, қауіпсіздікті арттыру және сапалы білім алуға тең жағдай жасау.
ЕЛ ДАМУЫ: МЕКТЕПКЕ ДЕЙІНГІ ИНФРАҚҰРЫЛЫМДЫ КЕҢЕЙТУ
Білім беру инфрақұрылымын жаңғырту мектептен әлдеқайда ерте басталады. Соңғы жылдары мектепке дейінгі тәрбие мен оқытудың қолжетімділігін арттыру мемлекеттік саясаттың басым бағыттарының біріне айналды.
Соңғы жеті жылда Қазақстандағы мектепке дейінгі ұйымдар желісі 1483 нысанға артты. Соның ішінде 345 мемлекеттік балабақша салынды.
Мектепке дейінгі инфрақұрылымды дамытудың қазіргі моделі тек жаңа мемлекеттік нысандар салумен шектелмейді. Бірнеше тетік қатар қолданылады: жаңа ұйымдар мен шағын орталықтар ашу, жұмыс істеп тұрған балабақшалардың қуатын арттыру, қосымша орындар құру және жеке секторды тарту.
Мұндай тәсіл әсіресе ірі қалалар, жаңа тұрғын үй алаптары және халқы жылдам өсіп жатқан елді мекендер үшін маңызды. Өйткені мұндай жерлерде балабақша орындарына сұраныс күрделі нысандардың құрылыс мерзімінен әлдеқайда жылдам өзгеруі мүмкін.
Тетіктердің бірі – жеке меншік мектепке дейінгі ұйымдарға мемлекеттік білім беру тапсырысын орналастыру. Бұл жеке сектордың қолда бар мүмкіндігін пайдаланып, сұраныс жоғары өңірлерде жаңа орындарды жылдамырақ ашуға мүмкіндік береді.
Соңғы үш жылдың өзінде Қазақстанда 232 мың жаңа мектепке дейінгі орын ашылды. 2027 жылдың соңына дейін тағы 68 мың орын ашу жоспарланып отыр.
Тағы бір маңызды өзгеріс – қаржыландырудың жаңа моделіне көшу.
2024 жылдан бастап Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша "ақша баланың соңынан жүреді" қағидатына негізделген ваучерлік қаржыландыру кезең-кезеңімен енгізіліп келеді. Бұрынғы жүйеден айырмашылығы – мемлекеттік қаржы белгілі бір мектепке дейінгі ұйымға емес, тікелей балаға бекітіледі. Бұл ата-аналардың таңдау мүмкіндігін кеңейтіп қана қоймай, бюджет қаражатының жұмсалу ашықтығын арттыруға бағытталған.
Пилоттық жоба 20 қала мен облыстардағы 23 ауданды қамтиды. Оған 6 мыңға жуық мектепке дейінгі ұйым қатысып отыр. Балаларға 1 млн-нан астам ваучер берілген.
Пилоттық жобаның нәтижесіне сәйкес, мектепке дейінгі ұйымдарға кезек 160 мыңнан 22 мың балаға дейін қысқарған.
Осылайша, қазіргі мектепке дейінгі инфрақұрылым бірнеше бағыт бойынша қатар дамып келеді: құрылыс, ұйымдар желісін кеңейту, жеке сектормен әріптестік және қаржыландыру қағидаларын өзгерту.
Басты мақсат – отбасының тұрғылықты жеріне немесе таңдаған ұйымының меншік нысанына қарамастан, мектепке дейінгі білімді қолжетімді ету.
"КЕЛЕШЕК МЕКТЕПТЕРІ": ЗАМАНАУИ МЕКТЕПТІҢ ЖАҢА ҮЛГІСІ
Бүгінде білім беру инфрақұрылымын дамыту тек оқушы орындарының санын көбейтумен шектелмейді. Мектептің архитектурасы, жабдықталуы, қауіпсіздігі және баланың жан-жақты дамуына жасалатын мүмкіндіктері де өзгеріп келеді.
Соңғы жылдардағы негізгі жобалардың бірі – "Келешек мектептері" ұлттық жобасы.
Жоба аясында еліміз бойынша 460 мың оқушы орнына арналған жаңа форматтағы 217 мектеп салынды. Оның 84-і ауылдық жерлерде орналасқан.
Жаңа мектептердің басты ерекшелігі – білім беру ортасын қалыптастырудағы кешенді тәсіл.
Мұндай нысандардың аумағы бұрынғы типтік мектептермен салыстырғанда орта есеппен 15–20 пайызға үлкен. Оларда заманауи физика, химия және биология кабинеттері, STEM-зертханалар, робототехника кабинеттері мен компьютерлік сыныптар, еңбекке баулу шеберханалары, музыка және хореография залдары, коворкинг кеңістіктері мен заманауи спорт инфрақұрылымы қарастырылған.
Ғимарат ішіндегі кеңістікті ұйымдастыру тәсілі де өзгерген. Оқушылар ағыны бөлініп, бастауыш және жоғары сынып оқушылары жеке блоктарда білім алады. Бұл оқу процесін тиімді ұйымдастыруға және ортақ кеңістіктерге түсетін жүктемені азайтуға мүмкіндік береді.
Қауіпсіздік пен инклюзивтілікке де ерекше көңіл бөлінеді. Ерекше білім беру қажеттіліктері бар балалар үшін кедергісіз орта жасалып, қауіпсіз білім беру кеңістігін қалыптастыруға арналған заманауи шешімдер қарастырылған.
Алайда жобаның маңызы жаңа ғимараттардың сапасымен ғана шектелмейді.
Жаңа форматтағы мектептердің пайдалануға берілуі нәтижесінде 54 үш ауысымды және 14 апатты мектеп мәселесі толық шешіліп, 100-ден астам мектептегі оқушы орнының тапшылығы азайды.
Осылайша, "Келешек мектептері" стандартты мектеп құрылысынан заманауи білім беру ортасын қалыптастыруға көшудің негізгі құралдарының біріне айналды.
Бүгінгі жаңа мектеп – қауіпсіздік, технологиялық жабдықталу, қолжетімділік және сапалы білім беру талаптарына бір мезгілде жауап беретін кеңістік.