Оқиғалар

Ел ертеңіне бағытталған жоба: «Халықтық құрылыс» жаңа мүмкіндіктерге жол ашады

Ел ертеңіне бағытталған жоба: "Халықтық құрылыс" жаңа мүмкіндіктерге жол ашады

Фото Мәдениет және ақпарат министрлігі

Қазақстанда «Халықтық құрылыс» бағдарламасы аясында көлік, энергетика, әлеуметтік және инженерлік инфрақұрылымды жаңғыртуға басымдық беріліп отыр. Бастаманың негізгі мақсаты – өңірлердің даму әлеуетін арттыру, халықтың өмір сүру сапасын жақсарту және ел экономикасына ұзақ мерзімді серпін беру. Бұл ретте жоспарланған жобалардың сапалы әрі уақытылы жүзеге асуы, бюджет қаражатының тиімді жұмсалуы ерекше маңызға ие.

Осы міндеттердің орындалуын қамтамасыз ету мақсатында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Халықтық құрылыс» бағдарламасына бөлінген қаражаттың жұмсалуын бақылау жөніндегі мемлекеттік комиссия құру туралы шешім қабылдады. Жаңа бағыт инфрақұрылымдық жобаларды жоспарлау мен мемлекеттік сатып алудан бастап, нысандарды пайдалануға беруге дейінгі барлық кезеңді қамтып, қаржылық тәртіп пен қоғамдық бақылауды күшейтуге бағытталған.

«Халықтық құрылыс» бағдарламасының экономикалық әлеуеті, мемлекеттік бақылаудың тиімділігі және инфрақұрылымдық жобалардың ел дамуына ықпалы туралы экономист Марат Сейдахметов өз пікірін білдірді. Оның айтуынша, бағдарламаның нәтижесі игерілген қаражат көлемімен емес, халық игілігіне қызмет ететін сапалы нысандармен, жаңа жұмыс орындарымен және өңірлердің экономикалық әлеуетінің артуымен бағалануы тиіс.

— Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Халықтық құрылыс» бағдарламасына бөлінген қаражаттың жұмсалуын бақылайтын мемлекеттік комиссия құру туралы шешімін қалай бағалайсыз? Бұл қадам мемлекеттің инфрақұрылымдық жобаларды іске асырудағы жауапкершілігі мен бақылау тетіктерін жетілдіруге қалай ықпал етеді?

— Ең алдымен, көпшілікке түсінікті болу үшін, «Халықтық құрылыс» бағдарламасының түп мақсаты мен маңызыдылығы туралы айтып өтуді жөн көрдім. «Халықтық құрылыс» бағдарламасының негізгі мақсаты – елді мекендердің инфрақұрылымын дамыту, халықтың өмір сүру сапасын жақсарту және азаматтардың күнделікті қажеттіліктеріне жауап беретін әлеуметтік әрі коммуналдық нысандарды салу. Мұнда тұрғын үй, мектеп, аурухана, жол, инженерлік-коммуникациялық желілер және басқа да маңызды инфрақұрылымдық жобалардың сапалы жүзеге асуына басымдық берілуі тиіс. Экономикалық тұрғыдан алғанда, құрылыс саласы ұлттық экономиканың маңызды драйверлерінің бірі бола алады. Өйткені құрылысқа бөлінген инвестиция тек осы саланың өзінде ғана емес, цемент, металл, құрылыс материалдары өндірісі, көлік, логистика, жобалау, сәулет және қызмет көрсету салаларында да қосымша экономикалық белсенділік қалыптастырады. Сонымен бірге жаңа жұмыс орындары ашылып, шағын және орта бизнестің дамуына серпін береді. Бұл бағдарламаның маңызды ерекшелігі – құрылыс жұмыстарын тек бюджет қаражатын игеру құралы ретінде емес, ұлттық экономиканың ұзақ мерзімді дамуына ықпал ететін инвестициялық тетік ретінде қарастыру. Әсіресе, құрылыс материалдарын, металл конструкцияларын және инженерлік жабдықтарды отандық кәсіпорындардан сатып алу отандық өндірісті ынталандырып, импортқа тәуелділікті төмендетеді. Сондықтан «Халықтық құрылыс» бағдарламасының нәтижесін салынған нысандардың санымен ғана емес, жаңа өндірістердің ашылуымен, еңбек өнімділігінің өсуімен, жұмыспен қамтылумен және өңірлердің экономикалық әлеуетінің артуымен бағалау қажет. Президенттің «Халықтық құрылыс» бағдарламасына бөлінген қаражаттың жұмсалуын бақылайтын мемлекеттік комиссия құру бастамасы инфрақұрылымдық жобаларды басқарудағы жауапкершілік пен ашықтықты арттыру мәселесін алға шығарады.                                                            

Мұндай комиссияның негізгі міндеті бюджет қаражатының мақсатты әрі тиімді жұмсалуын, құрылыс жұмыстарының сапасы мен белгіленген мерзімде орындалуын бақылау болуы тиіс. Әсіресе, әрбір бөлінген қаржының нақты нәтижеге айналуына басымдық берілуі қажет. Комиссия құрамына мемлекеттік органдармен қатар депутаттардың, журналистердің, сарапшылардың, өңірлер мен бизнес қауымдастық өкілдерінің енгізілуі қоғамдық бақылаудың маңызын арттырады. Сонымен бірге, бақылау нақты нәтижеге, яғни сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін азайтуға, құрылыс сапасын жақсартуға және бюджет қаражатының экономикалық қайтарымын қамтамасыз етуге бағытталуы қажет. Меніңше, бұл бастаманың басты өлшемі – қанша қаражат игерілгені емес, сол қаражат есебінен халыққа қаншалықты сапалы инфрақұрылым жасалғаны болуы тиіс. 

— Мемлекеттік комиссия бағдарламаны жоспарлау мен қаражат бөлуден бастап, нысандарды пайдалануға беруге дейінгі барлық кезеңді бақылауға алады. Осындай кешенді бақылау жүйесі құрылыс сапасын арттырып, жобалардың уақытылы аяқталуына қандай мүмкіндік береді? — Мемлекеттік комиссияның бағдарламаны жоспарлаудан бастап, қаржы бөлінуі, құрылыс жұмыстарының орындалуы және нысандарды пайдалануға беруге дейінгі барлық кезеңді бақылауы жобаларды басқарудың жүйелілігін қамтамасыз етеді. Мұндай кешенді бақылау, ең алдымен, қаржылық тәртіпті нығайтып, құрылыс барысындағы кемшіліктер мен заңбұзушылықтарды ерте анықтауға мүмкіндік береді. Сонымен қатар мердігерлердің жауапкершілігін арттырып, құрылыс сапасы мен белгіленген мерзімдердің сақталуына ықпал етеді. Ең бастысы, бақылау тек қаржының игерілуімен шектелмей, салынған нысандардың сапасына, ұзақ мерзімді пайдалануға жарамдылығына және халықтың нақты қажеттілігін өтеуіне бағытталуы керек. Сонда ғана «Халықтық құрылыс» бағдарламасы бюджет қаражатының тиімділігін арттырып, азаматтардың мемлекетке деген сенімін нығайтатын нақты нәтижелер береді.

— Комиссия құрамына мемлекеттік органдармен қатар Құрылтай депутаттары, журналистер, қоғам қайраткерлері, сарапшылар және бизнес өкілдерінің енгізілуі ерекше назар аудартады. Бұл шешім қоғамдық бақылауды күшейтіп, мемлекеттік басқару ісіне қоғамның қатысуын кеңейту тұрғысынан қаншалықты маңызды?

— Мемлекеттік комиссия құрамына мемлекеттік органдар өкілдерімен қатар Құрылтай депутаттарының, журналистердің, қоғам қайраткерлерінің, сарапшылар мен бизнес өкілдерінің енгізілуі қоғамдық бақылаудың институционалдық негізін кеңейтеді. Бұл – мемлекеттік басқаруда ашықтық пен есептілікті қамтамасыз етудің маңызды тетігі.                                   

Өйткені инфрақұрылымдық жобалардың түпкілікті тұтынушысы – халық. Сондықтан бюджет қаражатының қалай жұмсалып жатқанын, құрылыс сапасы мен жобалардың орындалу барысын қоғам өкілдерінің бақылауы мемлекеттік органдар мен мердігерлердің жауапкершілігін арттыруға ықпал етеді. Сонымен қатар журналистер мен тәуелсіз сарапшылардың қатысуы ақпараттың ашықтығын қамтамасыз етіп, ықтимал кемшіліктерді дер кезінде анықтауға мүмкіндік береді. Ал бизнес өкілдері жобалардың экономикалық тиімділігі мен отандық өндірістің қатысуына қатысты кәсіби ұсыныстар бере алады.             

Менің ойымша, бұл шешімнің басты құндылығы – мемлекеттік бақылауды қоғамдық жауапкершілікпен ұштастыруында. Мемлекет пен қоғамның өзара сенімі мен серіктестігі қалыптасқанда ғана бюджет қаражатының тиімді жұмсалуына және халық игілігіне бағытталған жобалардың сапалы орындалуына қол жеткізуге болады.

— Мемлекеттік комиссия мемлекеттік сатып алулардың мерзіміне, құнына және заңдылығына мониторинг жүргізеді. Бұл тетік бюджет қаражатын тиімді пайдалануға, отандық құрылыс саласының дамуына және инфрақұрылымдық жобалардың экономикалық қайтарымын арттыруға қалай әсер етеді?

— Мемлекеттік сатып алулардың мерзіміне, құнына және заңдылығына жүйелі мониторинг жүргізу бюджет қаражатын тиімді пайдаланудың маңызды тетігі болып табылады. Өйткені инфрақұрылымдық жобалардың экономикалық тиімділігі тек бөлінген қаржы көлемімен емес, оның қаншалықты ұтымды жұмсалып, қандай нақты нәтижеге қол жеткізгенімен өлшенеді. Біріншіден, сатып алу рәсімдерінің ашықтығы негізсіз шығындарды, бағаны қолдан көтеруді және сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін төмендетуге мүмкіндік береді. Екіншіден, отандық құрылыс компаниялары мен құрылыс материалдарын өндірушілердің мемлекеттік жобаларға қатысуына қолайлы жағдай қалыптастырады. Бұл ішкі өндірісті ынталандырып, жаңа жұмыс орындарын ашуға және шағын және орта бизнестің дамуына ықпал етеді. Үшіншіден, жобалардың уақытылы аяқталуы инфрақұрылымдық нысандардың экономикалық айналымға ертерек қосылуын қамтамасыз етеді. Мәселен, жол, мектеп, аурухана және инженерлік желілердің іске қосылуы халыққа әлеуметтік қызмет көрсетумен қатар, өңірлердің инвестициялық тартымдылығын да арттырады. 

Менің ойымша, мемлекеттік сатып алуларға бақылаудың түпкі мақсаты – бюджет қаражатын үнемдеу ғана емес, әрбір теңгенің экономикалық және әлеуметтік қайтарымын қамтамасыз ету. Бұл отандық құрылыс индустриясын дамытудың және инфрақұрылымдық инвестициялардың тиімділігін арттырудың маңызды шарты.

— «Халықтық құрылыс» бағдарламасы аясында көлік, энергетика, әлеуметтік және инженерлік инфрақұрылымды жаңғырту көзделіп отыр. Президент бастамасымен енгізілген жаңа бақылау жүйесі осы жобалардың нәтижелілігін арттырып, азаматтардың өмір сапасын жақсартуға қандай үлес қосады деп ойлайсыз?

— «Халықтық құрылыс» бағдарламасы аясында көлік, энергетика, әлеуметтік және инженерлік инфрақұрылымды жаңғырту – елдің экономикалық әлеуетін арттырумен қатар, халықтың өмір сүру сапасын жақсартуға бағытталған маңызды міндеттердің бірі.                   

Президент бастамасымен енгізіліп отырған жаңа бақылау жүйесі осы жобалардың жоспарланған мерзімде, бекітілген бюджет шеңберінде және сапа талаптарына сәйкес орындалуына ықпал етуі тиіс. Әсіресе, жол-көлік инфрақұрылымының дамуы өңірлер арасындағы экономикалық байланысты нығайтып, логистикалық шығындарды азайтады. 

Энергетикалық және инженерлік желілердің жаңаруы өндіріс орындарының тұрақты жұмыс істеуіне, кәсіпкерліктің дамуына және инвестиция тартуға мүмкіндік береді. Ал мектептер, ауруханалар мен басқа да әлеуметтік нысандардың сапалы салынуы азаматтарға көрсетілетін қызметтердің қолжетімділігін арттырады.     

Меніңше, бұл бастаманың нәтижелілігін бағалауда үш негізгі өлшемге назар аудару қажет: біріншісі – бюджет қаражатының тиімділігі, екіншісі – инфрақұрылым нысандарының сапасы мен ұзақ мерзімді қызметі, үшіншісі – халықтың күнделікті өміріндегі нақты оң өзгерістер. Қорытындылай айтқанда, инфрақұрылымдық құрылыс – тек жаңа нысандар салу емес, ол елдің экономикалық бәсекеге қабілеттілігін арттыруға, өңірлердің әлеуетін ашуға және азаматтардың әл-ауқатын жақсартуға бағытталған ұзақ мерзімді инвестиция. Сондықтан бағдарламаның басты нәтижесі игерілген қаржымен емес, халықтың игілігіне қызмет ететін нақты нысандармен өлшенуі тиіс.

Сайт Әкімшілігі