Қоғам

Елімізде блогерлер мен әлеуметтік желі қолданушылары интернеттегі саяси жазбалары үшін айыппұл арқалауы мүмкін

Қазақстанда блогерлер мен әлеуметтік желі қолданушыларын сайлау кезінде партиялар мен кандидаттарды тегін қолдағаны үшін айыппұлмен жазалауы мүмкін.

Фото: sostav.ru

Tengrinews.kz -тің хабарлауынша, бұл туралы Мәжілісте жаңа заң жобасын талқылау кезінде Орталық сайлау комиссиясының хатшысы Шавхат Өтемісов мәлімдеген.

Айыппұл партиялық символикасы бар жарияланымдар үшін, партия логотипі бейнеленген киіммен түскен фото немесе видео үшін, сондай-ақ сайлау кезінде партиялар мен кандидаттарды тегін қолдағаны үшін салынуы мүмкін.

Бұл мәселенің талқылануына депутат Никита Шаталовтың партияларды қолдап, ақысыз контент жариялайтын блогерлер туралы сұрағы себеп болған.

«Мұндай жағдайда Орталық сайлау комиссиясы блогердің әрекетін қалай бағалайды? Азаматтың дербес үгіт-насихаты ретінде ме, жасырын үгіт ретінде ме, әлде шығыстар мен есептілікте көрсетілуі тиіс сайлау науқанының бір бөлігі ретінде ме?» – деп сұрады Шаталов.

Орталық сайлау комиссиясының хатшысы Шавкат Өтемісов егер блогер кандидатпен немесе партиямен келісімшарттық қатынасқа түспеген болса, оның әрекеті жасырын үгіт ретінде бағалануы мүмкін екенін айтты.

«Егер мұндай жазбаша келісім болмаса, онда бұл жасырын үгіт болып саналады. Ол үшін Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 118-бабы бойынша жауапкершілік қарастырылған», – деді Шавхат Өтемісов.

Қазақстан ӘҚБтК-нің 118-бабында жеке және заңды тұлғалардың кандидаттарға, саяси партияларға олардың жазбаша келісімінсіз қызмет көрсетуі үшін жауапкершілік көзделген. Мұндай жағдайда жеке тұлғаларға 20 АЕК көлемінде, яғни шамамен 86 500 теңге немесе 190 доллар айыппұл салынуы мүмкін. Ал бизнес пен ұйымдар үшін айыппұл мөлшері бұдан да жоғары.

Сайт Әкімшілігі