Оқиғалар

Елорда қысқы маусымға қаншалықты дайын?

Елорда қысқы маусымға қаншалықты дайын?

Фото: obk.kz

Биыл қыста Астана қайтадан белсенді демалысқа арналған үлкен алаңға айналады. Елорданың бірнеше аудандарында мұз айдындары, мұз сырғанақтары және қысқы ойын-сауық кеңістіктері жұмыс істейтін болады. Бұл туралы Астана әкімдігі хабарлап отыр. 

Қызықты қысқы локациялардың бірі – Есіл өзенінің жағалауы болмақ. Сарыарқа ауданындағы Оқушылар сарайының жанында мұз айдындарын жабдықтау жоспарлануда. Сонымен қатар ауданда 13 мұз сырғанағы пайда болады. Қысқы ойын-сауық түрлері "Көктал" саябағында, "Оқжетпес" скверінде және басқа да қоғамдық кеңістіктерде қолжетімді болады.

Елорданың ең ерекше қысқы локацияларының бірі  – Есіл ауданындағы Abu Dhabi Plaza кешенінің жанында ашылатын ауқымды желілік мұз айдыны  Astana Winter Park. Оның ұзындығы 1,4 шақырымды, ал мұз жабынының жалпы ауданы шамамен 6 мың шаршы метрді құрайды. Әдеттегі мұз айдындарынан айырмашылығы – мұнда жай ғана шеңбер бойымен сырғанап қана қоймай, ұзын мұз жолымен нағыз серуен құруға болады. Келушілердің жайлы демалуы үшін жылы павильондар, коньки жалға беру пункті, отбасылық демалыс аймақтары және сәндік жарықтандыру қарастырылған. Мұзды сақтаудың арнайы жүйесінің арқасында мұз айдыны күн жылынған кезде де жұмыс істей алады.

Сарайшық ауданындағы қысқы локациялардың бірі "Қазақ елі" алаңы болады. Ол жерде де мұз айдынын салу жоспарланған. Тағы екі мұз алаңы Жүргенов көшесінде және Президент саябағында ашылады.

Елорданың тағы бір қызықты қысқы орны  – Алматы ауданындағы Triathlon Ice Park. Триатлон саябағында ауданы 1 200 шаршы метр болатын заманауи мұз айдыны жабдықталуда, онда Астана тұрғындары мен қонақтары ауа райы салыстырмалы түрде жылы болған кезде де уақытты тиімді өткізе алады. Арнайы тоңазытқыш жабдықтар мен мұзды сақтау технологиясының арқасында алаң температураның шамалы ауытқуына қарамастан жұмыс істей алады. Келушілер үшін коньки жалға беру, жылы демалыс аймағы, ыстық сусындар мен тамақтану орындары қарастырылған. Сәндік жарықтандыру ерекше атмосфера сыйлап, мұз айдынын кешкі серуендер мен отбасылық демалыс үшін тартымды орынға айналдырады. Сонымен қатар Алматы ауданында қысқы алаңдарды "Құмыра" (Кувшин) локациясында, сондай-ақ "Жерұйық" және "Жастар" саябақтарында жабдықтау жоспарлануда.

Байқоңыр ауданында мұз айдындары "Ататүрік" саябағында және "Жастар" сарайының жанында жасалып жатыр. Бұдан бөлек, мұз сырғанақтарын 9 локацияда, соның ішінде Өндіріс, Кирпичный, Казгородок тұрғын алаптарында және Қоянды саяжай алқабында орнату жоспарлануда.

Қысқы демалыс әуесқойларына арналған тағы бір алаң Нұра ауданында ашылады. Мұз айдынын "Астана Арена" стадионының жанында жабдықтау жоспарланған.

Елордада қоғамдық орындарды қысқы маусымға дайындау жұмыстары жалғасуда. Аталған мұз айдындары мен сырғанақтар  Астана тұрғындары мен қонақтары үшін жабдықтау жоспарланған алаңдардың бір бөлігі ғана. Қала аудандарында қысқы демалысқа арналған басқа да орындарды дайындау жұмыстары жүргізілуде. Табиғи мұзы бар айдындарды құю тұрақты аязды ауа райы орнағаннан кейін басталады. Қосымша локациялар мен олардың ашылу мерзімдері туралы ақпарат алаңдардың дайын болуына қарай хабарланады.

Осылайша, елордадағы қысқы демалыс тек бірнеше орталық алаңмен шектелмейді. Қаланың әр ауданындағы тұрғындар үйлерінің жанында, таза ауада белсенді демалуы үшін тұрғын алаптарда да қолайлы жағдай жасалады.

Қ. САЙЛАУОВА 

Сайт Әкімшілігі
Тегтер: Астана