Елшілік: Норвегияда ұсталған Қазақстанның 60 азаматын депортациялайды
Қазақстанның Норвегиядағы елшісінің орынбасары Талғат Жұмағұлов Норвегияда Қазақстанның 60 азаматы ұсталғанын растады.
Елшілік өкілінің айтуынша, оларды 25 қыркүйекте Эйдсволл коммунасындағы қонақ үйде (мотель) ұстаған. Қазір оларды Қазақстанға депортациялау мәселесі қаралып жатыр.
— Оларды жақын арада Қазақстанға жіберуді жоспарлап отыр. Оларды мигрант деп атау үшін бұл жаққа жұмыс істеуге келгенін дәлелдейтін құжаттары болуы керек. Ал олар бұл жаққа туристік визамен келген. Бұл заңсыз. Сол себепті оларды елден шығармақшы, — деді Талғат Жұмағұлов 27 қыркүйекте.
Бұған дейін норвегиялық VG сайты "көші-қон ережелерін бұзған" ондаған шетел азаматының ұсталғанын, олардың басым бөлігі қазақстандық екенін жазған. Ұсталғандардың 60-тан астамы Қазақстан, алтауы Қырғызстан, екеуі Ресей азаматы екені хабарланды.
Қазақстанның сыртқы істер министрлігі 27 қыркүйекте Азаттыққа бұл мәліметті тексеріп жатқанын айтты.
— Қазақстан азаматтары ол жақта не себеппен жүргенін, неліктен депортацияланатынын елшілік анықтауға кірісті. Ақпарат толық болғанда хабарлаймыз,- деді СІМ баспасөз қызметінің жетекшісі Нұрбек Алмашов.
Соңғы жылдары жұмыс табу мақсатында шетелге кеткен қазақстандықтар саны ұлғайған. Қазақстанның СІМ дерегінше, өткен жылы Оңтүстік Кореяда шамамен он мың қазақ мигранты болған.
Оқи отырыңыз: "Қазақстандықтардың көбі Оңтүстік Кореяда қалғысы келеді"
Ресейлік көші-қон қызметінің жақында жариялаған баяндамасына сәйкес, 2019 жылы қаңтар мен маусым айы аралығында ақша табу мақсатында Ресейге 100 мыңнан астам қазақстандық барған.