Еңбек адамына берілген мүмкіндік
Елордада бос жұмыс орындарының жәрмеңкесі өтті. Елуден астам компания 500-ден астам вакансия ұсынды.
Астанада қаланың жетекші жұмыс берушілерін, белсенді жастарды, тәжірибелі мамандарды және кәсіби бағытын өзгерткісі келетін азаматтарды бір алаңға жинаған ауқымды бос жұмыс орындарының жәрмеңкесі өтті. Іс-шараға ірі компаниялар мен қала тұрғындары тарапынан өте жоғары қызығушылық байқалды.
Жәрмеңкеде экономиканың түрлі салаларынан келген 50 жұмыс беруші мен серіктес ұйымдар өздерінің есігін айқара ашып, 536 бос жұмыс орнын ұсынды. Ұсынылған жұмыс орындарының бағыты сан алуан. Өнеркәсіп және өндіріс, қызмет көрсету саласы, IT-технологиялар мен цифрландыру, сауда және маркетинг салаларындағы жұмыс орындарға сұраныс көп екені байқалды.
Жұмыс іздеушілер үшін ең тартымды тұсы жәрмеңкенің жалақы мөлшері болды. Ұсынылған лауазымдар бойынша айлық ақы 250 мыңнан 500 мың теңгеге дейін жетеді. Мұнда оқуын жаңа бітірген түлектер де, көпжылдық еңбек өтілі бар кәсіби мамандар да өздеріне лайықты жұмыс таба алды.
Жәрмеңкеге келген қала тұрғындары өз әсерлерімен бөлісті. Мысалы, университет түлегі Аружан Ермекова: «Оқуды биыл ғана бітірдім, тәжірибем аз болған соң жұмыс табу қиын ба деп уайымдаған едім. Мұнда бір жерде ондаған ірі компания жиналыпты. Бірнеше жерге түйіндемемді қалдырдым, IT саласы бойынша сұхбаттан өттім. Жастарға осындай мүмкіндік берілгені қуантады», – дейді.
Сондай-ақ жұмыс берушілер де іс-шараның тиімділігін жоғары бағалап отыр. Айталық, ірі өндірістік компанияның HR-директоры Марат Белгібаев:«Қазір нарықта білікті жұмысшы мамандар мен инженерлерге сұраныс өте жоғары. Бүгін біз өзіміз іздеген бірнеше жас маманды кездестіріп, жұмысқа шақырдық. Түйіндеме жинау базамызды жақсы толықтырып алдық», – деді.
Жалпы, іс-шара барысында сарапшылар мен кадр қызметтерінің өкілдері елордадағы жұмыспен қамту жағдайының аралық қорытындысын шығарды. Талдау нәтижесі көрсеткендей, қазіргі уақытта жұмыс берушілер арасында білікті жұмысшы мамандарға, инженерлерге, сондай-ақ қызмет көрсету және білім беру саласының мамандарына деген сұраныс ерекше жоғары болып отыр.
«Жәрмеңке көптеген азаматтардың тұрақты жұмыс тауып, кәсіби тұрғыдан өсуіне үлкен серпін берді», – деді шараны ұйымдастырушы Астана қаласы әкімдігінің Еңбек мобильділігі орталығының мамандары.
Жалпы, Еңбек мобильділігі орталығы азаматтарға жұмысқа орналасуға жәрдем көрсетеді. Орталық мамандары жұмыс іздеушінің мамандығы мен біліктілігін, кәсіби даярлығын, жұмыс тәжірибесі мен дағдыларын, жалақыға қатысты талаптарын, жұмыс уақытының режимін және жұмыс беруші белгілеген өзге де талаптарды ескере отырып, қолайлы бос жұмыс орындарын іріктейді.
Үміткерлердің түйіндемелері жұмыс берушілерге жолданып, әңгімелесуге қатысуына мүмкіндік беріледі. Сұхбат нәтижесі оң болған жағдайда жұмыс беруші азаматты тұрақты жұмыс орнына қабылдайды.
Еңбек мобильділігі орталығы өз қызметін Мансап орталығы арқылы жүзеге асырады. Мансап орталығы жұмыс іздеушілерге, жұмыссыз азаматтарға және жұмыс берушілерге еңбек делдалдығы қызметін көрсетеді. Сонымен қатар еңбек нарығындағы жұмыс күшіне сұраныс пен ұсынысты талдап, олардың өзгеруіне болжам жасайды.
Орталық еңбек нарығының жағдайы туралы халықты, жергілікті атқарушы органдарды және еңбек ресурстарын дамыту саласындағы уәкілетті ұйымдарды хабардар етеді. Сондай-ақ азаматтарды жұмыс іздеуші және жұмыссыз ретінде тіркеп, оларды жұмыспен қамтуға бағытталған белсенді шараларды ұйымдастырады.
Мансап орталығы азаматтардың мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек пен жұмысынан айырылу жағдайы бойынша әлеуметтік төлем алуға қатысты өтініштерін қабылдайды. Бұдан бөлек, атаулы әлеуметтік көмек алушыларды жұмыспен қамтуға жәрдемдесу мәселелері бойынша жергілікті атқарушы органдармен өзара іс-қимыл жасайды.
Осылайша, Еңбек мобильділігі орталығының негізгі міндеті – жұмыс іздеушілер мен жұмыс берушілерді байланыстыру, азаматтарға лайықты жұмыс табуға көмектесу және еңбек нарығындағы сұраныс пен ұсынысты тиімді үйлестіру.
Қарлығаш САЙЛАУОВА