Сараптама

Еңбек дауы сот залындағы қанды оқиғаға ұласты: Түркістанда мұғалім неге өзіне қол салды

Түркістан облысы Ордабасы ауданы Ықыластемір ауылындағы Мұхаммед Хайдар Дулати атындағы білім ордасында директор мен мұғалім арасындағы дау бірнеше айдан бері жалғасып келеді. Жақында өткен сот отырысында мұғалім Хасен Ерімбетов сот залында өзіне қол жұмсады. Бұл оқиға қоғам назарын аударып, әлеуметтік желіде қызу талқыланып жатыр. Қазіргі таңда оның туыстары билік пен БАҚ өкілдерінен араша сұрап, істің әділ қаралуын талап етіп отыр.

Фото: ЖИ / Жас Алаш

Дау неден басталды?

Негізгі дау мектеп директоры мен өзін заңсыз қудалауға ұшырадым деп есептейтін мұғалім – директордың орынбасары болған Хасен Ерімбетов арасында туған. Ерімбетовтің туыстарының айтуынша, бұл оқиға еңбек дауы ғана емес, мектеп ішіндегі ықтимал заңсыздық туралы мәселе көтерген мұғалімге қысым көрсетуден басталған. Хасен Ерімбетовтің інісі Азат Ерімбетовтің айтуынша, ағасы Ордабасы ауданы Ықыластемір ауылындағы М.Х.Дулати атындағы мектепте ұзақ жылдан бері мұғалім болып жұмыс істеген. Былтыр ол мектеп директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары қызметін атқарған. Туыстары оның 24 жылдық тәжірибесі бар, осы уақытқа дейін ескерту алмаған маман екенін айтады.

Азат Ерімбетовтің сөзінше, дау 2025 жылы басталған. Бір күні мектепке жұмыспен қамту орталығынан тексеріс келіп, белгілі бір азаматтың осы оқу орнында жұмыс істейтін-істемейтінін сұраған. Хасен Ерімбетов ондай қызметкердің мектепте жұмыс істемейтінін айтқан. Алайда құжат бойынша ол адамның М.Х. Дулати атындағы мектепке жұмысқа орналасқанына екі айға жуық уақыт болғаны көрсетілген.

«Директордың мөрі қойылған құжат та бар екен. Ал шын мәнінде директор аталған азаматпен келісіп, оны жұмысқа орналастырғандай болып, түскен қаржыны алып отырған көрінеді. Ағам оны байқап, директорға заңсыз жұмыс істеп отырғанын ескерткен. Содан кейін аудандық білім бөліміне барып шағымданған. Барлық дау осы жерден басталды», – дейді Азат Ерімбетов.

Осы оқиғадан кейін мектеп басшылығы Х. Ерімбетовке қысым көрсете бастаған көрінеді. Алдымен қатаң сөгіс беріліп, кейін оқу ісі жөніндегі орынбасары қызметінен алынған. Бұдан соң ол еңбек инспекциясына жүгінген.

Фото: Азат Ерімбетов / ЖИ көмегімен қайта өңделді

«Инспекция нұсқамасынан кейін жұмыстан мүлдем шығарып жіберді»

Азат Ерімбетовтің айтуынша, алдымен ағасы 2025 жылғы желтоқсанда №22 бұйрықпен директордың орынбасары қызметінен алынып, мұғалім етіп қалдырылған. Кейін еңбек инспекциясы бұл әрекеттердің заңсыз екенін көрсеткен. Алайда содан кейін жұмыс беруші жағдайды қалпына келтірудің орнына, 2026 жылғы қаңтарда №5 бұйрық шығарып, Хасен Ерімбетовті жұмыстан толық босатқан.

«Ағам құқығын қорғау үшін еңбек инспекциясына арызданды. Олар облыстан тексеріп келіп, директорға бұйрықтарының заңсыз екенін көрсетіп, қалпына келтіру туралы нұсқау берген. Бірақ директор бәрін керісінше істеді. Желтоқсанда орынбасарлықтан алса, қаңтарда мүлдем жұмыстан шығарып жіберді», – дейді ол.

Оның сөзінше, бұдан кейін Ерімбетов азаматтық сотқа арыз түсірген. Қазір азаматтық сот пен қылмыстық процесс қатар жүріп жатыр.

Еңбек инспекциясы нені анықтады?

Хасен Ерімбетовтің туыстары еңбек инспекциясының нұсқамаларының көшірмесін редакцияға жолдады. Құжатқа сәйкес, 2026 жылғы 14 сәуірде Түркістан облысы бойынша мемлекеттік еңбек инспекциясы Мұхаммед Хайдар Дулати атындағы жалпы білім беретін мектепке қатысты тексеру жүргізіп, еңбек заңнамасын бұзу фактілерін анықтаған.

Тексеру қорытындысында мектеп директоры Балжан Төлтебайдың Хасен Ерімбетовті жұмыстан босату туралы 2026 жылғы 27 қаңтардағы №5 бұйрығына негіз болған бірқатар тәртіптік құжаттарды рәсімдеу кезінде еңбек заңнамасының талаптары сақталмағаны көрсетілген. Атап айтқанда, инспектордың нұсқамасында 2025 жылғы 29 қазандағы №40 зерделеу анықтамасы, 2025 жылғы 2 қазандағы №16 қатаң сөгіс беру туралы бұйрық, 2025 жылғы 1 желтоқсандағы зерделеу қорытындысы, сондай-ақ 2025 жылғы 18 және 25 желтоқсандағы комиссия хаттамалары бойынша тәртіптік жаза қолдану мерзімі өтіп кеткені айтылған.

Еңбек инспекциясының қорытындысында Қазақстан Республикасы Еңбек кодексінің 66-бабы 1-тармағы мен 23-бабы 2-тармағының 1-тармақшасы талаптарының бұзылғаны көрсетілген. Осыған байланысты жұмыс берушіге анықталған заң бұзушылықтарды 2026 жылғы 28 сәуірге дейін жою жөнінде нұсқама берілген.

Сонымен қатар тексеру барысында мектептің келісім комиссиясының мүшелері Қазақстан Республикасы Еңбек кодексінің 159-бабының 8-тармағында көзделген еңбек дауларын қарау тәртібі бойынша оқытудан өтпегені анықталған. Еңбек инспекциясы бұл жағдайды да заң бұзушылық деп танып, келісім комиссиясы мүшелерін арнайы оқытуды 2026 жылғы 28 сәуірге дейін ұйымдастыруды міндеттеген.

Бұдан бөлек, еңбек инспекторы мектеп директорының 2026 жылғы 22 қаңтардағы №25 бұйрығымен Хасен Ерімбетовке тәртіптік жаза қолдану кезінде де заң талаптары сақталмағанын көрсеткен. Нұсқамаға сәйкес, жұмыс беруші 2025 жылғы 13 маусымдағы бұйрыққа кейіннен өзгеріс енгізу арқылы қызметкерге тәртіптік жаза қолданған. Инспектор мұны тәртіптік жаза қолдану мерзімі өтіп кеткеннен кейін рәсімделген әрекет деп бағалап, Қазақстан Республикасы Еңбек кодексінің 66-бабы 1-тармағы мен 23-бабы 2-тармағының 1-тармақшасы талаптарының бұзылғанын атап өткен.

Осы бұзушылықтарды жою және еңбек заңнамасының талаптарын толық сәйкестендіру жөнінде жұмыс берушіге 2026 жылғы 28 сәуірге дейін мерзім берілген. Бірақ Ерімбетов тарапының айтуынша, инспекция нұсқамаларынан кейін де жағдай өзгермеген.

Фото: Азат Ерімбетов

Соттағы жанжал. «Әділдік іздеп барып, өзі қамалды»

Даудың ең шиеленіскен тұсы сот отырыстарында болған. Азат Ерімбетовтің айтуынша, Хасен Ерімбетов сот барысында істің әділ қаралып жатқанына күмән келтіріп, судьяға қарсылық білдірген. Алайда бұл қарсылық толық ескерілмеген көрінеді.

«Сот барысында ағамда «сот сатылып кетті» деген күдік туды. Ол сотқа қарсылық білдірді. Сөйтіп, сот залынан шығып кетеді. Кейін оған Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 653-бабы бойынша іс қозғады. Яғни соттан шығып кеттің деген мәнде ескерту берді», – дейді Азат Ерімбетов.

Оның айтуынша, 28 мамырда өткен сот отырысында да Хасен Ерімбетов сотқа қарсылық танытқан. Бұл жолы оның әйелі, балалары мен туыстары да залдан шығып кеткен. Ал 3 маусым күні полиция таңертең Ерімбетовтің үйіне барып, оны сотқа күштеп алып келген.

«Сотта Ерімбетовтің өз құқығын қорғауына мүмкіндік берілмеді. Хаттамада Ерімбетовтің сотқа құрметсіздік танытқаны, сот залынан шығып кеткені жазылған. Ал Ерімбетовтің судьяға қарсылық танытқаны туралы бірде-бір ауыз сөз жоқ. Х.Ерімбетов бұл туралы да айтты. Алайда Судья Әбубәкіров ағамның сөзін тыңдаған да жоқ, Бірден шешімді оқып, 5 күнге қамау туралы үкім шығарды. Сөйтіп, 24 жылдық тәжірибесі бар мұғалім, соншама уақытта ешқашан ескерту алмаған маман әділдік іздеп барып, өзі қамалды», – дейді ол.

Осы шешім жарияланғаннан кейін Хасен Ерімбетов сот залында қалтасынан пышақ шығарып, өзіне қол салған. Туыстарының айтуынша, сот залындағылар сасып қалған, ал жақындарының телефондары алдын ала алынып қойылғандықтан, олар жедел жәрдем шақыра алмаған.

«Қанды көрген сот күзетшілері қашып кетті. Біздің телефондарымызды алып қойған. Жедел жәрдем шақыра алмай қалдық. Дауысымызды естіп сырттан біреу жүгіріп келіп, дәрігер шақырды. Ағам 20 минуттай қансырап жатты. Қазір ауруханада. Бірден ота жасады. Қарны 10 сантиметрдей кесіліп кетіпті», – дейді Азат Ерімбетов.

Туыстарының айтуынша, Ерімбетов 5 айдай жұмыссыз жүрген, несиесі бар, алты баланың әкесі. Үш баласы студент. Қазіргі таңда есепшоттары бұғатталған. Олар мұғалімнің мұндай қадамға баруын ұзаққа созылған қысым, жұмыссыздық және әділдік таппағанына ашынуымен байланыстырады.

Азат Ерімбетовтің сөзінше, мектеп директоры Балжан Төлтебай 2017 жылдан бері осы қызметте отыр. Ол директордың бір орында ұзақ жыл қызмет етуі де сұрақ туғызатынын айтады.

«Біз бұл мәселе бойынша аудандық білім бөліміне де бардық. Бірақ олар директорға қарсы ештеңе істей алмай отырғандай көрінеді. Сонда Балжан Алтынбекқызы деген кім? Жоғарыда «көкесі» бар ма? Неге оған білім бөлімінің шамасы келмейді?» – дейді ол.

Ерімбетов тарапының айтуынша, сот барысында судья екі тарапты татуластыруға тырысқан. Хасен Ерімбетов бұған қарсы болмаған. Алайда мектеп директоры татуласуға ниет танытпаған.

«Сот барысында судья екі тарапты татуластыруға да тырысты. Ағам қарсы болмайтынын айтты. Бірақ директор татуласуға бейіл емес, «құртам» деп қасарысып отыр. Алғашқы сот отырысында судья Ерімбетовтің не үшін жұмыстан шығарылғанын директордан сұрады. Ол бәрі заң жүзінде екенін айтады. Басқа себеп көрсетіп отырған жоқ. Жұмыстан шығарарда белгілі бір себеп болуы керек қой. Бір құжатты сотқа алдыра алмай қаншама уақыт өткіздік. Еңбек инспекциясының нұсқауы бар. Бірақ сот созылып кетті. Қазір «сот сатылып кеткен бе?» деген біздің күдігіміз бар. Ағам өзіне қол салардан бір күн бұрын сөйлестік. Ол сол кезде «мен сотқа әділдік іздеп бардым, алайда бұлар өзімді кінәлі етіп шығарды. Мені қамап жатыр, ертең ел-жұрттың алдында қалай басымды көтеріп жүрем» деп ашынып отырды. Міне, содан кейін осындай жағдай болып отыр, – дейді мұғалімнің інісі.

Адвокат не дейді?

Х.Ерімбетовтің адвокатының айтуынша, қорғауындағы азаматтың өзіне қол салуына соттардың әділетсіздігі себеп болып отыр. Қазіргі күнде Х.Ерімбетов директорға қарсы төрт арыз жазған.

«Біз сот барысында судьяға қарсылық таныттық. Қазір директорға қатысты еңбек заңнамасын бұзғаны үшін қылмыстық іс қозғалып жатыр. Бұдан бөлек, біз тағы да екі түрлі арыз жолдағанбыз. Бірін жоғарыда айттық қылмыстық іс болса, екеуі азаматтық іс. Төртіншісін тағы бердік. Қазір сот бірінші арыз бойынша директордың арызын қарады. Бірақ біздің арызымызды қанағаттандырусыз қалдырды. Ал заң бойынша іс қабылданғаннан кейін талап-арыз бойынша жауап берілуі керек. Бұл – әділетсіздік! Бұдан бөлек, біздің ісімізде бірнеше әділетсіздіктер болып жатыр», – дейді қорғаушы.

Фото: ЖИ / Жас Алаш

Облыстық соттың мәлімдемесі

Ал Түркістан облыстық соты оқиғаға қатысты мүлде басқа ұстаным білдірді. Облыстық сотының мәліметінше, сот отырыстары барысында азамат Е. бірнеше рет белгіленген тәртіпті бұзған. Ол төрағалық етуші судьяның заңды талаптарына бағынбай, сот отырысы залынан өз бетінше шығып кеткен. Осы әрекеттері үшін азамат Е. Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 653-бабы («Сотты құрметтемеу») бойынша екі рет әкімшілік жауапкершілікке тартылған.

Облыстық соттың мәліметінде кейінірек соттың әкімшілік қамауға алу туралы қаулысы жарияланған соң азамат Е.-нің өзіне дене жарақатын салғаны айтылған. Сондай-ақ оның туыстары сот мүлкіне зақым келтіргені көрсетілген. Қазіргі уақытта аталған оқиғалар бойынша құқық қорғау органдары сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдарын жүргізіп жатыр.

Директор сауалымызға жауап бермеді

Аталған дауға байланысты мектеп директоры Балжан Төлтебайға да хабарластық. Алайда мектеп директоры телефонын көтермеді. Жазып жіберген хатымызға жауап бермеді.

Редакция бұл дауға байланысты Бас прокуратура, Оқу-ағарту министрлігіне бірнеше ресми сауал жолдады.

P.S. Мақала беттеліп жатқанда редакциямызға Азат Ерімбетов қайта хабарласты. Оның айтуынша, тағы бір ағасы Есен Ерімбетовті сот 293-бап 1-тармақ бойынша 2 айға қамаған. Себебі ол сот барысында ғимарат терезесінің әйнегін сындырған. Азат қазіргі күнде сот, полиция тарапынан туыстарына қысым көрсетіліп жатқанын мәлімдеді. 

Тұрсынбек БАШАР

Сайт Әкімшілігі