Енді 65 жастан асқан жүргізушілер медициналық тексеруден өтуге міндеттеледі
25 тамыздан бастап Қазақстанда жүргізушілерге қатысты жаңа талаптар күшіне енеді. Енді 65 жастан асқан азаматтар мен мүгедектігі бар жүргізушілер әр екі жыл сайын міндетті медициналық тексеруден өтуге тиіс.
Жаңа тәртіпке сәйкес, белгіленген мерзімде медициналық тексеруден өтпеген жүргізушілердің жүргізуші куәлігінің күші жойылуы мүмкін. Сонымен қатар Жол қозғалысы қағидаларын өрескел бұзған жүргізушілер қайтадан теориялық емтихан тапсыруға жіберіледі.
Бұдан бөлек, мас күйінде көлік басқарған азаматтарға қатысты жауапкершілік те күшейтіледі. Енді мұндай құқық бұзушылық үшін қылмыстық іс тараптардың татуласуына байланысты тоқтатылған күннің өзінде жүргізуші куәлігінен сегіз жылға айырылады.
Жаңа өзгерістер жол қозғалысы қауіпсіздігін күшейтуге және жүргізушілердің жауапкершілігін арттыруға бағытталған.