Қоғам

Енді көлік нөмірін мұраға қалдыруға болады

2026 жылғы 25 мамырдан бастап Қазақстанда автокөліктерді тіркеу ережесіне бірқатар өзгеріс енгізіледі. Жаңа тәртіпке сәйкес, пайдаланылған мемлекеттік тіркеу нөмірлерін көлік иесінің жақын туыстары мен мұрагерлеріне рәсімдеуге рұқсат беріледі.

Фото: kolesa.kz

Жаңа норма бойынша нөмірлер мемлекеттік органдарға, дипломатиялық өкілдіктерге, сондай-ақ иесінің туыстары мен заңды мұрагерлеріне берілуі мүмкін. Жақын туыстар қатарына ата-аналар, балалар, ерлі-зайыптылар, аға-інілер мен әпке-сіңлілер, ата-әжелер мен немерелер, сондай-ақ асырап алушылар мен асыранды балалар кіреді.

Сонымен қатар Ішкі істер министрлігі сұранысқа ие «әдемі» мемлекеттік нөмірлердің тізімін кеңейтеді. Енді 101, 202, 303, 404, 505, 717, 808 және 909 сияқты қайталанатын әрі симметриялы сандар ресми түрде сатылымға шығарылады. Бұл нөмірлерді бірдей әріптермен бірге тапсырыс беруге де мүмкіндік жасалады. Алайда толықтай айна тәрізді әріптік комбинациялар әзірге сатылмайды.

Жаңа «әдемі» нөмірлер үшін мемлекеттік баж мөлшері 15 айлық есептік көрсеткіш (АЕК) мөлшерінде болады. 2026 жылғы есеп бойынша бұл шамамен 64,9 мың теңгеге тең. Ал егер нөмір бірдей әріптермен толықтырылса, оның құны 72 АЕК-ке дейін өсіп, шамамен 311,4 мың теңге болады.

Айта кетейік, бұл тарифтер бұған дейін Салық кодексінде қарастырылған болатын. Енді олар автокөліктерді тіркеу ережесіне ресми түрде енгізіліп отыр.

Сайт Әкімшілігі