Қоғам

Енді мұғалімдер оқушыларға тек сабақ кезінде ғана жауапты болады

Мәжіліс педагог мәртебесі, білім беру, денсаулық сақтау және бала құқықтарын қорғау мәселелері жөніндегі заңды, сондай-ақ Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекске ілеспе түзетулерді екінші оқылымда қабылдады.

Фото: из открытых источников

Жаңа нормаларға сәйкес, педагогтердің білім алушылар үшін жауапкершілігі тек оқу процесі жүріп жатқан уақытпен шектеледі. Ал балалардың өмірі, денсаулығы мен қауіпсіздігіне қатысты ата-аналардың жауапкершілігі артады.

Сонымен қатар мұғалімдерге есептілікті қағаз және электронды форматта қатар жүргізуге тыйым салынады. Бұл ұстаздардың артық жүктемесін азайтуға бағытталған.

Орта білім беру ұйымдарында ұялы телефондарды пайдаланудың бірыңғай ережелері енгізіледі. Сондай-ақ мектеп оқушыларын ғылыми жұмыстарға тарту үшін әкімдіктер деңгейінде қосымша шаралар қабылданбақ.

Үкімет бастамасымен заңға Қазақстан аумағында шетелдік жетекші жоғары оқу орындарының филиалдарын ашуға қатысты жаңа құқықтық нормалар да енгізілген.

Мұндай филиалдар мемлекеттік білім стандарттарының талаптары сақталған жағдайда ғана жұмыс істей алады.

Түзетулердің тағы бір бөлігі медициналық білім беру жүйесін жаңғыртуға бағытталған. Атап айтқанда, интеграцияланған медициналық білім беру моделіне көшу ұсынылып отыр.

Жаңа модель бойынша студенттер жоғары оқу орнында 6 жыл білім алып, кейін 1 жыл толыққанды интернатурадан өтеді. Оқуын аяқтаған түлектерге медициналық практикамен айналысу құқығы беріледі, ал интернатура клиникалық тәжірибе кезеңі ретінде қарастырылады.

Сайт Әкімшілігі