Қоғам

Енді бейтаныс нөмірден кім хабарласып жатқанын білуге болады

Қазақстанда енді банк, дүкен немесе емхана сияқты ұйымдардан хабарласқан кезде телефон экранында қоңырау шалушы мекеменің атауы шығады.

Фото: ашық дереккөз

Жаңа жүйе бейтаныс нөмірлерді ажыратуға және алаяқтық қоңыраулардың алдын алуға бағытталған. Бұл туралы жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиев мәлімдеді.

Министрдің айтуынша, SIM-картаны тіркеу кезінде абонент жеке басын биометриялық деректер арқылы растауы керек. Ал IMEI коды арқылы елге заңсыз әкелінген немесе сәйкестендіру нөмірі өзгертілген телефондарды анықтауға болады.

Жаңа талаптарға сәйкес, ұйымдардан түскен қоңыраулар арнайы таңбаланады. Мәселен, банк, дүкен немесе емхана хабарласса, экранда сол мекеменің атауы көрсетіледі. Бұл пайдаланушыларға қоңыраудың қайдан түскенін анықтауға көмектеседі.

Сонымен қатар интернет және халықаралық қоңырау қызметтерін ұсынатын операторлар арнайы лицензия алуға міндеттеледі.

Сайт Әкімшілігі