Енді сабақтан көп қалатын оқушылар арнайы есепке алынады
2026 жылғы 21 қарашадан бастап Қазақстанда балаларды есепке алу және мектептегі буллингтің алдын алу қағидалары өзгереді.
Жаңа тәртіп бойынша 0-ден 18 жасқа дейінгі балалар туралы мәліметтер бірыңғай базаға жинақталады. Ал сабақтан себепсіз жиі қалатын оқушылар жөніндегі ақпарат ішкі істер органдарымен ай сайын салыстырылып отырады.
Жергілікті білім басқармалары мектепке дейінгі және мектеп жасындағы балаларды бірыңғай есепке алады. Мәліметтер Ұлттық білім беру базасы негізінде қалыптастырылып, оған баланың аты-жөні, ЖСН-і, туған күні мен тұрғылықты мекенжайы енгізіледі.
Базаға балабақша тәрбиеленушілері, мектеп оқушылары, колледж студенттері, біліммен қамтылмаған және денсаулығына байланысты оқуға жатпайтын балалар туралы ақпарат енгізіледі. Сондай-ақ сабақтан дәлелді себепсіз жүйелі түрде қалатын оқушылар да есепке алынады. Олар туралы мәліметтер ішкі істер органдарымен келісіліп, әр айдың 10-на дейін Ұлттық білім беру базасына енгізілуі керек.
Буллингтің алдын алу тәртібі де өзгереді. Енді білім саласындағы жергілікті атқарушы органға әлімжеттік туралы ақпарат түскеннен кейін оны бір жұмыс күні ішінде тіркеу міндеттеледі.
Мектептер буллингке қатысқан балаларға психологиялық қолдау көрсетуі тиіс. Ол үшін жәбірленген баланы әлеуметтік оңалту және әлімжеттік жасаған оқушыны әлеуметтік бейімдеу бойынша жеке жұмыс жоспары әзірленеді.
Егер мектепішілік есепке алынған баланың мінез-құлқында алты ай ішінде оң өзгеріс байқалмаса, оған қатысты материалдар кәмелетке толмағандардың істері және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі комиссияға жіберіледі.
Жаңартылған қағидалар 2026 жылғы 21 қарашадан бастап күшіне енеді.