Қоғам

Энергетика министрлігі Қазақстанда алғашқы атом электр станциясы салынатын жерді атады

Энергетика министрлігі Қазақстандағы бірінші атом электр станциясы (АЭС) салынатын жерді таңдады.

Jasalash.kz

Энергетика министрлігінің мәліметінше, Мемлекет басшысының Қазақстанда атом энергетикасын дамыту мүмкіндігін зерделеу жөніндегі тапсырмасын орындау мақсатында реакторлық технологияларды таңдау бойынша бұрын жүргізілген зерттеулерді өзектендіру, атом электр станциясының қуаты мен құрылыс ауданын анықтау бойынша жұмыстар жүргізілді.

«Зерттеу нәтижелері бойынша АЭС құрылысына ең қолайлы аумақ ретінде Алматы облысы, Жамбыл ауданы, Үлкен ауылының аумағы таңдалды», — деп хабарлады ведомстводағылар.

Елдегі алғашқы атом электр станциясы үшін ұқсас станцияны салу және сәтті пайдалану тәжірибесінде тексерілген технологияны таңдау ұсынылады. Осыған байланысты ядролық технологиялардың мынадай әлеуетті жеткізушілерінен тұратын «шорт-тізім» жасалды:

  • HPR-1000 қытайлық CNNC компаниясы;
  • APR-1400 реакторы бар корей KHNP компаниясы;
  • ВВЭР-1200 және ВВЭР-1000 реакторлары бар Ресей Росатом компаниясы;
  • EPR-1200 реакторы бар француз EDF компаниясы.

Зерттеу нәтижелері 2022 жылғы мамырда атом саласын дамыту жөніндегі ведомствоаралық комиссияның отырысында қаралды және мақұлданды.

«Атом энергиясын пайдалану туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 12-бабына сәйкес ядролық қондырғыларды салу және салу ауданы туралы шешімді аумағында қондырғы салу жоспарланып отырған жергілікті өкілді органдардың келісімімен Қазақстан Республикасының Үкіметі қабылдайды. Бұл ретте мәслихат жергілікті өкілді орган саналады.

«Осыған байланысты, 2022 жылдың қараша айында өткен Алматы облысы мәслихатының кезекті сессиясында аудан тұрғындарының қолдауы болған жағдайда құрылысты жүргізуге келісім беру туралы шешім қабылданды», — деп хабарлады Энергетика министрлігі.

Алматы облысының әкімдігі қоғамдық талқылауға бастамашы болды.

Сайт Әкімшілігі
Тегтер: Без Тега