Оқиғалар

Энергетика жүйесін дамыту – экономиканың тұрақты өсімінің негізі

Қазақстан алдағы жылдары электр энергиясының тапшылығын толық еңсеріп, тұрақты қуат резервін қалыптастыруды көздеп отыр.

Фото: ашық дереккөз

Үкімет отырысында энергетика саласын дамыту, жаңа генерация көздерін іске қосу және өңірлерді газдандыру жұмыстарын жеделдету мәселелері қаралып, елдің энергетикалық қауіпсіздігін нығайтуға бағытталған жоспарлар талқыланды.

Энергетика министрі Ерлан Ақкенженовтің айтуынша, бүгінде Қазақстанның энергетикалық жүйесіне дәстүрлі электр станцияларымен қатар жаңартылатын энергия көздері де белсенді қосылып келеді. Соның нәтижесінде электр энергиясын өндіру көлемі жыл сайын артып, өндіріс пен тұтыну арасындағы айырмашылық біртіндеп қысқаруда.

«2035 жылға дейінгі энергетика саласын дамыту жоспары аясында жалпы қуаты 26,3 гигаваттан астам жаңа генерация іске қосылады. Соның ішінде 2029 жылдың соңына дейін 13,3 гигаватт жаңа қуат пайдалануға беріледі. Бұл 2027 жылдан бастап ел экономикасының электр энергиясына деген қажеттілігін толық қамтамасыз етіп, кейін тұрақты қуат профицитін қалыптастыруға мүмкіндік береді», – деді Ерлан Ақкенженов.

Жоспарға сәйкес, жаңа энергетикалық нысандарды салумен қатар қолданыстағы станцияларды жаңғырту жұмыстары да жалғасады. Мемлекет көмір генерациясын экологиялық талаптарға сай дамытуға, газ электр станцияларының үлесін арттыруға және жаңартылатын энергия көздерінің әлеуетін кеңейтуге басымдық беріп отыр. Бұл шаралар электр энергиясының сенімділігі мен жүйенің тұрақтылығын күшейтуге бағытталған.

Үкімет отырысында өңірлерді газдандыру мәселесіне де ерекше назар аударылды. Қазіргі уақытта елімізде газ тасымалдау инфрақұрылымын дамытуға арналған ондаған жоба жүзеге асырылып жатыр. Солардың қатарында солтүстік өңірлерді табиғи газбен қамтамасыз етуге арналған «Есіл – Астана» магистральдық газ құбырының құрылысы стратегиялық жобалардың бірі ретінде аталды. Бұл бастама елдің энергетикалық қауіпсіздігін күшейтіп қана қоймай, халықты көгілдір отынмен қамту деңгейін арттыруға мүмкіндік береді.

Сарапшылардың пікірінше, жаңа электр станцияларын іске қосу, жаңартылатын энергия көздерін дамыту және газдандыру жобаларын қатар жүзеге асыру Қазақстанның энергетикалық жүйесін жаңа деңгейге көтереді. Мұндай кешенді саясат экономиканың тұрақты дамуына жағдай жасап, өндіріс орындарының, цифрлық инфрақұрылымның және халықтың өсіп келе жатқан энергияға деген сұранысын толық қамтамасыз етуге негіз болады.

Сайт Әкімшілігі
Тегтер: энергия