Сараптама

Еңбек миграциясы: жұмысшы шекара асты, мәселе елде қалды

Шетелге жұмыс іздеп кету әлем елдері үшін таңсық жағдай емес. Бұл үрдістен қазақстандықтар да шет қалып жатқан жоқ.

Фото: из открытых источников

 Дегенмен кейінгі жылдары еңбек миграциясының ауқымы кеңейіп, оның бағыттары да өзгеріп келеді. Бұрын табыс табу мақсатында шекара асатын азаматтар көбіне көршілес Ресейге барса, қазір Оңтүстік Корея, Ұлыбритания, Германия және Еуропаның өзге де мемлекеттеріне жұмыс іздеп баратындардың саны артты. Бірі шетелге маусымдық жұмысқа орналасып, бірнеше айдың ішінде қомақты қаржы жинауды көздесе, енді бірі ұзақ мерзімге тұрақтап, кәсіби тәжірибе жинауға ұмтылады. Әлеуметтік желілерде шетелдегі жұмыс мүмкіндіктері, жалақы мөлшері мен тұрмыс жағдайы туралы ақпараттың көбеюі де еңбек миграциясына деген қызығушылықты арттырып отыр. Былтырғы дерекке сүйенсек, шетелде жұмыс істейтін қазақстандықтардың саны шамамен 126 мың адам. Ал 2026 жылдың алғашқы жартысында Ресейге жұмыс істеу мақсатында 122 мыңнан астам қазақстандық барған делінеді. Бұл тарапта дерек нақты емес, шамамен 15 мыңдай қазақстандық Оңтүстік Кореяда, ал 2 мыңға жуығы Ұлыбритания мен Еуропалық одақ елдерінде еңбек етіп жүргені айтылады. Сонымен, жұмыс іздеп шетел асудың себебі неде? Оның қандай артықшылық, кемшілігі бар. Бүгін осы тақырыпты қозғадық. Біздің сауалымызға саясаттанушы Жанат Момынқұлов пен еңбек мигранты Оразәли Сабыр жауап берді.

Фото: ашық дереккөз/Жанат Момынқұлов

Жанат Момынқұлов, саясаттанушы: Шетелде "бәрі жақсы болып кетуі" неғайбыл

Соңғы жылдары Қазақстаннан Оңтүстік Корея, Еуропа елдері, Ресейге және басқа да мемлекеттерге жұмыс іздеп баратындардың саны жыл санап артып келе жатыр. Ең әуелі, мұның егізгі себептері ретінде қаржылық, материалдық факторды атауға болады. Айлық көлемі арасында үлкен айырмашылық болғандықтан, адамдар табыс үшін, тұрмысын жақсарту және жағдайын өзгерту үшін шетелге шығады. Екі жүз мың теңге алатын жұмысшыға шетелде жақсы жалақысы бар мүмкіндік ұсынылса ойланар еді. Қазақстанда қымбатшылық пен инфляция осындай шешімге итермелеуі мүмкін. Шетелге жұмыс істеуге баратын қазақстандықтардың арасында жоғары білім алған, белгілі бір мамандық иесі атанған жастар да кездеседі. Алайда олардың бір бөлігі шетелде өз мамандығы бойынша емес, зауытта, құрылыста, ауыл шаруашылығында немесе қызмет көрсету саласында еңбек етеді. Шыны керек, бізде несие азаматтардың табысының біразын алады. Елімізде толыққанды орта сынып қалыптасып болды деуге болады. Бірақ олардың саны жалпы халықтың 5-10% көлемін құрайды. Кедейлердің саны да осы көлемде десек, миллионнан асып кетеді. Қалған ортадағы 70-80 пайыз халық арасында білімділері бар, бірақ олардың бәріне лайықты жұмыс болмаған соң немесе болса да жалақысы аз, қажетіне жетпеген соң, ең бастысы, әлеуметтік көңіл күй наразылыққа жақын болса ол адам елден кеткісі келеді. Мейлі ол жоғары білімді, яки тәжірибелі іскер болса да, бағын басқа елден тапқысы келеді. Көшпендіміз ғой, ұнамаса көшетін әдет қанымызда бар. Негізі білімді, бірнеше тіл білетін, ой-өресі елдегі орта деңгейден асып кеткен азаматтар шет елде дамып, білім алып, кәсіп ашып, капитал жинап, балаларын еркін рухты қылып тәрбиелеп, кейін елге тәжірибемен, ақшамен, біліммен, еркіндікпен келсе қандай жақсы? Мен ақылын елге жарата алмай, осында орнын таппаған талантты жастарға осындай кеңес беремін. Америкаға, басқа дамыған елдерге кетіңдер, өніп-өсіп, елге қызмет ету және пайдаңды тигізу үшін толығып қайтып келіңдер деп айтамын. Ел мен жұрт ешқайда қашпайды, орнында тұрады. Тіпті еңбек миграциясын халықтың әлеуметтік жағдайын жақсартудың тиімді жолы деп қарастыруға болады. Мысалы, миграцияны Өзбекстан мен Қырғызстан солай қабылдайды. Білімді жастардың шетелге кетуі елді сыртта танытуға, шетелдің озық тәжірибесін меңгеріп, Отанына қайтып оралуға мүмкіндік береді. Америкада қазақ диаспорасы жүз мыңға жетті, Еуропада да көбейсе, соғұрлым жақсы. Кейін қаржылай мықты болып келсе, елдегі саяси экономикалық жағдайды түзетуге күш салады. Әйтпесе, үкіметтің, мемлекеттің бетіне қарап отыра береміз. Қалай десек те, әрекет,  батылдық қажет. Қазақстанда көптің бірі болып жүргенше, шетелде шыдап, материалдық негіз қалыптастырып, жағдайыңды жасап, өзіне сенімді, еркін ұрпақ болған әлдеқайда жақсырақ.

Бірақ мұнда бір мәселені де ескерген жөн. Шет елге барсам, өмірім түбегейлі өзгереді деу – ол романтизм мен аңғалдық қана. Әрине, барлығын жақсылап ойластырып, алдын ала зерттеп, ақша жинап, дайындалып, барған елдегі алғашқы қиыншылықтарға шыдасаң, бағың ашылады. Бірақ шетелде "бәрі күшті болып кетуі" неғайбыл. Бір айта кетерлігі, еркін елге барсаң және сол елдің ережесіне, заңына бағынсаң, ақша табу үшін тең жағдайлар болуы мүмкін. Қазаққа керегі сол ғой, бәсекеге қабілетті, намысқа тырысып, қандай да бір қиын жұмысты алып шығады. Оларға тек еркін жағдай болса өздері-ақ бәрін еңсереді. Шетелде қазақ ысылады, қабілеті шыңдалады. Бейтаныс кеңістікті игеру – қанымызда әуелден бар қасиет. Қазақты мойындату үшін алдымен шетелді мойындату керек. Бұл тіпті елді мойындатудан оңайырақ. Өйткені шетелде теңдік пен еңбекті бағалау жоғарырақ. Ал бұл таза этика мен тең мүмкіндіктер мәселесі.

Оразәли Сабыр, еңбек мигранты: Шет елдегі табысқа үйренген адамға елдегі жалақыға бейімделу қиын

Колледжді 2018 жылы аяқтаған соң, мамандығым бойынша жұмыс істеп, өз күнімді өзім көргім келді. Алайда сол кездегі еңбек нарығындағы жағдай, әсіресе жас мамандарға ұсынылатын жалақы көңілімнен шықпады. Жұмыс табуға мүмкіндік болғанымен, табысы аз еді. Жас кезіңде алдыңа түрлі мақсат қоясың, жақсы табыс тауып, отбасыңа көмектескің келеді, өз болашағыңды қалыптастырғың келеді. Бірақ ай сайын алатын жалақың күнделікті қажеттіліктеріңнен артылмаса, ойлаған жоспарларыңды жүзеге асыру да қиын екен. Ол кезде жас мамандардың орташа жалақысы шамамен 150 мың теңгеге жетпейтін, дәл осындай табыспен баспана алу, көлік міну немесе қаржы жинау қиын. Оның үстіне жас маман болғандықтан, бірден жоғары жалақы алатын жұмысқа орналасу да мұң. Сондықтан шетелге барып жұмыс істеу туралы ойлана бастадым. Айналамдағы жастардың көбі сол уақытта Оңтүстік Кореяға кетіп жатты. Бірі зауытта, енді бірі құрылыста жұмыс істейтін. Олармен сөйлескенде, Кореядағы жалақының Қазақстанмен салыстырғанда әлдеқайда жоғары екенін еститінмін. Мысалы, Қазақстанда бір ай бойы жұмыс істеп табатын 200 мың теңгені Кореяда екі-үш күнде табуға болатын. Осындай айырмашылықты байқаған соң, мен де бағымды сынап көруге бел будым. Сөйтіп, 2019 жылдың ақпан айында Оңтүстік Кореяға аттандым. Шынымды айтсам, ол кезде шетелде жұмыс істеудің барлық қиындығын жете сезінбедім. Ең басты мақсатым – жақсы табыс табу болды. Қазақстанда қанша уақыт жұмыс істесем де жинай алмайтын ақшаны шетелде бірнеше жылда жинап алуға болады деп ойладым. Оның үстіне айналамда Кореяға барып, жұмыс істеп жүрген таныстарым болғандықтан, бұл ел маған мүлде бейтаныс көрінген жоқ. Дегенмен басқа мемлекеттің тұрмыс-тіршілігіне үйрену, тіл білмей жұмыс істеу, өзіңе таныс ортадан алыстау оңай емес. Әсіресе алғашқы уақытта өзге ортаға бейімделуге тура келеді. Кореяға барған соң Кванджу қаласында тұрақтадым. Сол жақта бірнеше жыл жұмыс істедім. Ол кезде ресми жұмыс істеуге қажетті құжаттарым болмағандықтан, еңбек етуге де, жұмыс орнын таңдауға байланысты да қиындықтар болды.  

Кореядағы алғашқы жұмысым тоңазытқыш құрастыратын зауытта басталды. Бірақ онда көп тұрақтамадым, шамамен бір айға жуық қана еңбек еттім. Себебі жалақысы көңілімнен шықпады. Қазақстаннан әлдеқайда жоғары табыс табамын деген үмітпен келгендіктен, еңбегіме сай ақы алғым келді. Кейін таулы аймақта күн батареяларын құрастыру жұмысына орналастым. Бұл жерде шамамен бір жарым жыл еңбек еттім. Жұмыстың өзіндік қиындығы болды. Күн батареяларын орнату үшін түрлі жабдықтармен жұмыс істеуге, кейде қолайсыз ауа райына қарамастан еңбек етуге тура келетін. Жалпы Кореяда өндіріс пен құрылыс саласында жұмыс істейтін адамға физикалық тұрғыдан төзімді болу маңызды. Жұмыс уақыты біткенше өз міндетіңді орындауың керек. Ешкім сенің шетелден келгеніңе немесе шаршағаныңа қарап жеңілдік жасамайды.

Одан кейін ғимараттар мен тұрғын үй кешендерінің сыртын мәрмәрмен қаптау жұмысына ауыстым. Осы салада 3 жылдай еңбек еттім. Құрылыс жұмысының жауапкершілігі жоғары. Әсіресе ғимараттың сыртқы бөлігінде жұмыс істегенде қауіпсіздік талаптарын сақтау маңызды. Уақыт өте келе жұмыстың қыр-сырын меңгеріп, тәжірибе жинадым. Бастапқыда тек ақша табу үшін келген адам болсам, кейін өз ісімді жақсы білетін, әртүрлі жұмыс жағдайына бейімделген маманға айналдым. Сырттан қараған адам Кореяда жұмыс істейтіндердің табысын естіп, бәрі жақсы деп ойлауы мүмкін. Расында, мұнда Қазақстанмен салыстырғанда көбірек ақша табуға болады. Бірақ оның артында күнделікті ауыр еңбек, уақытпен санаспай жұмыс істеу, туған жерден жырақта жүру сияқты қиындықтар бар. Шетелде тапқан ақшаның да өз бағасы болады.

2024 жылдың қыркүйегінде Кореядан депортацияланып, Қазақстанға қайттым. Елге келген соң әртүрлі жұмыспен айналысып көрдім. Бірақ жалақы мәселесі тағы да алдымнан шықты. Кореяда бірнеше жыл жұмыс істеп, ондағы табысқа үйренген адамға Қазақстандағы жалақыға қайта бейімделу қиын екен. Әрине, өз еліңде, жақындарыңның жанында жүрген жақсы. Бірақ ақша жинау, тұрмысыңды жақсарту, отбасы құру сияқты мақсаттарың болғандықтан, тұрақты әрі жеткілікті табыс табу маңызды. Сол кезде достарымнан Ресейге барып жұмыс істеуге болатынын естідім. Олардың айтуынша, кейбір компанияларда еңбек жағдайы жақсы ұйымдастырылған, жалақысы да көңілге қонымды екен. Сөйтіп, тағы да шетелге шығуға шешім қабылдадым. Шынымды айтсам, туған жерден қайта кету оңай болған жоқ. Кореядан оралғаннан кейін Қазақстанда тұрақтап қалғым келген. Бірақ өзіме лайықты табыс әкелетін жұмыс таба алмадым, ақыры басқа амал іздеуге тура келді. Сөйтіп, 2025 жылдың маусым айында Ресейге аттандым. Қазір Санкт-Петербургтен шамамен үш сағаттық жерде орналасқан Кингисепп қаласының маңындағы Усть-Луга ауылында жұмыс істеймін. Бұл жолы жұмысқа ресми құжаттармен, компания арқылы орналастым. Қазір күніне 10 сағат жұмыс істеймін. Бұрыннан спортпен шұғылданып, тәртіпке үйренгендіктен, мұндай жұмыс кестесіне бейімделу аса қиын болған жоқ. Оның үстіне Кореяда түрлі өндіріс орындары мен құрылыста еңбек еткен тәжірибем бар. Сондықтан қазіргі жұмысым Кореядағыдай ауыр емес. Жұмысқа кіріспес бұрын қауіпсіздік ережелерімен де таныстырды. Тіпті әскери шабуыл болған жағдайда үйде немесе жұмыс орнында қалай әрекет ету керектігін үйретіп, арнайы дайындықтан өткізді. Біз жұмыс істейтін аймаққа ара-тұра дрон шабуылдары болып тұрады. Мұндай кезде барлық жұмыс тоқтатылады, интернет пен байланыс өшіріледі. Әсіресе жақындарыңмен хабарласа алмай қалатын сәттер қиын. Жалпы, шетелде жұмыс істеудің жақсы тұстары да, қиындығы да бар. Бір жағынан, өз еліңде таба алмаған жалақыны тауып, тұрмысыңды жақсартуға мүмкіндік аласың. Екінші жағынан, бөтен елдің тәртібіне бағынуға, оның еңбек жағдайына бейімделуге тура келеді. Әрине, туған жерімді сағынамын. Қазақстанға біржола қайтқым келеді. Бірақ әзірге елге қайтуға асықпаймын. Себебі қазіргі табысым көңілімнен шығады. Қазақстанға оралған соң да осы деңгейдегі табысты сақтап қалғым келеді. Ал ондай мүмкіндік табылмаса, қайтадан қаржылық қиындықтарға тап болуым мүмкін. Сондықтан қазір жұмыс істеп, мейлінше ақша жинап, болашағыма жағдай жасауды көздеп жүрмін. Сондықтан елге нақты қашан оралатынымды дөп басып айта алмаймын.

Дайындаған

Ақгүлім ЕРБОЛҚЫЗЫ

Сайт Әкімшілігі