«Эпштейн өзіне қол жұмсамаған, оны өлтірген болуы мүмкін»: америкалық сарапшы жаңа мәлімдеме жасады
"Эпштейн өзіне қол жұмсамаған, оны өлтірген болуы мүмкін": америкалық сарапшы жаңа мәлімдеме жасады
Кәмелетке толмағандарды сексуалдық қанауға қатысты қылмыстармен аты шыққан америкалық қаржыгер Джеффри Эпштейннің өліміне байланысты жаңа мәлімдеме жасалды. АҚШ-тың сот медицинасы саласындағы сарапшысы Майкл Фриман оның түрмеде өзіне қол жұмсамағанын, керісінше, қасақана өлтірілген болуы мүмкін екенін айтты.
16 қарашада BBC Newsnight бағдарламасына сұхбат берген профессор Майкл Фриман Эпштейннің өліміне қатысты сот-медициналық құжаттар мен мәйітті зерттеу материалдарын зерделегенін мәлімдеді. Сарапшының пікірінше, қаржыгердің денесінен анықталған жарақаттардың сипаты өзіне қол жұмсаудан гөрі қылғындыру белгілеріне көбірек сәйкес келеді.
Фриман Эпштейнді артқы жағынан қылғындырып өлтірген болуы мүмкін деп есептейді. Оның тұжырым жасауына мойын тұсындағы жарақаттар мен дененің басқа бөліктеріндегі зақымданулар негіз болған.
Алайда сарапшы Эпштейннің мәйітін өзі тексермеген. Ол қорытындысын бұрын жүргізілген сараптаманың құжаттары мен фотосуреттеріне сүйеніп жасаған. Сондықтан оның мәлімдемесі әзірге ресми тергеу қорытындысын өзгертпейді.
Нью-Йорк қаласының сот-медициналық сараптама мекемесі бұрынғы ұстанымынан бас тартқан жоқ. Мекеме өкілдері Эпштейннің асылып, өзіне қол жұмсағаны туралы қорытындының күшінде екенін мәлімдеді.
Еске салайық, Джеффри Эпштейн 2019 жылғы 10 тамызда Нью-Йорктегі түрме камерасынан өлі табылған. Ол сол кезде кәмелетке толмаған қыздарды сексуалдық қанау мақсатында адам саудасын ұйымдастырды деген айыппен сотты күтіп жатқан еді.
Қаржыгердің өліміне қатысты ресми қорытындыда оның өзіне қол жұмсағаны көрсетілген. Алайда түрмедегі бақылау жүйесінің кемшіліктері, күзет қызметкерлерінің міндеттерін тиісінше орындамауы және қауіпсіздік талаптарының бұзылуы көптеген сұрақ туғызды.
2023 жылы АҚШ Әділет министрлігінің Бас инспекторы жариялаған есепте түрме қызметкерлерінің елеулі олқылықтарға жол бергені анықталды. Дегенмен тергеу Эпштейннің өліміне басқа адамның қылмыстық әрекеті себеп болғанын растайтын дәлел таппаған.
Эпштейн ісі және қазақстандық шенеуніктер
Джеффри Эпштейннің ісі Қазақстанда да қоғам назарын аударған. Себебі АҚШ Әділет министрлігі 2026 жылғы қаңтарда жариялаған миллиондаған құжаттың арасында қазақстандық бұрынғы жоғары лауазымды шенеуніктердің де есімдері кездескен.
Атап айтқанда, құжаттарда Қазақстанның бұрынғы премьер-министрі, Ұлттық қауіпсіздік комитетінің экс-төрағасы Кәрім Мәсімов пен Ұлттық банктің бұрынғы төрағасы Қайрат Келімбетовтің аты аталады.
Бұған дейін «Жас Алаш» Кәрім Мәсімовтің есімі Эпштейн ісіне қатысты құжаттарда кемінде сегіз рет кездесетінін жазған. Кейбір электронды хаттарда оның америкалық қаржыгермен таныстығы және байланыстары туралы мәліметтер келтірілген. Ал Қайрат Келімбетовке қатысты хат-хабарларда кездесулер мен сапарлар туралы айтылған.
2026 жылғы ақпанда Мәжіліс депутаты Асхат Рақымжанов аталған құжаттарда есімдері кездесетін қазақстандық шенеуніктердің Эпштейнмен байланысын тексеруді талап етті. Депутат олардың қандай мақсатта кездескенін және бұл байланыстардың сипатын анықтау қажеттігін көтерді.
Осыдан кейін Қазақстанның Бас прокуратурасы алдын ала тексеру бастағанын хабарлады. 2 сәуірде Бас прокурордың орынбасары Ерлан Өтегенов құжаттардағы Қазақстан азаматтарына қатысты мәліметтер зерделеніп жатқанын, нақты қорытынды жасауға әлі ерте екенін мәлімдеді.
Айта кетейік, Эпштейн құжаттарында қандай да бір адамның есімінің кездесуі оның сексуалдық қылмыстарға қатысқанын білдірмейді. Жарияланған хат-хабарлар мен жазбалардағы мәліметтерді жеке тексеру қажет.
Ал Эпштейннің өліміне қатысты Майкл Фриманның жаңа мәлімдемесі жеті жыл бұрын болған оқиғаның мән-жайына қатысты пікірталасты қайта күшейтті. Дегенмен әзірге АҚШ билігінің ресми қорытындысы өзгерген жоқ.