Ерболат Жанабылов пен Эльмира Төлегенова ісі бойынша сот тағы кейінге қалдырылды
Ерболат Жанабылов пен Эльмира Төлегеноваға қатысты іс бойынша 24 сәуірде өткен сот отырысы қайтадан кейінге шегерілді.
Үш сағатқа жуық үзілістен кейін процесс жалғасқан. Прокурор айыптау тарабына процессуалдық келісімнің шарттарын талқылау үшін қосымша уақыт қажет екенін мәлімдеді. Осыған байланысты ол сот отырысын кейінге қалдыру туралы өтінішхат берді.
Адвокат та қорғау тарабына келісім шарттарын толық талқылау үшін уақыт қажет екенін айтты.
«Осыған байланысты сот отырысы дүйсенбі күні сағат 15:00-ге қалдырылады. Сот отырысы жабық деп жарияланады», – деді судья.
Бұған дейін Эльмира Төлегенова соңғы сөзінде процессуалдық келісім жасау туралы өтініш білдірген еді. Осыдан кейін сот тергеуді қайта жандандырып, үзіліс жариялаған.
Ал 23 сәуір күні өткен отырыс Төлегенованың келмеуіне байланысты кейінге қалған болатын. Сот қорғау тарапына медициналық құжаттарды ұсынуға уақыт берген.