Ердоған Астанадағы ерекше қарсы алуға алғыс білдірді
14 мамыр күні Қасым-Жомарт Тоқаев пен Режеп Тайып Ердоған Астанада шағын құрамда келіссөз жүргізді.
Қазақстан президенті Түркия басшысын жылы қарсы алып, Ердоғанның бұл сапарының айрықша маңызға ие екенін және тарихи оқиға саналатынын атап өтті.
Өз кезегінде Түркия президенті Қасым-Жомарт Тоқаевқа көрсетілген құрмет пен қонақжайлық үшін алғыс айтты.
«Ең алдымен, ата-баба жеріне шақырғаныңыз үшін ризашылығымды білдіргім келеді. Сіздер бізге ерекше қонақжайлық танытып отырсыздар. Әуе кеңістігінде Қазақстан шекарасынан өткен сәттен бастап ұшақтардың біздің делегацияны алып жүруі бізге зор қуаныш сыйлады. Мұны біз ешқашан ұмытпаймыз. Бүгінгі сапар бауырлас халықтарымыздың бірлігін нығайтуға үлкен үлес қосады деп сенемін», – деді Ердоған.
Қасым-Жомарт Тоқаев былтыр Түркияға жасаған ресми сапары барысында қол жеткізілген келісімдерді ризашылықпен еске алды.
Айта кетейік, 14 мамыр күні Қазақстан президентінің баспасөз қызметі Астанадағы Тәуелсіздік сарайында өткен Ердоғанды қарсы алу рәсімін тікелей эфирде көрсетті.
Құрметті қонақтың құрметіне сарай алдында Қазақстанның Әуе қорғанысы күштерінің жойғыш ұшақтары әуеде көрсетілім жасап, қызыл-ақ түтін ізін қалдырды. Осылайша аспан Түркия туының түсіне боялды.