Ерекше балаларға орталық аздық етеді
«Қапшағай самға» мүгедектігі бар балаларды сауықтыру орталығы 2013 жылдары құрылған болатын.
Содан бері елімізде көптеген жарымжан азаматқа қол ұшын созып келеді. Бүгінде орталық құрамында 10 жұмыс маманнан бөлек, 350 мүше тіркелген.
Аталмыш орталық ашылғаннан бері көптеген жарымжан жандарға көмек беріп келсе, 2018 жылдан бері мемлекеттік заң аясында тірек-қимыл аппараты бұзылған балаларға жартылай стационарлық жағдайда әлеуметтік арнайы қызметін көрсетіп келеді. Одан бөлек, орталықта түрлі тақырыпта спорттық шаралар мен «Бақытты отбасы» сынды дәстүрлі байқаулар жылда ұйымдастырылып тұрады. Орталық басшысы Марат Абдуллаевтың сөзінше, «Қапшағай самға» балаларды сауықтыру орталығына көбіне БЦП (ДЦП) мен аутизмге шалдыққан балалар жиі келетін көрінеді.
— Қазіргі уақытта орталықта 30 бала ем қабылдап жатыр. Олардың көбісі аутизм мен БЦП диагноздары қойылған балалар. Біз олардың қоғамға бейімделуі үшін бірінші денсаулықтарын түзеп жатырмыз. Екіншіден, әртүрлі тренингтер, спорттық шаралар, мәдениет жағынан әртүрлі байқауларды өткізіп келдік. Әлі де жалғастырамыз. Орталығымызда балалардың денсаулығын түзеуге арналған әртүрлі жабдықтар бар. Жылда жаңа түрлерін алып, ауыстыруға қолдан келгенше тырысып жатырмыз. Өйткені біздің мекеменің өзі мүгедектер қоғамдық бірлестігі болғаннан кейін көбіне демеушілердің көмегіне жүгінеміз, – дейді Марат Абдуллаев.
«Қапшағай самға» орталығы мемлекеттік қолдауға зәру болса да, қолдарынан келгенше мүгедектігі бар балаларға барынша жағдай жасап, қолдау көрсетіп келеді. Шағын мекеме болғанмен онда тірек-қимыл аппаратының функционалдық мүмкіндіктерін қалпына келтіретін жаттығу құралдары мен массаж жасауға арналған сауықтыру орындары салынған. Қазіргі таңда мұнда ем алуға кезекте тұрған балалар көп екен. Дегенмен орталық басшысы балалардың барлығына көмек көрсете алмайтынын айтады. Себебі мекеме біріншіден өте тар, екіншіден, тек арнайы демеушілердің көмегіне ғана жүгініп отырғанын, сондықтан да мемлекеттік қолдауға зәру екендіктерін айтады.
Соған қарамастан, орталық бүгінде көптеген баланың ем алып, жүріп кетуіне себепші болған. Бастапқыда орталыққа қиын жағдаймен келген балалар, уақыт өте келе жүйелі жұмыстың нәтижесінде жағдайлары біршама жақсарған көрінеді.