Кейіпкер

Ерік Байжүнісов: Екпеден бас тартқандардың саны 60 мыңнан асады

Денсаулық сақтау – қоғамдағы ең маңызды әрі ең көп талқыланатын саланың бірі. Соңғы жылдары әлемді алаңдатқан вирустық инфекциялар, халықтың вакцинаға көзқарасы, міндет­ті әлеумет­тік медициналық сақтандыру жүйесі, цифрландыру және медициналық қызмет сапасы төңірегіндегі мәселелер күн тәртібінен түскен емес.

Фото: ашық дереккөз

Осы өзекті сауалдарға жауап алу үшін Қоғамдық денсаулық сақтау ұлт­тық орталығының басшысы Ерік Байжүнісовпен сұхбат­тасып, елдегі эпидемиологиялық ахуал мен денсаулық сақтау жүйесінің бүгінгі жай-күйі туралы пікірін сұрадық.

– Ерік Әбенұлы, денсаулық сақтау саласында бірқатар лауазымды қызмет атқардыңыз. Қазір сіз басқаратын Қоғамдық денсаулық сақтау ұлт­тық орталығының негізгі қызметі қандай? 

– Біздің қызмет екіге бөлінеді. Біріншіден, қоғамдық денсаулық сақтау – халықтың денсаулығын сақтау. Біз алдымен инфекциялық аурулардан қорғау­ға күш саламыз.

Бәрімізге белгілі, жыл сайын инфекция мен вирустың түр-түрі шығып жатыр. Бізде алты-жеті зертхана бар. Сонда Қазақстанға келіп жатқан вирустарды анықтап, шыққан жерін, тегін тексереміз. Екіншіден, еліміздің аймақтарына тараған қызылша, көкжөтел сияқты аурудың түп-төркінін тексеріп, үйлестіруші орган ретінде жұмыс істейміз. Мұның аясында биыл Иммунопрофилактика орталығы ашылды. Яғни мониторинг жүргізіп, «Егу жұмысының жай-жапсары, нәтижесі қандай?» деген мәселені қаперге аламыз. Вакцинация мәселелері бойынша тәулік бойы жұмыс істейтін 7701 бірыңғай колл-орталығы арқылы кеңес алуға болады.
Сонымен бірге қоғамдық денсаулық сақтау саласының өзінде де төтенше жағдай болып тұрады. Эпидемияны, елді мекендерде вирустық инфекцияның өршіп кеткен жағдайын бақылап, тиісті органдарға хабарлап отырамыз. Одан бөлек, инфекциялық емес ауру түрі де бар. Мәселен, адамның өмір салтына байланысты туындайтын семіздік, қан қысымының көтерілуі, онкологиялық ауру, диабет сияқты науқастарға қандай көмек көрсетілуі керек, қандай шара қабылдануы керек деген түйткілді қарастырып, жан-жақты үйлестіреді. Сондай-ақ қатты ыстық немесе суық болғанда, экологияға қатысты өршитін вирустарды бақылаймыз. «Сақ бол» деген карта жасадық. Онда дүниежүзінің қай бөлігінде қандай инфекция өршіп жатыр, қай елде жер сілкінісі тіркеліп, топан су басты, осындай ақпараттың бәрін жасанды интеллект көмегімен жариялаймыз. Шетелге шығамын деген немесе Қазақстанға келген азаматтар картаны қарап, сыртта, бізде не болып жатқанын бақылай алады.

– Бұған дейін коронавирус пандемиясы бүкіл әлемді шарпып өтіп, қаншама адамның өмірін жалмағанда етек-жеңімізді бір жинап алған едік. Яғни біраз уақытқа дейін той-томалақ ықшамдалып, көпшілік жиындар азайды. Алайда соңғы жылдары бұрынғы дағдымызға қайта оралдық. Жалпы, қазақ халқының той өткізу мәдениетіне түбегейлі өзгеріс қажет деп ойлайсыз ба? 

Сол кезде өлім-жітім көбейді ғой. Елімізге танымал біраз адам өмірден өтіп кетті. Мұның жұқпалы дерт екеніне көз жеткен соң жиын, тойларға тыйым да, айыппұл да салынды. Соған қарамастан, қашып-пұсып, тығылып той ұйымдастырғандарды да естідік. Бұл – дұрыс емес. Одан кейін де шағын адам шақыруға бейімделіп қалған едік. Қазір қайтадан баяғы әдетімізге келдік. Жуырда бір тойда жаппай улану фактісі тіркелгені де соның дәлелі. Той – қазына. Әрине, қуанышты бөлісу жақсы. Бірақ той өткізу мәдениетіне басқаша көзқарас керек сияқты. Көрші мемлекеттерде тойға қатысушылардың санына шектеу қойылып жатыр, мүмкін бізге де осы сұраққа көңіл бөлетін кез келген шығар.

Жалпы, коронавирус 2019 жылға дейін де болды. Мысалы, Денсаулық сақтау саласын дамыту туралы 2010-2015 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламада біздің халықтың алдында қандай қауіпті жағдай болуы мүмкін деген тұжырымдар жазылған. Сол кезде-ақ коронавирус, аденовирус, хантавирус инфекциясының өршіп, эпидемияға айналып кетуі мүмкін екені айтылған. Бірақ вирустың да түр-түрі бар. Қазір бізді алаңдатып отырған мәселе – жан­уарларда кездесетін вирустың мутациядан өтіп, адамға жұға бастағаны. Соның бірі – Covid-19. Адам бойында бұған қарсы тұратын иммунитет болмағанынан лап етіп, әлемге тарап кетті. Эпидемия пандемияға өтіп кеткен соң аман қалғандардың ағзасы вируспен күресе бастады. Енді қазір коронавирус кәдімгі тұмау сияқты вирустың қатарына енді. Бүгінде сонымен ауырып жатқандар да бар. Алайда өлім көрсеткіші пандемия кезіндегіден күрт төмендеп, қатардағы вирустық инфекцияның санатына өтті. 

– Қоғамда «Соңғы кезде таралып жатқан вирустар бұрынғыдан қауіпті» деген пікір бар. Бұл қаншалықты негізді? Қандай вирустардан ерекше сақ болған жөн? 

– Жалпы, қазір вируста да шекара жоқ. Соның бірі хантавирус – кеміргіштер арқылы жұғады. Бұл сирек кездесетін вирус мутациядан өтіп, кемедегі саяхатшылардың ағзасынан анықталды. Оның өзінде «Бәрі бір жерден жұқтырды ма, әлде адамдар бір-біріне жұқтырды ма?» деген сұраққа әлі жауап жоқ. Егер адамдар бір-біріне жұқтырғаны дәлелденсе, онда вирус мутациядан өтіп, тарады деген сөз. Ол кезде қауіптілігі артады. Әзірге бізде мұндай жағдай тіркелген жоқ. Мұнымен қоса ғасырлар бойы келе жатқан эбола вирусын да адамдар бір-біріне жұқтыра бастады. Кей деректе 500-ден астам адам көз жұмды десе, тағы бір мәліметте мыңнан асқаны айтылды. Бұған ДСҰ дабыл қағып, шұғыл шара қабылдап жатыр. Бетін аулақ қылсын, бұл вирус бізге келген жоқ. 

Соңғы кезде чикунгунья деген вирус пайда болды. Бұл – маса шаққаннан жұғатын ауру. Бұрын Африка елдерінде ғана кездесетін еді, қазір әрі-бері жүретін саяхаттаушылардан емін-еркін тарап жатыр. Мұны «жолбарысты маса» түрі ғана жұқтырады. Құдай сақтасын, бұл маса түрі елімізде жоқ. Бір ескеретін жайт, бұл адамнан адамға берілмейді. Бірақ қазір климат өзгеріп, жылдан-жылға күн жылынып барады. Сондықтан бұрын оңтүстікте ғана кездесетін жануарлар арқылы келетін аурулар бірте-бірте солтүстікке жылжыды. Бізді қорқытып отырғаны – осы. Ертең сол масаларға қолайлы жағдай туғанда Қазақстанда пайда болмауына ешкім кепілдік бере алмайды. Соны біз үнемі бақылауда ұстауымыз керек. Ал таскене арқылы берілетін энцефалит пен қырым-конго безгегі сияқты аурулар еліміздің оңтүстік өңірлерінде ғана кездеседі. Күн ысып кетсе, олар да солтүстікке жылжуы мүмкін. Біздің күшіміз – бұрыннан қалыптасқан санитарлық-эпидемиологиялық бақылау комитетін сақтап қалғанымызда. Көптеген мемлекет шетелге еліктеп, бұл қызмет түрін құртып жіберді. Сондықтан олар пандемия кезінде қиындығын көрді. Ал бізде эпидемия немесе басқасы шықса, шаралар қабылдайтын ұйымдарымыз, хаттама, бұйрықтарымыз бар. Сол бойынша жедел әрекет етеміз, сондықтан әзірше алаңдауға себеп жоқ. 

– Сіздіңше, қазақ халқы денсаулыққа қаншалықты жауапкершілікпен қарайды? Алла аманат еткен денсау­лықтың қадірін біле алып жүрміз бе?

– Бүгінде ең өзекті мәселе – осы. Біз 80 жылдан бері сол вирустарға қарсы күресіп жеңіп келдік қой. Баяғыда безгек, тырысқақ, обыр, оспа, оба деген аурудан қаншама адам көз жұмды. Ата-бабамыз соны көргеннен кейін балаларына екпе ектірді. Содан біз, біздің ұрпақ аман қалды. Бірақ қазіргі жастарда «Бұл аурулар біржола жойылып кетті. Демек, екпе алмауға болады» деген түсінік бар. Соның салдарынан жылдан-жылға антиваксерлердің қатары көбейіп барады. Бүгінде елімізде екпеден бас тартқандардың саны 60 мыңнан асады. Бұл – ресми көрсеткіш. Одан бөлек тығылып, қашып жүргендері қанша екені белгісіз. Біздің халықты арандатып жүргендердің кесірінен 60 мың бала мен жасөспірімге кез келген инфекция жұғуы мүмкін. Инфекцияның 102 түрі бар. Оның өлім көрсеткіші де әртүрлі. Мәселен, коронавирустың өлім көрсеткіші 4 пайызға жуық болса, дифтерияның өлім көрсеткіші – 10-15 пайыз. Яғни 100 баланың 10-ы шетінеп кетеді деген сөз. Ал сіреспенің (столбняк) өлім көрсеткіші 99 пайыз! Мұны көп адам түсінбейді. Біз үнемі ақпарат құралдарына айтып жатырмыз, сонда да мәселе біз күткендей емес. 

– Екпеден діни көзқарасы мен ұстанымына байланысты бас тартатындар көп. Бұған не дейсіз? 

– Әлгі 60 мыңның 60-70 пайызы өзінің жеке басының қарсылығымен бас тартса, оның ішінде 10-15 па­йызы дінге берілгендер. Біз олармен де мейлінше жұмыс істеп келеміз. Аллаға сыйынғанның өзінде де қажылыққа бара жатқанда жаппай екпе салады. Сол кезде неге бас тартпайды? Біразы екпе салғызады, қажылыққа барады. Бірақ балаларына келгенде аттандап шығатыны түсініксіз. Ал сол 60 мың адамның аман-сау жүргенінің бірден-бір себебі, көзі ашық азаматтар балаларына екпе салғызғаннан кейін оларға жұқпай жүр. Егер салғызғандардың өзінің көрсеткіші 60-70 па­йызға түсіп кетсе, онда әлгі салғызбаған 60 мыңға кез келген инфекция жұғып кетуі мүмкін. Міне, жұрт бұған селқос қарап: «Бала менікі, не істейтінімді өзім білем» деген әңгіме айтады. Қазір көкжөтел, қызылшамен ауырған балалардың 95 пайызы екпе алмаған. Ауруханаға ауыр халде кеп түседі, олардың 40-50-і міндетті түрде реанимация арқылы өмір мен өлім арасынан өтеді. Біз бар мүмкіндікті салып, жанын сақтап қаламыз. Сол кезде ғана ата-анасының екпеге деген көзқарасы өзгереді. «Неге екпе салғызбадым?» деп жылап отырған шешелерді күнде көреміз. 

Соңғы жылдары әлеуметтік желіде екпе жөнінде хайп қуып, білгішсініп сөйлейтіндер көбейген. Оның ішінде «екпе аутизмге әкеледі» дейтін әсіресарапшылар да бар. Жас отбасылар сондайларға еліктеп кетеді. Оларға айтатынымыз мынау: біздің балаларға салатын екпенің бәрі ДСҰ-ның сараптамасынан өткен. Әсіресе балаға келгенде министрліктің он, жиырма мәрте тексеретін қатаң талабы бар. Яғни бұл көп мемлекетте миллиондаған адамға салынып жатқан вакцина. Сондықтан сапасы мен тиімділігіне ешқандай күмән келтіруге, алаңдауға себеп жоқ. 

– Елімізде ең көп сын айтылатын саланың бірі – денсаулық сақтау. Бұл салада соңғы жылдары түрлі реформалар жүргізіліп келеді. Соған қарамастан, халықтың көңілінен толық шығып отыр деп айту қиын. Дамыған елдердің медицинасына жақындау үшін бізге ең алдымен нені өзгерту қажет? Мәселе қаржыда ма, кадрда ма, әлде басқару жүйесінде ме?

– Осы салада жұмыс істеп жүргеніме 40 жылдан асты. Осы уақыт ішінде біздің медицинаға айтылған сынның азайғанын көрген жоқпын. Қазір сын неге көп? Интернет пайда болып, әлеуметтік желі көбейді. Негізінде әлемдегі кез келген мемлекеттің тұрғыны өз медицинасына көңілі толмайды. Олардың да «біздің медицина сапалы, керемет» дегенін естігем жоқ. Өйткені біздің саланың өз спецификасы бар. Бізге сау адам келмейді. Тек жаны қысылғаннан кейін келеді.

Ондай адамға кез келген сөзің, әрекетің ұнамайды, шектен шығып кетуіне себеп боп тұрады. Оған біреу қаттырақ сөйлеп қойса да жақтырмайды. Бұл жерде сапа мен сервистің аражігін ажырата білу керек. Соның ішінде сервис жағына (дұрыс сөйлемеу, күлмеу, палатаның суық болуы, т.б.) айтылатын сын басқа. Бізге түсетін шағымның 70-80 пайызы – осындай. Нақты медициналық қызметтің сапасына қатысты шағым 10-15 пайыздан аспайды. Министрлікке, денсаулық сақтау ұйым­дарына жылына 7-8 мың шағым түсетін шығар. Оны іріктеген кезде осылай бөлінеді. 

Ал стационарлық бөлімде жылына 4 млн-нан астам адам емделеді. Емханаға 150 млн-дай адам келіп, ем-домын алады. Яғни бір адам жылына 5-10 рет келеді ғой. Жыл сайын 330 мың әйел босанады. 1 млн 100 мың адамға ота жасалады. Осының бәрін есептегенде, 5-7 мың арыз ештеңе емес. Әрине, әркім тек көмескі жағын бұрқыратып жаза берсе, қоғамда «бәрі жаман, құрыған» деген теріс ұғым қалыптасуы мүмкін. Бірақ 1 млн 100 мың ота жасалып, жазылып кеткен адамның бәрі оң бағасын берсе, әлгі арызға ешкім назар аудармас еді. Бірақ жағымды пікір жазса да, халық та, ақпарат құралдары да мән бермейді. Ал біреу аяқастынан дау шығарса, елдің бәрі іліп әкетеді. Рейтинг, хайпқа ілесіп кетіп, теріс ақпарат тарайды. 

Ал медицинаның әлеуеті жайында айтсақ, біз 30 жылда Орталық Азияда қуаттылығы жағынан алда келеміз. Біздің жүзеге асырған оталарды көп мемлекет жасамайды. Осыдан он жыл бұрын миға, күрделі зақымға, тіпті ананың құрсағындағы баланың ағзасына ота жасау туралы ойладық па?! Қазір осының бәрі өзімізде жасалады. Бұл – бүгінгі медицинаның оң жетістігі. Алайда жұрт тек көлеңке жағын көруге асық. 

– Дегенмен қоғамда «дәрігердің қолына бірдеңе ұстатпасаң, дұрыс қарамайды» деген түсінік әлі де бар. Бұл көзқарас неге өзгермей келеді? Дәрігерге алғыс ретінде сыйақы беру мәдениеті мен жемқорлықтың аражігін қалай ажыратуға болады? 

– Осы жерде «жоқ, қазір алмайды» деп өтірік айта салуға болар еді. Бірақ бұл «Ауру қалса да, әдет қалмайды» дегендей, қалыптасып қалған нәрсе. Біздің тұрмыс салтымызды қарасақ, әр адам ауруханаға жату үшін, әйелдер босану үшін алдымен таныс іздейді. Сосын ота жасайтын білікті маман керек дейді. «Маған отаны осы дәрігер жасаса жақсы болар еді» дейді. Ойындағыдай шығып, денсаулығы түзеліп кетсе, рақметін айтып жатады. Мысалы, біреудің баласын сүндетке отырғызып бересің. Мұндайда қай ата-ана қуанбайды дейсіз? Әйтеуір тәтті кәмпиті болса да, қолыңа ұстатады. Бұл енді ырым ғой. Той, қуаныш болған соң бетін қайтара алмайсың. Оны дәрігер өзі сұрап жатқан жоқ қой. Шын көңілмен берілген алғыс деп қабылдайды. Бүгінде дәрігерлер оған мұқтаж да емес. Қазір білікті маманның онсыз да жалақысы жақсы. 

– Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) жүйесіне қатысты сын көп. Президент те бұл жүйенің жұмысын бірнеше рет сынға алды. Қоғамда «ақша төлейміз, бірақ сапалы медициналық қызмет ала алмаймыз» деген пікір жиі айтылады. Сіздің ойыңызша, мәселе МӘМС жүйесінің өзінде ме, әлде оны іске асыру тетіктерінде ме? Тіпті кейбір сарапшылар Қазақстанға бәсекелестік қалыптастыру үшін бірнеше медициналық сақтандыру қоры қажет деген пікір айтады. Бұл ұсыныс қаншалықты орынды деп санайсыз? 

– Ақша жүрген жерде заң мен құқықбұзушылық қатар жүреді. Олай емес дейтін бір сала бар ма? Мұндай жағдай болады, бола береді. Мемлекет құрылымдары соларды әшкерелеп, кінәлілерді жазалауға басымдық берді. 

МӘМС-ті 2017-2018 жылдары құрып, енді енгізген кезде пандемия басталып кетті. Екі жыл басқа жаққа мойын бұруға мұрша болмады. Иә, МӘМС енгізілгелі бері денсаулық сақтау саласына біраз қосымша ақша түсті. Әу баста 200 млрд теңге болса, қазір 1 трлн теңгеден астам қаржыға ұлғайды. Шын мәнінде, ондай ақшаны ешкім бермес еді. Бірақ МӘМС-тің ақсап келе жатқан бір-ақ себебі бар. Біздің берген уәдеміз қолдағы қаржыға сәйкес келмеді. Міндетті медициналық сақтандырудың өз пакеті болды. Сосын кепілдендірілген тегін көмектің пакеті бар. Екіге бөліп, соған кірген медициналық қызмет түрлеріне қажетті қаржы МӘМС-ке жиналған ақшадан едәуір көп. 500 млрд теңгеден асып кетті! Сондықтан МӘМС-тің өзінде ақша жетпеген соң, әрине, қыса бастады. Дұрыс жүрмей қалғаны – сол. Бұл енді бір жүйеден екінші жүйеге ауысқан кезде туындайтын мәселе. Мұны түбегейлі шешу үшін қажетті іс-шаралар қабылданып жатыр. Президенттің тапсырмасына орай, болашақта бір пакеттік жүйеге ауысады. 

Екіншіден, МӘМС-ті қаржыландыру жағын Қаржы министрлігіне өткізді. Жалпы, қаржылық тәртіпті орнатпай, қаржы ешқашан жетпейді. Осының бәрі реттелгеннен кейін бір жүйеге келеді. Ал «бір емес, бірнеше МӘМС болу керек» дегендердің ойы да белгілі. Бірақ бір МӘМС-ті жөндей алмай тұрып, бірнешеуін іске асыру мүмкін емес. Негізі Қазақстан медицинасында 20-дан астам ерікті сақтандыру қоры бар. Соның онын игере аламыз ба, жоқ па? 

Үшіншіден, осындай жүйемен жұмыс істейтін мемлекеттің бәрінде медицина қызметкерлерінің сапасы жоғары деп айта алмаймын. МӘМС көп елдерде 140, 280 млн халық бар. Ал унитарлы, 20 млн ғана халқы бар мемлекетке бір қор жеткілікті. Оны шашыратып, анаған-мынаған бергеннен ешқандай пайда таппаймыз. Әр қордың өз қызметін қаржыландыру көлемі жиналған қаржының көлеміне байланысты. Мысалы, МӘМС-тің бүкіл аппаратының қаржыландыру жүйесі жиналған қордың 2 пайызынан аспайды. Ал оншақты МӘМС болса, олардың өзін-өзі қаржыландыру пайызы кейбірінде 15-20 пайызға өседі. 

– Денсаулық сақтау саласын цифрландыру қандай нәтиже беріп жатыр? Жасанды интеллект дәрігерлердің жұмысын жеңілдетіп немесе орнын алмастыра ала ма? Цифрландыру пациент пен дәрігер арасындағы байланысты жақсартты ма, әлде керісінше күрделендірді ме?

– Денсаулық сақтау саласын цифр­ландыру медициналық қызметтің қолжетімділігі мен тиімділігін арт­тыруға ықпал етіп отыр. Электронды денсаулық паспорты, онлайн қабылдауға жазылу, зерттеу нәтижелерін қашықтан көру сияқты қызметтер дәрігердің де, пациенттің де уақытын үнемдеуге мүмкіндік берді. Ал жасанды интеллект рентген, компьютерлік томография сияқты медициналық кескіндерді талдау, ауру қаупін болжау және клиникалық шешім қабылдауға көмек көрсету бағытында тиімді құралға айналып келеді. Дегенмен ол дәрігердің орнын ешқашан алмастыра алмайды. Себебі емдеу барысында кәсіби тәжірибе, клиникалық ойлау, пациентпен қарым-қатынас және жауапкершілік шешуші рөл атқарады. Сондықтан жасанды интеллект дәрігердің бәсекелесі емес, оның сенімді көмекшісі ретінде қарастырылуы тиіс. Ол – тек дәрігер жұмысының тиімділігін және сапасын арттыруға арналған құрал. Оны қаншама дамытсақ та, науқасқа операция жасайтын хирургтың қолы, емдейтін дәрігердің мейірімі мен біліктілігі керек. 

Сұхбаттасқан 
Динара Мыңжасарқызы

Сайт Әкімшілігі