Оқиғалар

Ерлан Қарин: Бүгін Президент Тоқаевтың бір палаталы Құрылтай құру идеясы іс жүзінде жүзеге асты

Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігі Басшысының бірінші орынбасары Ерлан Қарин І шақырылымдағы Құрылтайдың алғашқы сессиясының ашылуына қатысты пікір білдірді.

Фото: Ақорда

Оның айтуынша, «алғашқы сессия» және «бірінші шақырылым» деген ұғымдардың өзі бүгінгі оқиғаның тарихи маңызын көрсетеді.

Ерлан Қарин осыдан бір жыл бұрын Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бір палаталы Парламентке көшу идеясын ұсынғанын еске салды. Араға 355 күн салып, бастама жұмыс тобы мен Конституциялық комиссия аясында жан-жақты талқыланып, бүкілхалықтық референдумда жаңа Конституция қабылданып, Құрылтай сайлауы өткеннен кейін іс жүзінде жүзеге асты.

«Бүгіннен бастап мүлде жаңа заң шығарушы институт – бір палаталы Құрылтай өз жұмысын бастады», – деді ол.

Е.Қариннің сөзінше, жаңа жоғары өкілді органға билік тармақтары арасындағы тепе-теңдікті нығайтуға бағытталған бірқатар өкілеттік берілген. Атап айтқанда, Құрылтай Вице-Президент пен Премьер-Министр лауазымдарына ұсынылған кандидатураларды, сондай-ақ Конституциялық сот, Жоғарғы сот, Орталық сайлау комиссиясы және Жоғары аудиторлық палата құрамын келісетін болады.

Президент Әкімшілігі Басшысының бірінші орынбасары конституциялық реформа мен Құрылтай сайлауы үлкен саясатқа жаңа тұлғалардың келуіне жол ашқанын да атап өтті.

Оның мәліметінше, бұрынғы шақырылымдағы Парламентпен салыстырғанда депутаттық корпустың құрамы айтарлықтай өзгерген. Әйелдердің үлесі екі есе, жастардың үлесі үш есе артқан. Ал депутаттардың орташа жасы 45 жасқа дейін төмендеген.

"Жаңа Құрылтайға бұрынғы Ұлттық құрылтайдың 22 мүшесі мен мәслихаттардың 26 экс-депутаты сайланған. Сондай-ақ депутаттар қатарында Президенттік жастар кадр резервінің 10 мүшесі, Жастар саясаты жөніндегі кеңестің 4 мүшесі және Әйелдер істері жөніндегі ұлттық комиссияның 5 мүшесі бар. Бұған қоса, 24 депутаттың парламенттік жұмыс тәжірибесі бар".

Құрылтай құрамына мемлекеттік қызметшілер, партия өкілдері, ғалымдар мен сарапшылар, кәсіпкерлер, ауыл шаруашылығы және өнеркәсіп мамандары, IT саласының, шығармашылық және медиа индустрияның өкілдері, этномәдени бірлестіктер мүшелері, волонтерлер мен жастар белсенділері енген.

Ерлан Қариннің пікірінше, Президент реформалары белсенді азаматтар мен кәсіби мамандардың үлкен саясатта өз әлеуетін жүзеге асыруына мүмкіндік беріп отыр.

Ол Құрылтай жұмысының басталуымен елдің саяси жүйесін институционалдық тұрғыдан жаңғыртудың жаңа кезеңі басталғанын атап өтті. Оның сөзінше, бұл Қазақстанның неғұрлым серпінді әрі ашық мемлекеттік-саяси модельге түпкілікті көшуіне жол ашады.

Сайт Әкімшілігі