Ерлан Қарин: Парламент қарап жатқан конституциялық заңдар мемлекеттік-саяси үлгіні институционалдық тұрғыдан жаңартуды көздейді
Қазақстанда жаңа Конституцияны жүзеге асыруға бағытталған заңнамалық реформалар жалғасып жатыр. Бұл туралы мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин мәлімдеді.
Оның айтуынша, бүгін Парламент палаталарының бірлескен отырысында депутаттар бірінші оқылымда үш маңызды заң жобасын қараған.
Атап айтқанда:
– 8 бөлім мен 43 баптан тұратын «Қазақстан Республикасының Президенті туралы» Конституциялық заңның жаңа редакциясы;
– 12 бөлім мен 60 баптан тұратын «Қазақстан Республикасының Құрылтайы және оның депутаттарының мәртебесі туралы» Конституциялық заңның жаңа редакциясы;
– «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Конституциялық заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы заң жобасы.
Ерлан Қариннің сөзінше, ұсынылып отырған өзгерістер қолданыстағы заңнаманы жаңа Конституцияға бейімдеуге, мемлекеттік-саяси модельді институционалдық жаңғыртуға және саяси жаңғырудың келесі кезеңіне арналған жүйелі құқықтық негіз қалыптастыруға бағытталған.
«Заңнаманы үйлестіру үдерісі мен алдағы Құрылтай сайлауы Әділетті Қазақстанның конституциялық қағидаттары мен құндылықтарына негізделген ел дамуының жаңа кезеңінің басталуын білдіреді», – деді ол.
Еске салсақ, жаңа Конституция биылғы наурыз айында өткен республикалық референдум нәтижесінде қабылданған болатын. Ал жаңа бір палаталы Құрылтай сайлауы осы жылдың тамыз айына жоспарланып отыр.