Әлеумет

Ермак Абылайханды біле ме екен?..

Президент Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВТЫҢ елімізге танымал адамдар енетін «100 есімді» жариялау бастамасын естігенде семейлік қолөнер шебері Абылайхан АСЫЛБАЙ солардың қатарынан өзі де табылатыны үш ұйықтаса түсіне кірмеген.

Jasalash.kz
Туысының үйін паналап, пәтер жалдайтыны өз алдына, қос балдаққа сүйенсе де Жаратқанның қалауымен тектен дарыған ерекшелігіне шүкіршілік айтып, өз нәпақасын адал таба алатынын бәрінен де биік қоятын. Бұған қоса өзінің жасынан спортты серік еткен сергектігі мен намысы ұштасып, рухына қанат бітіретін. Әкесі Қалқадан қалған аманат іспетті қолөнер шебері деген атқа қылау түсірмейтіні де атын көпке танытып, журналистердің де қызығушылығын оятып, ақыр соны атқарушы биліктің де мойын бұруына ықпал еткен. Абылайхан Асылбайдың 2017 жылғы «100 жаңа есімге» енгендер қатарында Президент Нұрсұлтан Назарбаевпен жүздесудің сәті түскені де соның нәтижесі.Өкінішке қарай, содан бері бір жылдың жүзі өтсе де қала әкімі Ермак СӘЛІМОВТЕН бастап осы салаға жауапты мекеме басшылары мүмкіндігі шектеулі қалпына қарамастан он саусағынан өнер тамған шеберге не қажет екенін сұрамақ түгілі, хал-жағдайын білу өз алдына, Семейде ондай күрескер адамның бар екенін мүлдем ұмытқан сыңайы бар.«Әкімнің емес, депутаттың костюм-шалбарын киіп бардым»Сөзімді бастамас бұрын облысқа қоңырау шалып, Семейде осындай қолөнер шебері барын айтқан алматылық журналистерге алғысымды айтқым келеді. Жалпы, менің БАҚ өкілдеріне разылығым шексіз. Мен жайлы аз жазған жоқ, туынды-дүниелерім насихатталуы жағынан кемдік көріп отырғам жоқ. Алайда, соның бәрін көріп-біліп отырып, тиісті шешімді жүзеге асыруға келгенде жергілікті атқарушы биліктің сөзбұйдаға салатынына күйінемін. Сонымен, өткен жылдың соңына қарай Президент күні таяғанда мені Астанаға апаратын болып, жергілікті әкімдік алашапқын әбігерге түсті. Алдымен маған Президент әкімшілігінен бір әйел адам орыс тілінде «100 жаңа есім» жобасына байланысты қоңырау шалып тұрғанын айтты да, міндетті түрде үш қара костюм-шалбар киіп келуім керектігін тапсырды. Мен таңырқап, мүгедек адамда ондай жаңа киім болмайтынын және сатып алатын ақша да жоқтығын айтып ем: «Это не ваша проблема. Мы деньги выделили», деп тұтқаны тастай салды. Сонымен не керек, уәделі күн таяғанда қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Назерке АҚҚОЖИНА алдымен қала әкімі Ермак Сәлімовтің атынан деп бір костюм-шалбар әкелді. Одан кейін кім екенін білмеймін, бір депутаттың атынан костюм-шалбар әкелінді. Сонымен 2017 жылдың 1 желтоқсаны күні Астанаға Семейден төрт адам бардық. Жатын орын, күтімі өте жақсы ұйымдастырылған екен. Президент Назарбаевпен кездесу өте жақсы әсер сыйлады. Кездесу соңында жұрттың бәрі асыға жүгіріп, онымен естелік суретке түсуге жанталасып жатқанда мен де ұмтылдым. Ондағы ойым — суретке түсу емес, маған шеберхана жасатып беруге көмектесуін сұрау болатын. Мүмкіндігім шектеулі мен пақыр арбамен жеткенше оныма да «мүмкіндік шектеліп» қалды. Шетіне ғана суретке түсіп, кетіп бара жатқанда қолын ұстап Назарбаевқа рахмет айтып үлгердім, болды, — дейді Абылайхан Асылбай.Қолөнер шеберінің айтуынша, сол кездесуден кейін жергілікті атқарушы билік тарапынан ұлттық қолөнер бұйымдарын жасауда қаланың ғана емес, Шығыс өңірінің атын шығарып жүрген оған ешкім де түпкілікті назар аударатын емес. Бәрі де жай ғана дақпырт үшін жасалған секілді. Сол тұрғыда туындаған сауал мазалап, Семей қалалық мәдениет жане тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Назерке Аққожинаға хабарластық. — Абылайхан ағаның ол кездегі (өткен жылғы кездесуді айтады-авт.) сапарын, қонақүй шығынан түгелдей қалалық әкімдік пен мәслихат  көтерді. Жалғыз ол кісінің ғана емес, ағайынды Ержан, Қуаныш Жұмабековтердің барып-қайтуын, олардың кейіннен Алматыға жол шығынын да Семей әкімдігі көтерді. Ал Абылайхан аға жұбайымен барды. Оған бюджеттен ешқандай қаражат бөлінген жоқ. Қала әкімі өзі ұйымдастырды. Бірақ, мен өз басым ешқандай костюм-шалбарға қаражат бөлінгенін естіген жоқпын. Біз жыл басында қабылданған бюджет қаржысына ғана жауап береміз. Ал жобаға сәйкес жұмыстарды атқаруға қала әкімі Ермак Бидахметұлына мәслихат хатшысы Бейсенбек АҚЖАЛОВ та қолдау көрсетіп, депутаттар да атсалысты. Ол кісінің шеберханасына қатысты айтарым, біз «Достық үйінен», я болмаса, мәдениет орталықтарынан ғана орын қарастыра аламыз. Бірақ, Абылайхан Қалқаұлы үйіне жақын жерде болғанын қалайды, — дейді Назерке Мәулітқызы.«Мен «Нұр Отанға» емес, қайсарлығыма арқа сүйеймін»Сөзіміздің басында Абылайхан Асылбайдың мүмкіндігі шектеулі екендігін айтып өттік. 1997 жылы Семейдегі бір құрылыс фирмасында істеп жүргенде краннан құлап, ауыр жарақат алған ол үш жыл төсек тартып жатып қалды. Бірақ, тумысынан қайсар, намысты азамат тағдырдың бұл сынағына мойымады. — «Ағатайым-ау, ендігі күнің не болады? Қандай мықты жүрген ағам едің!» деп қарындасым Кәрима жылағанда ештеңе болмағандай, ақылымды айтып, «Әлі аяққа тұрып кетемін. Оған мен сенімдімін», деп жұбаттым. Және білесіз бе, мен осындай оқыс жағдай болатынын іштей сезіп жүрген болатынмын. Себебі, көзалдымнан бір тұман сияқты әлдебір әлем кетпей жүрген. Ал, осы бір оқыс жағдайға ұшыраған соң мен керісінше түңіліп емес, қиындықты жеңуге ұмтылу керектігін түсіндім. Өзіме деген сенімділіктің күші де зор еді. Түбі әділдік жеңуі керек деп өзімді қайрап жүрген осы өміріме күн сайын шүкірлік қыламын. Кейде мені әлдебір мақсаттарына пайдаланғысы келетіндер де табылады. Мысалы, 2014 жылы «Нұр Отан» партиясына қабылдануға өтініш бергем. Неге екенін білмеймін, 2016 жылы қабылдады. Қабылдағанын қайтейін, бір күні облыстық «Дидар» газетінде «Абылайхан «НұрОтанға арқа сүйейді» деген мақала шыға келгенде не күлерімді, не жыларымды білмедім. Біріншіден, мақала авторы – аты белгілі журналист мені бетпе-бет көріп тілдескен жоқ. Екіншіден, «орманда ағаштан құлап, мертікті» дегендей сыртымнан жазыпты. Бұл партияның тапсырысымен жазылған мақала болған күнде де тілші сіз сияқты өзі келіп сөйлесуі керек еді ғой. Қатты қарным ашты. Бірақ, ешкімді жауапкершілікке тартқам жоқ. Тек қана айтатыным, мен ешкімге арқа сүйемеймін, өз ісіме және оның мақсатты да әділ жасалып жатқанына сенемін дейді қолөнер шебері.Коллаж: zhasalash.kz
Қуаныш Қаппас
Тегтер: Без Тега