Без Категории

Ермұрат Бапи Ақиқат ЖСДП партиясы төрағалығынан кетті, орнына Асхат Рақымжанов сайланды

Алматыда 6 қыркүйекте болған "Ақиқат" ЖСДП партиясының 15-съезінде қазіргі басшыларға сенімсіздік білдіру мәселесі талқыланып, ақырында партия төрағасы Ермұрат Бапи төрағалықтан кетті.

Jasalash.kz

Оның орнына Асхат Рақымжанов партия төрағасы болып сайланды.

Оқиға орнында болған Азаттық тілшісінің хабарлауынша, кейбір партия мүшелері Бапидың партияға саяси күштерді тарту жұмыстарына сенбейтінін, оның Парижге бір топ белсенділермен бірге барып, елдің бұрынғы премьер-министрі Әкежан Қажыгелдин, Атырау облысының бұрынғы әкімі Бергей Рысқалимен партияның рұқсатынсыз кездескенін айыптаған.

Олар ЖСДП-ның бұрын белсенді партия болғанын айтқан. Кейбір азаматтар партияның бұрынғы төрағасы Жармахан Тұяқбайдың съезге шақырылмағанына назар аударған. Олар партияның бұрынғы логотипін қалдыруды да ұсынған. Залда отырғандардың көпшілігінің көңіл-күйін байқаған Ермұрат Бапи дауласпай-ақ қызметінен кететінін мәлімдеген.

Дегенмен жиында сөйлеген кейбір азаматтар Ермұрат Бапиды қолдаған. Съезд соңында сөйлеген Ермұрат Бапи мұны партия ішіндегі алауыздық деп бағалады.

"Елдегі жалғыз оппозициялық партияны жерледіңіздер" деп Ермұрат Бапи отырыс бітпей жатып, залдан шығып кетті.

Азаттық тілшісіне берген сұхбатында Ермұрат Бапи бүгінгі жиынға өзі де партия төрағалығынан кету туралы оймен келгенін, бірақ бұл ойын айтып үлгермегенін, өзінің орнына белсенді Жанболат Мамайды ұсынбақ болғанын айтты.

(Жаңалық толықтырылады).

Қуаныш Қаппас
Тегтер: Без Тега