Ермұрат Бапи, Мәжіліс депутаты: Діни жебір «құрттың» қатерін қаперсіз қалдыруға болмайды
Ақын Ақұштап Бақтыгереева әлеуметтік желіде Орал қаласындағы Қадыр Мырза Әлі орталығында 23 мамыр күні ақын Мұхамеджан Тазабектің жоспарланған кездесуі өтетініне алаңдап, дабыл қақты.
Ол жазбасында: «Қадыр Мырза Әлі орталығы мемлекеттік мекеме еді, жекеменшікке өтіп кеткен жоқ па екен? Сан түрлі діни ағымдар еніп кеткен Батыс өңірге оның келуі маған жұмбақ. Қандай саясат? Қандай үгіт? Айтыс жайлы не демек? Тәңірші болу, салафит болу, ақ жамылу, қара жамылу, талақ болу, суайт болу, зымиян болу – өз еркіңіз ғой...» деген.
Бұған Мәжіліс депутаты Ермұрат Бапи үн қосып, кездесудің өтпеуіне күш салатынын мәлімдеді. Ақыры кездесу өтпей қалды. Біз бұл жайлы депутатқа бірер сауал қойдық.
– Ермұрат аға, ақын Ақұштап Бақтыгерееваның әлеуметтік желіде жазған жанайқайына депутаттардың ішінде өзіңіз алғашқылардың бірі болып үн қатып, бұл шараны тоқтатқаныңызды жаздыңыз. Мәселе қалай шешімін тапты?
– Әлеуметтік желіде ақын Ақұштап апамыз ұлттық уайым қылып таратқан хабарға депутат ретінде реакция жасап, тиісті мемлекеттік органдарға хабарластым. Ақынның ашық сұрақтарына жедел жауап беруді сұрадым. Ал берілген жауаптың жөні онлайн қоғамға мәлім, мән-мазмұны беймағлұм кездесуді өткізуге тоқтау жасалды.
Ұлттық мәдени мұраға, ежелден бері қалыптасқан ұлттық салт-дәстүрге және дәстүрлі діни ұстанымға нұқсан келтіретін сырттан кірген дінбұзушылыққа қатысты мәселелерді аяқсыз қалдырмаймын. Бұл қазақ деген ұлттың болашақ тағдырына қатысты талап деп білемін. Қажет болса, Парламенттің пленарлық отырыстарына дейін шығарамын.
– «Енді шақырушылар мен ұйымдастырушылармен «жұмыс істейміз» депсіз. Мұның басы-қасында жүрген кімдер? Облыс әкімдігі ішкі саясатқа дұрыс көңіл бөлмей отыр деп ойлайсыз ба?
– Шынымды айтсам, оның басы-қасында кімдер жүргенінен хабарым жоқ. Бұл маған маңызды емес. Маңыздысы – «қазақстандық қоғамға теріс діни ағымның айтулы өкілі ретінде танылған азаматтың айтары не?» деген ақын апамыздың сұрағына жауап алу еді. Әйтпесе, Мұхамеджанның жеке өзіне қатысты «бес бересі, алты аласым» жоқ. Айтыскер кезінде сыйлы ақындарымның бірі болатын, кейінгі әрекеттері маған емес, ұлттық мәдени және діни мұрамызға кереғар келгендіктен, азаматтық нала көңілімді ашық айттым.
Ал өңірлердегі ішкі саясат мәселесіне келер болсам, бұл төңіректе айтылар сын жыртылып айырылады. Ең бастысы, ішкі саясат ведомствосының жергілікті бөлімшелері мемлекеттік саясатты жүргізуден бұрын, әкімдердің қызметі мен олардың имиджін күйттеуші шабарманға айналып кетті. Біздің елдегі қоғам мен билік арасында туындайтын түсініспеушіліктер мен жекелеген текетірес шақыртар өңірлік ішкі саясаттың осы функционалдық міндетті алмастырып алғанынан туындайтын сияқты.
Былтыр ел президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Қазақстанның ішкі саясат тұжырымдамасы жөніндегі» құжатқа қол қойды. Мұнда мемлекеттік тұрғыда біраз маңызды бағыттар мен басшылыққа алар міндеттер белгіленген еді. Бірақ жергілікті әкімдіктер мен олардың ішкі саясат басқармалары бұл тұжырымдаманың талаптарын назардан шығарып алған сияқты.
– Осындай іс-шараны ұйымдастыруда неге баса мән беру керек? Егер тақырыбы отбасы құндылығы, тәрбие жайында ғана болса ше?
– Әлбетте, қоғамдағы пікір еркіндігі мен сөз бостандығына шектеу жоқ екені мәлім. Бұл жаңа Конституцияда нормаланған біздің бұлжымас қағидатымыз болуы керек.Дегенмен жасампаздық жолындағы құндылықтар тұрғысынан қарайтын болсақ, қоғамдық ортада айтылар бұқаралық тақырыпқа бақылау болғаны жөн. Мәселен, тағы біреулер қалың қауымды жинап алып, сепаратистік немесе қоғамдық, діни, әлеуметтік іріткі салу мәселелерін сөз етсе, оған тиісті уәкілетті мемлекеттік органдар бақылау жасамайтын болса, онда ел тәуелсіздігінің тұғыры теңселгені деп біле беріңіз.
Фейсбук желісі арқылы ақын апамыздың қойып отырған сұрағы осы ғой: «Оралдағы жиында не тақырып сөз болмақ; танымал дін өкілі қандай мәселені сөз етпек?»
Ал сіз айтқандай, «отбасы құндылығы, тәрбие жайында» ғана сөз болса, оған қандай шектеу болуы мүмкін? Бірақ Оралдағы нақты жағдайда тақырыптың мән-мазмұнына қатысты сұрақтар кездесу өткізуші спикердің бұған дейінгі қоғамдық ортада кім болғанына байланысты туындаған болуы керек.
– Жалпы, жұрт діни көзқарастары қоғамда жиі талқыланатын Тілеухан, Тазабектерден қоғамға қандай қауіп бар?
–Бұл мәселе айтыла-айтыла әбден жауыр болды. Мәселе Бекболат Тілеухан мен Мұхамеджан Тазабековтің жеке өздеріне емес, осы екі азаматтың атымен ел ішіне тарап бара жатқан діни ағымға қатысты. Әйтпесе, мысалы, мен Бекболаттың әншілік-жыраулық өнеріне тәнтімін. Оның орындауындағы жекелеген әндер – ән ғана емес, тұтас бір қойылым. «Күлдір-күлдір кісінетіп» толғауы немесе Әсет пен Кемпірбайдың айтысы – бұлар моно-спектакль ретіндегі орындаушылық құбылыс. Енді бір 50 жылдан кейін қазақтың тарихында Бекболаттың пендәуи діни рөлі емес, оның өнері қалады. Мысалы үшін, Ақан серінің пендешілік тірлігін бүгінде кім біледі? Ал оның әндері қазақтың өлмес мұрасы болып қалды.
Ал Мұхамеджанның шешендік сөз өнері – өз алдына бір зерттеудің тақырыбы, құдай берген талант. Бірақ сіз сұраққа желеу еткен бұл екі азаматтың өнері жеке бір діни ағымның емес, тұтас қазақ халқының құндылығы болып қалғанын қалар едім.
Сіз айтып отырған «қатер» бұл екеуінен емес, қатер – ұлттың бөлшектенуіне әсер етуі мүмкін кірме діни идеологиядан туындайды. Діни сепаратизм небәрі 15 миллион қазақтың ұлттық тұтастығына, ұлттық біртектілігіне қауіпті. Мен еріксіз жік-жапар боп жүрген мәселенің мәні осында.
– Соңғы кезде еліміздің батыс өңірінде қара жамылып, сақалын бейберекет жібергендердің көптігі жиі айтылады. Бұл құбылыстың себебін неден көресіз?
– Нақты себебін қара қылды қақ жарғандай қылып айта алмаспын. Бір білетінім – бұл өңірлер бұрындары кеңестік кезеңде дәстүрлі ислам мұрасынан кенде қалды. Тіпті бертінгі 90-жылдарға дейін үш-төрт ауылда бір молда ғана болғаны, бұ дүниеден қайтқан марқұмдарды ағаш табытпен жерлеу жоралғысы сол діни кенделіктің белгісі деп білемін.
Кейіннен еліміз тәуелсіздік алған соң, діни бостандық етек жайды. Елдің ескі билігі қазақты діни негізде бөлшектеп билеу үрдісі белең алған кезде, дәстүрлі ислам мұраларынан надан ортаға «мұсылмандық» желеумен кірме, теріс діни ағымдардың уағызы жедел сіңіп кете берді. Батыс өлкелерде белең алған салафит, уахабит, құранит деген ағымдар арна тауып кеткені бір жағынан осындай жағдаяттарға байланысты болса керек.
– Қалай ойлайсыз, қоғамда дінаралық тартыс байқалмай ма? Әсіресе салафиттер мен сопылардың арасында өзара дүрдараздық туралы ашық айтылады, жазылады. Ара-тұра тәңіршілдер бар екенін көрсетіп қалады. Сіздің пікіріңіз қандай?
– Әсіресе қазақтың онлайн-ортасында мұндай дүрдараздық өріс алып бара жатқанын жасыруға болмайды. Бұл жақсылықтың белгісі емес. Онсыз да аз қазақ діни алауыздықтың құрбаны болса, елдің тұтасқан болашағына күдікпен қарауға тура келеді.
Кезіндегі Алтын орда империясы осы діни дүрдараздықтан – оңтүстіктен енген ислам мен солтүстіктегі тәңірге табынған қауым арасындағы тартыстың салдарынан тарқап кетті деген тарихи тұжырым бар. Ортағасырлық Еуропаны да католиктер мен протестанттардың тартысы тоз-тоз еткенін тарихтан білеміз. Сондықтан бір ұлттың арасына түскен діни жебір «құрттың» қатерін қаперсіз қалдыруға болмайды деп ойлаймын.
– Елімізде бет-жүзді тұмшалайтын киімдерге тыйым салынғаны белгілі. Бірақ арамызда соны елемейтіндер де жүр. Бұған не дейсіз?
–Бұны елемейтіндерден бұрын, Парламентте қабылданған тиісті заң нормаларының орындалуын бақылаушы құзыретті мемлекеттік органдардың салғырт жұмысына бірінші кезекте мін тағар едім. Тиісті заңнамалық нормалар бар, бірақ олардың талабын жүзеге асыру жағы кемшін.
Ал «қара жамылу» – бұл ұлттық ұлағаттан мақұрым, надан қазақтың қылығы. Мұсылмандықты арабизммен шатастыру – сол надандықтан туындайтын көрсоқырлық. Сондықтан біз қоғамды ұлттық мәдени дәстүр негізінде тәрбиелеу ісіне ерекше мән беруіміз керек. Әсіресе «теріс діндардың» аяқ асты от болып жанып жатуына ұлттық мұра мен мирасқорлыққа құмар салауатты қазақ қоғамы мүдделі болуы керек.
Сұхбаттасқан Динара Мыңжасарқызы