Ермұрат Бапидың соты өтпеді, әкімшілік іс тоқтатылды
16 қараша таңертең Алматы қаласының әкімшілік сотында демалыс күндері митинг қарсаңында ұсталып, үстінен "әкімшілік іс қозғалды" делінген «ДАТ» жобасының жетекшісі, журналист Ермұрат Бапидің соты өтуі тиіс еді,-деп хабарлайды «Жас алаш» Азаттық радиосына сілтеме жасап.Алайда таңертеңгі сағат 10-да сотқа барған Бапи істің тоқтатылғанын сол жерде ғана білген.
Оның сөзіне қарағанда, сот отырысының басталуына аз уақыт қалғанда Медеу аудандық полиция басқармасының өкілі келіп «аға, қайта беріңіз, соттамаймыз, іс тоқтатылды» деген. Істің тоқтатылу себебін де түсіндірмеген.
— Сенбі күні мені ұстаған кезде «митингіге жібермес үшін ұстады» деген болжам болған. Бірақ олай айтуға көзім жетпегендіктен айтпаған едім. Енді менің үстімнен қалаған уақытта іс қозғап, қалаған уақытта тоқтатқаннан кейін оған 100 пайыз көзім жетті. Осыған дейінгі митингіде елде «Назарбаев кетпей, реформа болады деп үміттенбей-ақ қойыңдар» деп айтқан едім. Мамайдың митингісінде соны жалғастырады деп ойласа керек, — деді Ермұрат Бапи БАҚ өкілдеріне берген пікірінде.
Елдегі санаулы оппозициялық басылымдардың бірінің жетекшісі Ермұрат Бапи 14 қарашада Алматыда саяси реформаны талап еткен митингіге санаулы сағат қалғанда ұсталған еді. Ол кезде журналистің үстінен Әкімшілік кодекстің 488-бабы бойынша («Бейбіт жиын өткізу тәртібін бұзу») іс қозғалғаны хабарланды. Журналистің өзі "Жанболат Ағаділдің жаназасына Алматы қаласынан онлайн қатысқаным үшін жауапқа тартпақшы" деп мәлімдеген. Оны сол күні бірнеше сағаттан кейін босатқан, бірақ ол митингіге қатыса алмай қалған еді.
Ал Бапи соттан істің тоқтатылу себебін түсіндіруді талап ететінін айтты.