Кейіпкер

Ерсайын Нағаспаев. «ШАҢЖҰҚПАС»

Қазақта «Шапшаң жүрсең, шаң жұқпас» деген мақал бар екенін білесіз. Білсеңіз, бұл жердегі шапшаңдықтың физикалық жылдамдық емес екенін түсінуіңіз керек. Мәселе сол, егер топырағы аспанға шапшыған құйын-дауылдан жағаңды кірлетпей өте шықсаң, онда сен шын мәнінде – шаңжұқпассың.

Фото: gov.kz

 Ал біздің бүгінгі кейіпкеріміз қанша рет «торнадоның» тырнағынан аман қалды? Ысқырған жел мен дүлей дауылға ұрынса да, түк сезбегендей, екі қолын қалтасына салып алып, ысқырып кете беретіні неліктен? Ерсайын Нағаспаевтан «кеңес алған» ірі шенділер кейін неге сотталып тынады? Міне, біз бүгін осы сұрақтарға жауап бере отырып, шенеуніктің шинеліне «лупамен» қараймыз. 

«Нұрәли Әлиевпен бірге...»

Әңгімемізді бірден жақсы жаңалықтан бастайық. Күні кеше Астанада талай жылдан бері жыр болып келе жатқан LRT жүйесі іске қосылды. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың өзі тұсауын кесіп берген транспорт түрі енді бұқараға қызмет көрсетеді, бұйырса. Назар аударатын бір нәрсе, құрылысы біткен LRT-нің ашылу салтанатында Өнеркәсіп және құрылыс министрі көрінбеді. Оны ешкім шақырмады ма, әлде барса да, камераның «көзінен» қашқақтап жүрді ме, әйтеуір Ерсайын Нағаспаев ашылу салтанатын экраннан көрген жұрттың назарына ілікпеді. Әйтпесе, сол рәсімге қатысып, рельсін туфлиінің ұшымен түртіп көріп, бағандарын қолымен нықтап байқап, Қазақстанның бас құрылысшысы ретінде тексеріп жүргендей түр байқатса, ел-жұрттың LRT-нің сапасына деген сенімі де арта түсер еді ғой.

Алайда шындығы керек, Ерсайын Нағаспаевты біз «іздемесек», ол жерде ешкім іздемеген сияқты. Іздемеудің себебіне қатысты болжам – біреу-ақ. Бүкіл жұртқа мәлім, LRT бағандары «арам өлген» динозаврдың омыртқасы құсап, иректелген күйі ұзақ жыл қоқайып жатты. Біреулер мұны «жемқорлыққа қойылған ең әдемі ескерткіш» десе, енді біреулер «жарты жолда қалған жалмауыз жоба» деп атады. Бірақ кім не десе де, анық дүние біреу еді, LRT – шенеуніктер кеңірдегінің қаншалықты кең екенін көрсетті. 15 жылдан бері үкімет LRT құрылысына шамамен1,8 млрддоллар жұмсаған. Ал 5,8 млрд теңге қолды болды. «Астана LRT» компаниясының бұрынғы басшысы Талғат Ардан сырттай 9 жылға, ал қала әкімінің бұрынғы орынбасары Қанат Сұлтанбеков 7 жылға сотталды.

Енді бұған Ерсайын Нағаспаевтың қандай қатысы бар? Қатысының бар-жоғын қайдам, әйтеуір, кейіпкеріміз Құрылыс саласына бас болып келгенде, сыпсың-сыпсың сөз көбейген. Бірқатар БАҚ Нағаспаевтың LRT дауы кезінде Астана әкімінің орынбасары болғанын еске түсірді. Сол тұста қала әкімі Иманғали Тасмағамбетов еді де, оның бір орынбасары – Нұрәли Әлиев, екіншісі – Ерсайын Нағаспаев болатын. LRT ісі бойынша сот процесінде айыпталушылар бастапқыда бекітілген BRT (жылдам автобус) жобасын тоқтатып, оның орнына LRT-ні енгізуге Нұрәли Әлиевтің ықпал еткенін айтқан көрінеді. Ал жобаға бөлінген миллиардтаған қаражат дәл осы кезеңде желге ұшқан. LRT құрылысының бас мердігері ретінде француздық компания емес, қытайлық компания таңдалған тұста жобаны Тасмағамбетовтен кейін қала әкімі болған Әділбек Жақсыбеков пен Нұрәли Әлиев қадағаласа керек...

«2013-2015 жылдар аралығында Ерсайын Нағаспаев пен Нұрәли Әлиев елорда әкімдігінде қатар қызмет етті. Сондықтан кейбір LRT құжаттарында олардың қолы бар. Бірақ екеуі де жауапкершіліктен құтылып, сот процесінде тек олардың есімі ғана аталып өтті», – деп жазады Ulysmedia.kz.

Мейлі ғой, кім не десе де, өзі біледі. Біз түсінген шындық – Назарбаевтың жақындарының жанында жүріп, «отқа күйіп» қалғандар аз емес. Нұрәли Әлиевпен тізе қоса жұмыс істеп, LRT дауынан таза шығу – бас тақырыптың айтпағына бір мысал болса керек.

Фото: ашық дереккөз

«Болар бала» және Ахметовтің артынан ілесу

«Болар бала – «бірдеңесінен» деген мәтелді естіген шығарсыз. Бірдеңе-сірдеңесін қайдам, Ерсайын Нағаспаев – билікке ерте араласқан адам. 1980 жылы Қарағандыда өмірге келген кейіпкеріміз Е.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетін бітіре сала Теміртау қаласы әкімі аппаратының жетекші маманы болып жұмысқа тұрған. Дипломын қолына жаңа алған 21 жастағы жігітке әкімдіктің қалай жетекшілік тізгін бергені елді әлі күнге таңғалдырады. Өйткені сол тұстағы ереже-тәртіптер мемлекеттік лауазымдарға тағайындалу үшін кемі 5 жылдық еңбек өтілді талап ететін. Білімінің асқандығынан шығар, біздің кейіпкеріміз ондай талап-ережені белден басты да, әкімдіктің берген қызметін «жетектеп» ала жөнелді. Осы бетімен кете берсе, Теміртаудың әкімі болмай, тоқтамас еді. Дегенмен биікке өрлеудің қай жолы тиімді боларын ерте сезді ме, бір жылдан соң министрлікке ауысты. 2002-2003 жылдары ҚР Сыртқы істер министрлігінің атташесі, Инвестициялар комитетінің атташесі болды. Атташелік қызметтің қыр-сырын жетік меңгергенінен болуы керек, 2003-2006 жылдары Қазақстанның Ресейдегі елшілігінің атташесі, тіпті үшінші хатшысы болып қызмет атқарды.

Дәл осы тұстарда Ресейдегі елші Қырымбек Көшербаев еді. Мәскеуге Жансейіт Түймебаев барып, Көшербаев бері «көшкенде», Нағаспаев елшінің қағаз-дәптерін «көтерісіп», бірге келген. Бірақ Көшербаев Маңғыстау облысына әкім болып тағайындалғанда, атташе артынан «ілеспей» қойды. Есесіне, Көлік және коммуникация министрлігінен салмақты қызмет тапты. Алдымен Көлік саясаты және халықаралық ынтымақтастық департаментінің бөлім бастығы, кейін директордың орынбасары болды. Ерсайын Нағаспаевтың өсу баспалдақтарын түгендей беру шарт емес. Бірақ мына мәселеге назар аударыңыз: кейіпкеріміз Көлік министрлігінде жауапты қызмет атқарып жүргенде, бар болғаны 26-27 жаста ғана еді. Ал 29 жасында Қарағанды қаласындағы аудан әкімінің орынбасары болып тағайындалды. Ал 30 жасында не істеді дейсіз ғой, кейіпкеріміз 30 жасында «орда бұзды». Орда бұзғаны сол, Қарағанды облысының әкіміне кеңесші болды. Бұл кезде облысты Серік Ахметов басқарып тұрған.

Білетіндер «Нағаспаев саяси соқпағында екі ірі шенеунікке кеңесші болды» дейді. Оның бірі – Серік Ахметов, екіншісі – Кәрім Мәсімов. Мәсімов қазір абақтының қатқан нанын кеміріп, түрмеде жатыр. Серік Ахметов бостандыққа шыққанымен, басынан талай-талай ала-құйын күндер өтті. Әрине, екі премьер Нағаспаевтың кеңесіне нанып, адасты деуге келмейді. Бірақ жап-жас жігіттің ертең Үкімет басқаруы мүмкін екі шендіге «ақыл-кеңес» беріп, қасында жүруі біраз дүниені аңғартатын сияқты.

Ал енді негізгі мәселеге көшейік. Дұрысы, кейіпкеріміздің қызметте «қанат керу» құпиясын ашайық. Қараңыз, Нағаспаев еңбек жолын әкімдіктен бастады дедік, сол кезде Теміртауды Серік Ахметов басқарып тұрған. Нағасбаев аудан әкімінің орынбасары болғанда, облыстың тізгіні Ахметовтің қолында болды. Ресейдегі атташелік қызметін өткізіп беріп, Көлік және коммуникациялар министрлігіне «топ ете» түскенде, министрдің орынтағында төбесінен қарап тұрған адам – тағы сол Ахметов еді.

Осы сәйкестіктер Сізді қандай да бір ойға жетелей ме? Жетелемесе, біз «жетектеуге» татитын кезекті мәселеге ауысамыз.

Фото: ашық дереккөз

Анасының баласы

Осыдан тура бір жыл бұрын Shishkin_like журналистік зерттеу орталығы Ерсайын Нағаспаевқа қатысты көлемді мақала жариялады. Онда министрдің жары – Ольга Нағаспаева мен үлкен ұлы – Тимур Нағаспаевтың бизнестеріне қатысты қызықты деректер қамтылған. Бірақ «шаң жұқпайтын» адамнан кір іздегендей болып, оның бәрін қайталағымыз келмеді. Ал анасына қатысты ақпараттарды айтпасақ, кейіпкеріміздің «шинелі шешілмей» қалғалы тұр.

«Бір қарағанда, 65 жастағы Бақыт Нұрекина тәжірибелі кәсіпкер секілді көрінеді», – деп бастапты Shishkin_like кейіпкеріміздің анасына қатысты зерттеуін. Дұрыс қой енді, кәсіпкер кәсіпкер секілді көрінбегенде, енді кім секілді көрінуі мүмкін? Алғашында бізге осындай ой келгені рас. Бірақ мақаланы оқыған сайын ойымыз «бұзыла» бастады. Өйткені бизнес-реестрде Бақыт Нұрекенинаның 17 компанияның құрылтайшысы немесе құрылтайшыларының бірі екені нақтыланса керек. Олардың дені 2011-2014 жылдары Астана мен Қарағанды облысында тіркелген. Зерттеушілер компанияның ашылуын Ерсайын Нағаспаевтың Астана мен облыс аралығында қызмет ауыстырып жүрген кезеңдерімен сәйкестендіреді. Ең қызығы, сол компаниялардың біразы кейін Серік Ахметовтің туыстары мен айналасындағы адамдардың атына «ауысқан».

Сізді «Ол неге ауысады?» дегізбес үшін әңгіменің төтесіне көшейік. «Бақыт Нұрекина Серік Ахметовтің әйелі – Любов Ахметовамен тонның ішкі бауындай араласатын жақын құрбы» деген дерек сонау 2015 жылы айтылған. Бұрынғы үкімет басшысының соты қызу жүріп жатқанда, «Время» газеті «Тепличных дел мастер» тақырыбымен көлемді мақала жариялағаны есімізде. Сондағы мәліметтерге сүйенсек, Ахметов ісіндегі ақша жымқыруға негіз болды делінген «Топар» агрохолдингі Бақыт Нұрекинаның атында болғанға ұқсайды. Тергеу кезінде Нұрекина «Компания активтерінің шын иесі кім екенін білмедім» деп ақталған сияқты. Алайда тінту барысында, оның жұмыс кабинетінен Ахметов отбасымен достық қарым-қатынаста болғанын айғақтайтын фото дәлелдер көптеп табылса керек. Мұның сыртында, Нұрекина Данияр Ахметовтің (Серік Ахметовтің ұлы) «Жаңа-қала-құрылыс» компаниясында бас бухгалтер болғаны айтылады...

Бұдан қандай қорытынды шығаруды әркімнің өз еншісіне қалдырамыз. Ал кәсіпкер адам кәсіп істемей отыра алмайды. Shishkin_like дерегіне қарағанда, министрдің анасы қазір «Gold Herbs Kz» иелерінің бірі. Бұл компания 2016 жылдан бастап 28 миллион теңге салық төлеп, кейін екі жылға тоқтап қалған. Есесіне, 2023 жылға дейін мемлекеттік сатып алу бойынша 70-тен астам келісімшартқа ие болып, мемлекеттен 86,8 миллион теңге алған.

«Бақыт Нұрекинаның компаниясы мектептерге арналған ұлттық киімдер, мәдени орталықтарға арналған сахналық кәстөмдер шығарып, әскерилерге, түрме тұтқындарына, қарттар үйлеріне және басқа да мекемелерге тіс пастасын жеткізіп отырды», – дейді, Shishkin_like.

Осы мәліметтердің бәрін көңіл сүзгісінен өткізсеңіз, Ерсайынның қалай ертөстікше өскені түсінікті болатын секілді.

Әйеліне «күні қараған» министр

Ерсайын Нағаспаев – негізі аз сөйлейтін жігіт. Әдетте сөзі аз адамның ісі көп болатынын білесіз. Ал Өнеркәсіп және құрылыс министрінің тірлігінде береке бар ма? Бұған дәл қазір баға беру қиындау. Есесіне, жыл соңына таман біраз жайттың беті ашылады. Өйткені ақпан айында өткен Үкімет отырысында кейіпкеріміз Қазақстанда көлік арзандайтынын айтып, былай деді: «Жаңа маркалар нарыққа шыққан сайын баға сөзсіз төмендейді. Мұны нақты айта аламын. Отандық автокөлік өндірісінің артуы қытайлық автокөліктердің бағасының да төмендеуіне ықпал етеді».

Сонда қалай, отандық өндірушілер Қытай көлігінен де арзан машина шығар ма? Егер министрдің сөзін дұрыс түсінсек, солай сияқты. Алайда дәл қазір «әлгі арзан көлігің қайда?» деп кейіпкеріміздің «жағасынан алуға» ертерек. Өкініштісі, ертеңгі күннің де аса жақсы болмайтынын айтып жүрген сарапшылар көп. Басқаны былай қойғанда, премьер-министрдің орынбасары – ұлттық экономика министрі Серік Жұманғариннің пікірі Нағаспаевтың жаңағы сөзіне қайшы. Өткенде ғана журналистер одан «үй мен көлік бағасы арзандайтыны рас па?» деп сұрады. Жауап мынадай болды: «Бұл жайында естіген жоқпын. Қазіргі уақытта бірдеңенің арзандауы қиын. Бұған күмәнмен қараймын. Қымбаттамағанына рақмет айту керек».

Сонда Ерсайын Нағаспаев несіне сеніп, автокөлік бағасын арзандатқалы жүр? Біздіңше, Өнеркәсіп министрі «Азия Авто» компаниясына көбірек сенім артатын секілді. Естеріңізде болса, «Азия Автоның» бұрынғы басшылары Анатолий Балушкин мен Ерік Сағымбаев мемлекеттің 230 млрд теңгесін жымқырып, «жер ауып» кеткен. Қазір Ресейдің азаматтығын алған олар «маңғыт, аузыңа саңғыт» деп көрші елде «тырайып» жатыр. Ал құдайы көршіміздің құзыретті органдары Ресейдің қауіпсіздігі мен егемендігіне нұқсан келтіруі мүмкін деген «қауіппен» Балушкин мен Сағымбаевты Қазақстанға беруден бас тартты.

Ал Ерсайын Нағаспаев соңғы кездері «Азия Автоға» жан бітетінін жиі айтып жүр. Себебі компанияның өндірістік базасы сақталған, инфрақұрылымы дайын. Тіпті инвесторлар да табылған. Әрі олар қытайлық емес, отандық. Көрдіңіз бе, инвесторлар – отандық кәсіпкерлер болса, кейіпкеріміздің жоғарыдағы сөзімен айтқанда, Қытай автокөлігінің құнын төмендетуге «мәжбүрлейтін» өндіріс дәл осы Өскеменнен бой көрсетуі мүмкін ғой.

Құдай қолдап, Қазақстан қолжетімді көлік шығара қалса, алғашқылардың бірі болып, кейіпкеріміз де арзан автоның бірін «қағып түсер» еді. Өйткені өткенде журналистерге: «Менде жеке көлік жоқ. Тек әйелімнің машинасы бар», – деген. Мұны естіген қараша «Ойбу, әйеліне күні қараған екен-ау» деп қағытты. Кім не десе де, мәселе – нәтижеде. Министрдің сөзі расқа шықса, халық та, өзі де жаңа көлік мініп, жарқырап жүреді. Егер олай болмаса ше? Онда «шаңжұқпастың» алқымы «кірлей» бастауы керек. Алайда Ерсайынның басты ерекшелігі осы ғой, тұйыққа тіреліп тұрса да, жөпелдемеде жол тауып кетеді. Енді мұның бір мысалын келесі бөлімде баяндайық.

Фото: ашық дереккөз

«Адам ба, робот па?»

2025 жылдың қазан айында кейіпкеріміз Мәжіліске бас сұғып, депутаттардың сұрағын тыңдап көрген. Тыңдап көргенде, мәжілісмендер жапа-тармайғай сауал қойып, жан-жақтан «талаған» жоқ. Дегенмен министрдің қауашағына жету үшін бір сұрақты екі қайталап, екі тілде жеткізуге тура келді.

Мәжілісмен Әділ Жұбанов қарастырылып жатқан жаңа Құрылыс кодексі бойынша мәселе бар екенін меңзеп, былай деді: «Құрылыс кодексінің жобасында бас мердігердің субмердігерге 30%-дан артық жұмыс беруіне тыйым салынғалы отыр. Былтыр «мемлекеттік сатып алу» заңында бюджет қаражатын игеріп жатқан жұмыстарға бұл қарастырылғанын түсіндік. Сіз енді жеке инвестордың қаражатын қалай игеру жөнінде араласудың себебін айта аласыз ба?».

Ал министр не деді? Былай деді: «Тағы да бір рет қайлалаңызшы, түсінбедім».

Бақырайып тұрған көзіне қарап, «қазақшасы нашар екен» деп ойлады ма, депутат енді осы айтқанын түгел орыс тілінде қайталады. Қайталардың алдында: «Мен түсіндім сізді, мына жауабыңызға қарағанда, негізі дайындығыңыз жақсы секілді», – деп бір қағытып алды. Сосын алдыңғы айтқанын орыс тілінде қайталап, министрдің жетесіне жеткізуге тырысты. Ал кейіпкеріміз қалай жауап берді деп ойлайсыз?

Оп-оңай жауап берді: «Шынымды айтсам, сұрағыңызды толық түсінбедім. Бірақ мәселені қарастырамыз».

Егер сен сауалды түсінбей тұрсаң, оны қалай қарастырасың, мысалы? Әлде «қарастыру» – жауаптан қашудың амалы ма? Осы арасын жақсы ұқпаған жұртшылық «Ойбай-ау, бұл қалай министр болып жүр, не орысша, не қазақша түсінбесе?!», «Елдің бәрі түсініп тұр, министр қалай түсінбейді, бұл өзі адам ба, робот па?» деп таңырқады.

Бірақ оған бола таңырқаудың не қажеті бар? Адам ғой, адам болғанда да, білдей шенеунік! Тек өзгелерден айырмашылығы – үстіне қонғалы «келе жатқан» шаң-тозаңды «күншілік жерден» қағып тастаудың шебері. Өзіңіз ойлаңызшы, Мәжілісте депутатпен «мылжыңдасып» отырған жақсы ма, әлде неше тілде сауал қойылса да, тілін жұтқан адамдай, «безірейіп» алып, кейін «қарастырған» жақсы ма?..

Түйін

Бойына шаң жұқтырмаудың амалы шығар, Ерсайын Нағаспаев брифингтерге сирек барады. Көбінесе, ондай «ойран-ботқасы» шығып қалуы мүмкін жерлерге «арқасынан қағып» қойып, орынбасарларын жібереді. Әйтпесе, әріптестеріміздің көңілінде министрге қойсақ деген сұрақ көп. Жер қойнауын игерудің түйткілдері, пайдалы қазбаларды өндіруге лицензиялардың ашық бөлінбеуі, несиелер мен инвестицияларға қол жеткізудің қиындығы секілді мәселелер маңызды. Журналистер де «аңғал» ғой, «осы сауалдарға бір жауап берсе, Нағаспаевтың өзі береді-ау» деп күтіп жүр. Берсе, беретін шығар, бірақ ол үшін сұрақты қанша тілде дайындау керек? Міне, бұл үлкен мәселе! Егер сұрақты екі тіл тұрмақ, жеті тілде қайталасаң да, министр «түк түсінбей» қойса ше? Онда енді амал жоқ, біз бас тақырыптағы «Шаңжұқпасты» дереу «Сужұқпасқа» ауыстырамыз...

Сансызбай НҰРБАБА

Т. РАУШАНҰЛЫ