Әлеумет

Ертісте адам қаза тапқан қайықта судья болған ба? Бір ай бұрынғы оқиғаның тергеуі не болды?

Павлодар облысында Ертіс өзенінде бес адам мінген қайық аударылып, бір адам қаза тапқан оқиғаға бір айдан асты.

Фото ЖИ / JasAlash

NEGE басылымы қайықтағы адамдардың арасында судья Марат Мұсабаев болғанын хабарлаған еді. Алайда содан бері тергеудің қалай жүріп жатқаны туралы ресми ақпарат жарияланған жоқ.

Ертістегі қайғылы оқиға

12 қыркүйекте Павлодар облысының Жаңаауыл ауылы маңында Ертіс өзенінде бес адам мінген алюминий қайық аударылған. Төрт адам өз күшімен жағаға шығып үлгерген. Ал 1983 жылы туған ер адам суға батып кеткен.

Құтқарушылар оны алты күн бойы іздеді. Іздеу жұмыстарына Төтенше жағдайлар департаментінің қызметкерлері, сүңгуірлер, еріктілер мен жоғалған адамның туыстары жұмылдырылды.

18 қыркүйекте ер адамның денесі қайық аударылған жерден төрт шақырым қашықтықта табылды.

Павлодар облыстық ТЖД мәліметінше, іздеу барысында сүңгуірлер 28 рет су астына түскен. Эхолоттың көмегімен өзен түбінің 38 500 шаршы метрі тексерілген. Құтқарушылар Ертістің екі жағалауымен жалпы 272 шақырым жол жүріп, іздестіру жұмыстарын жүргізген.

Қайықта судья болғаны рас па?

16 қыркүйекте NEGE басылымы қайықта болғандардың арасында Павлодар облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының судьясы Марат Мұсабаев бар екенін хабарлады.

 Мұсабаев тағы төрт ер адаммен бірге балық аулауға шыққан. Алдын ала болжам бойынша, өзенде қайықтың қозғалтқышы тоқтап қалған. Сол уақытта қатты жел көтеріліп, толқын салдарынан қайыққа су кіре бастаған.

Ақырында қайық суға батып, оның иесі жағаға жете алмай қалған. Қалған төрт адам аман шыққан.

 Сонымен қатар басылым дереккөздері қайықтағы адамдардың өзенге шығар алдында алкогольдік ішімдік ішкенін мәлімдеген. Алайда бұл ақпарат ресми түрде расталмаған.

Қаза тапқан ер адамның туыстары оқиғаның барлық мән-жайын анықтауды талап етіп отырғаны да айтылды. Басылым мәліметінше, олар аман қалған адамдар оқиғаның кейбір жайттарын толық айтпауы мүмкін деп күдіктенеді.

Марат Мұсабаев туралы ресми құжаттар не дейді?

Марат Камалбекұлы 2014 жылы Павлодар қаласының мамандандырылған әкімшілік сотына судья болып тағайындалған. Кейін мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотында жұмыс істеген.

Жоғары Сот Кеңесінің ресми құжатында Мұсабаев Павлодар облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының төрағасы лауазымына ұсынылған кандидат ретінде көрсетілген.

 

Сайт Әкімшілігі
Тегтер: адам өлімі