Саясат

Ержан Бабақұмаровтың өлімі: іс бойынша алдын ала сот тыңдауы Астанада өтеді

Астанада Ержан Бабақұмаровтың өліміне қатысты қылмыстық іс бойынша алдын ала сот тыңдауы басталады.

Фото: ашық дереккөз

Бұл туралы Tengrinews.kz хабарлады.

Алдын ала тыңдау 26 қаңтар, дүйсенбі күні, Астананың қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында сағат 15:00-де өтеді. Тиісті ақпарат «Сот кабинеті» жүйесінде жарияланған. Айта кетейік, бұған дейін істі қарау түрлі себептермен бірнеше рет кейінге шегерілген.

Іс Қылмыстық кодекстің 99-бабының 1-бөлігі («Адам өлтіру») бойынша тергелген. Істі судья Айжан Күлбаева қарайды. Ол бұған дейін экс-министр Қуандық Бишімбаевке қатысты үкім шығарған.

Еске салайық, 2025 жылғы 30 қазанға қараған түні Ержан Бабақұмаров танысымен болған төбелес кезінде қаза тапқан.

Ержан Бабақұмаров кім болған?

Ержан Бабақұмаров 1969 жылғы 2 наурызда Талдықорған облысында дүниеге келген. Саяси ғылымдар кандидаты.

1996 жылдан бастап мемлекеттік қызметте еңбек етті. Президент Әкімшілігінде ішкі саясат бөлімі меңгерушісінің орынбасары, ақпараттық-талдау орталығының басшысы қызметтерін атқарды. Мәдениет және ақпарат министрлігінде жауапты хатшы, вице-министр болды. Сонымен қатар Премьер-министр кеңсесі басшысының орынбасары, Президент жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінің директоры, Мемлекет басшысының кеңесшісі – Президент Әкімшілігінің талдау және болжау орталығының меңгерушісі қызметтерін атқарған.

2019 жылғы шілдеден 2022 жылғы ақпанға дейін Алматы қаласы әкімінің орынбасары болды.

Сайт Әкімшілігі