Сараптама

«ЕСЕГІ БІР ТЕҢГЕ, ТОҚЫМЫ МЫҢ ТЕҢГЕ». «Қазақтелекомның» тірлігі қашан оңады?

Осы жазда «Қазақтелеком» АҚ-ның басшысы Бағдат Мусин алдағы уақытта компанияда үлкен оптимизация болатынын мәлімдеген. Мусиннің сөзінше, «Қазақтелекомда» басқарушы аппарат тым көбейіп кеткен. Сондықтан 8 мың кеңсе қызметкерінің 5 мыңын қысқарту жоспарлануда. Болашақта олардың жұмысын жасанды интеллект (ЖИ) атқаратын болады.

Фото: Қазақтелеком

Мусиннің бұл сөздері әлеуметтік желілерде қызу талқыланып, «жұмыс орындарын жаппай қысқарту халықтың әлеуметтік жағдайына әсер етеді» деген сынға қалған. Сөйтсек, компания басшысының бұлай мәлімдеме жасауында бір мән бар сияқты.

«Кірісі жоқ, шығысы көп»

Қазір «Қазақтелекомды» «кірісі бір теңге, шығысы мың теңге» болатын компаниялардың қатарына қосып жүргендер баршылық. Компанияның биылғы алты айлық есебіне сүйенсек, бұл дерек растала түседі. Биылғы алты айда «Қазақтелекомның» таза пайдасы 73 пайызға дейін азайып кеткен. Компанияның табысы өскенімен, нақты таза пайдасы айтарлықтай төмендеген. Мәселен, қаңтар-маусым айларында «Қазақтелеком» 290,6 млрд теңге табыс тапқан. Бұл былтырғы кезеңмен салыстырғанда 4,4 пайызға көп. Бірақ компанияның операциялық пайдасы шамамен 10 пайызға азайып, 42 млрд теңгеге түскен. Ең басты өзгеріс – былтыр компания 24,5 млрд теңге таза пайда тапса, биыл бұл көрсеткіш 6,5 млрд теңге ғана болған. Осылайша таза пайда 73 пайызға төмендеген.

Былтырғы көрсеткіш «Мобайл Телеком-Сервис» компаниясын сату нәтижесінде өскен. Бұдан «Қазақтелеком» 106,4 млрд теңге көлемінде қосымша пайда тапқан. Ал биыл мұндай бірреттік сату кірісі болмаған.

Есепке жүгінсек, компанияның қаржылық шығындары да өскен. Бір жыл ішінде бұл шығындар 21,7 млрд теңгеден 31,9 млрд теңгеге дейін артқан. Әсіресе қарыздарға төленетін пайыз көбейген. Былтыр қарыз өтеуге 17,7 млрд теңге жұмсалса, биыл 25,5 млрд теңге кеткен. Демек, компания үшін қарыз алу мен оны өтеу шығыны да артқан. Сонымен бірге «Қазақтелеком» инвестицияға да көп ақша салыпты. Алғашқы алты айда компания негізгі құралдарды сатып алуға 132,1 млрд теңге, ал материалдық емес активтерге 39,2 млрд теңге бағыттаған. Бұл ретте «Қазақтелеком» Қазақстан мен Әзербайжан арасын Каспий теңізінің түбі арқылы байланыстыратын оптикалық кабель жобасына инвестиция құюды жалғастырып жатыр. Сондай-ақ компания Azercell-мен бірге құрған CaspiLink B.V. кәсіпорнына тағы 3,8 млрд теңге салған. Соның нәтижесінде жобадағы «Қазақтелекомның» 50 пайыздық үлестің баланстық құны 967 млн теңгеден 4,6 млрд теңгеге дейін өскен.

Міне, сала мамандары жасаған осындай есептерге қарасаңыз, Бағдат Мусин басқаратын бұл компанияны «кірісі бір теңге, шығысы мың теңге» болатын компаниялардың қатарына неге қосқаны түсінікті болады.

Қарызы бардың мазасы бола ма?

Отандық сарапшылардың ойынша, компанияның кіріс-шығысынан бөлек қарызы да шаш етектен. Мәселен, компания инвестицияға көп қаражат жұмсаған кезде оның қарызы да көбейген. 2025 жылдың соңында «Қазақтелекомның» қарызы 334,2 млрд теңге болған. Ал 2026 жылғы 30 маусымда бұл көрсеткіш 460,1 млрд теңгеге дейін артқан. Бұдан бөлек, есепті кезең аяқталғаннан кейін «Қазақтелеком» Қытайдың China Construction Bank банкінен 3 жылға 675 млн юань қарыз алған. Оның жылдық мөлшерлемесі – 2,9 пайыз.

Жалпы осы уақытқа дейін «Қазақтелекомды» 15 жыл басқарған экс-басшы Қуаныш Есекеев те, одан кейін 2024 жылы осы компанияны басқаруға келген Бағдат Мусин де «Қазақтелекомның» мақтауын асырып келді. Компанияны басқарғандар мен басқарушылардың ойынша, «Қазақтелеком» – ТМД кеңістігіндегі 5G технологиясын іске қосқан алғашқы және жалғыз компания. Қазір одан әрі даму үшін 7 мыңнан астам базалық станция салу жоспары әзірленген. Былтырдан бері компанияның 63 мың абонентінің ескірген мыс желісін заманауи оптикалық желіге ауыстыру да жоспарланған. Сондай-ақ 50 мың тұтынушы модемінің технологиялық жабдықтары жаңартылады.

Негізінде, «Қазақтелекомды» 15 жыл бойы басқарған Есекеев 2025 жылға қарай «Қазақтелекомның» «дәуірлеу кезеңі басталатынын» жиі айтатын. Тіпті оның сөзінше, Қазақстан аса маңызды өңірлік телекоммуникациялық хабқа айналып шыға келуі де мүмкін еді. Алайда қазір 2026 жылды еңсердік. Компания өзінің таза пайдасы 73 пайызға азайғанын есепке тізіп қойды. Өңірлік хабқа айналу былай тұрсын, табысы азайып, қарызы көбейген компанияның мазасы бола ма?

Сарапшылар қор нарығында да компанияның акциялары арзандауы ықтимал екенін айтады. Алайда отандық қор биржасына көз жүгіртіп көрсек, әзірге табысы аз болғанымен, компанияның акциялары тұрақты.

Экономист-сарапшы Тоғжан ШАЯХМЕТОВАНЫҢ сөзінше, компанияны «Самұрық-Қазына» қанатының астына алып, қолдап отырғандықтан, акциялары тұрақты.

«Биыл шілде айында мемлекеттік «Самұрық-Қазына» қоры «Қазақтелекомның» 10,43 пайыз акциясын жеке инвестордан қайта сатып алып, өзінің компаниядағы үлесін 89,5 пайызға жеткізді. Мемлекеттің бақылауды күшейтуі нарыққа сенімділік ұялатты. Алайда «Қазақтелекомның» қарыздануы жақсы емес. Компанияның қарызы көбейіп, оны өтей алмаса, көмекке тағы да мемлекеттік қор «Самұрық-Қазына» келеді. Сондықтан алдағы уақытта компания басшылары осы жағын ойлай бастауы тиіс. Олай етпесе, жұмыстан да, жоспардан да маза қашады», – дейді экономист-сарапшы.

Үкімет нені ескеруі керек?

ІТ саласының маманы Елдос ЕРКЕБАЙДЫҢ сөзіне сүйенсек, үкіметтің осы уақытқа дейін байланыс саласына басқа ірі инвесторларды тарта алмауы, «Қазақтелеком» компаниялар желісін монополиядан арылта алмауы алдағы уақытта үлкен проблемаға айналады. Енді қарызы көбейген «Қазақтелеком» халықтың қалтасын қағуды үйреншікті әдетке айналдырса, таңғалмауымыз керек. Телекоммуникация саласында 30 жылдан астам уақыт жалғыз ойыншының болуы болашақта бірнеше кедергіні алдымыздан шығармақ.

 «Мен мынадай аргументтерді келтіргім келеді. Біріншіден, қазір радиожиілік ресурстарының басым бөлігі бір ғана «Қазақтелекомның» бақылауында. Осындай жағдайда толық 5G-мен қамту туралы сөз қозғаудың өзі қиын. Қазақстанға әлеуетті инвесторлар келіп жатқанымен, олардың қолында қажетті радиожиілік спектрі мен ресурстары жоқ. Бұл, өз кезегінде, нарыққа жаңа ойыншылардың келуіне және саланың дамуына кедергі келтіреді. Радиожиілік спектрінің шектеулі болуының салдарынан кейбір байланыс операторлары 5G технологиясына толық көшу үшін бірнеше жыл күтуге мәжбүр. Оның үстіне ауылдар мен шалғай елді мекендерді айтпағанда, қазірдің өзінде қалалардың өзінде байланыс сапасы мен интернет жылдамдығына қатысты мәселе бар. Қазақстандағы негізгі байланыс инфрақұрылымының едәуір бөлігі «Қазақтелекомның» қолында. Басқа операторлар өздерінің кабельдік желілерін тартқысы келген жағдайда да, компанияның инфрақұрылымы мен кабельдік арналары белгілі бір деңгейде кедергі келтіреді. Екіншіден, «Қазақтелекомның» өз тарифтерін жыл сайын қымбаттатуы да бекер емес. Компания былтырдан бері 51 тариф бойынша бағаны көтеруінің өзіндік себебі бар. Себебі «Қазақтелекомның» шығыны артты, қарызы көбейді. Мұндай жағдайда компания жоғалған кірісті тұтынушылар есебінен өтеуге тырысады. Жалпы, «тарифті көтеру мәселесінде «Қазақтелеком» басқа тараптармен кеңесе ме» деген сұрақ бар. Қазір компания тариф бойынша шешімді өзі қабылдай алады. Меніңше, бұл жерде мемлекеттік реттеу күшейіп, тарифтердің негізсіз өсуіне жол бермейтін нақты шектеу болуы керек», – дейді IT сарапшы Елдос Еркебай.

ChatGPT мастер, IT ағартушы Елдос Еркебайдың пікірінше, шетелде монополист компаниялардың тарифтерді жыл сайын негізсіз көтеруіне жол берілмейді. Егер компания халыққа сапалы қызмет көрсете алмаса да бағаны көтерсе, тиісті органдар оған бірден қомақты көлемде айыппұл салады.

«Ал бізде жағдай басқаша. «Қазақтелеком» басшылығына салынатын айыппұлдың көлемі компания үшін айтарлықтай салмақ бола бермейді. Керісінше, компанияның басқарушы қызметкерлері қомақты сыйақы алуға әбден үйреніп қалған. Мысалы, 2022 жылы «Қазақтелекомның» басқарушы қызметкерлеріне 3,6 млрд теңге көлемінде сыйақы берілгені қоғамда үлкен дау туғызды. Алайда бұл жағдай компания басшылығына сабақ болған жоқ», – дейді маман.

Расымен де, 2022 жылы «Қазақтелекомның» төрт басшысы жалпы сомасы 422 млн 159 мың теңге болатын сыйақыны өзара бөліп алған. Бұл туралы ашық жазылды, қызу пікірталас та болды.

Енді айыппұл мәселесіне келсек, 2024 жылы азаматтардың жеке деректерін таратқаны үшін компанияға бар болғаны 100 АЕК, яғни 369 мың 200 теңге көлемінде айыппұл салынды. «Мұндай сома ірі компания үшін аса үлкен жаза емес» деседі мамандар. Салыстыру үшін айтар болсақ, АҚШ-та байланыс операторлары азаматтардың жеке деректерін қорғау талаптарын бұзса, айыппұл көлемі жүздеген миллион долларға дейін жетуі мүмкін. Мәселен, кей жағдайларда 462 млн долларға дейін айыппұл қарастырылған.

«Сондықтан бізде де монополист компанияларға қатысты жауапкершілік күшейтілуі керек. Халыққа сапалы қызмет көрсетпей, тарифті көтеретін компания айыппұлдан қорқатындай жүйе қалыптасуы қажет», – дейді IT ағартушы Елдос Еркебай.

Сала мамандарының пайымдауынша, «Қазақтелекомның» қарызы көбейіп, табысы азайғаны Үкіметтің назарын аударуы керек. Алты айда компанияның таза пайдасының 73 пайызға дейін төмендеуі ойлантпай қоймайды. Сарапшылар «компанияның тамырына жаңадан қан жүгірту керек» деп есептейді. Ол үшін «Самұрық-Қазына» өзіндегі бар әлеуетті пайдаланып, салаға жаңа буын топ-менеджерлер тартқаны абзал.

Қарлығаш ЗАРЫҚҚАНҚЫЗЫ

Сайт Әкімшілігі