Ескі індет есіркемейді
немесе ағайынды әкімдер мен әкелі-балалы министрлер
«Алдыңғы арба қайда жүрсе, соңғы арба соның ізімен жүреді», деген мәтел бар. Соңғы кездері кейбіреулер осы мәтелдің мәнін майыстырып қолданатын болыпты. Әсіресе, шенеуніктер арасында өте «модный» сөзге айналған. Қалай дейсіз бе? «Ағасы әкім болса, інісі министр болады», деп бұрмалап айтады екен. Шенділердің өз араларында әзіл үшін айтылса да, астарында ащы шындық жатыр. Қандай шындық екенін іштеріңіз сезетін болар?
Мысалы, Қазақстанда ғана бар жағдай: әкелі-балалы әкімдер немесе ағалы-інілі министрлер. «Түйенің өзі түйе болғанымен, құмалағы түйе болмайды», дейміз. Алайда, біздің елде түйенің өзі де, құмалағы да түйе. Таңғалатын жағдай емес. Қолында билігі бар адам алдымен, баласын сүйрейді, баласы жетекке жүре алмаса, бауырларын тартады. Бұл бес-он жылда қалыптасқан дүние емес. Қазақтың мінезіне сіңген әдет. Әсіресе, соңғы отыз жылда бұл ауру етімізден өтіп, сүйегімізге жетті. Тіпті, әкімнің баласы қарапайым жұмыс жасауға болмайтын түсінік қалыптасты қоғамда.
Қаңтар қырғынынан кейін «Тұңғыш Президент – Елбасы» туралы конституциялық заңның күшін жою туралы бастама көтерілді. Сол заңда бұдан былай Қазақстан президентінің жақындары лауазымды қызметтерге отыра алмайтыны туралы айтылады. Президенттің жақындары мемлекеттік лауазымды қызметтерді атқаруға болмаса, оның қасында әкімдер мен министрлер кім? Ондай шектеу лауазымды тұлғалардың бәріне бірдей қолданылу керек. Өйткені, әкелі-балалы әкімдерден, ағайынды министрлерден аяқ алып жүру қиын қазір. Біз бір үйден, бір әулеттен шыққан ағайынды немесе әкелі-балалы шенділердің бірнешеуіне талдау жасап көрдік.
Билікте болған немесе қазір де лауазымды қызметтерде жүрген әкім-қаралардың көшін ағайынды Мәшбекұлдары бастайды. Үлкен Мәшбекұлы, яғни Бердібек Сапарбаев қазір зейнеттік демалыста. Биыл көктемде Жамбыл облысы әкімі қызметінен босап, демалысқа шықты. Оған дейін кіші Мәшбекұлы, яғни Нұрлыбек Нәлібаев үкіметте бөлім меңгерушісі еді. Ағасы жұмыстан кеткен күні інісі келді лауазымды қызметке. Екеуіне екі облысты басқартуға Астананың да ұяты жібермеген болар. Кейбір дереккөздерде Бердібек пен Нұрлыбек ағайынды емес, әкелі-балалы деп айтылып жүр. Мейлі, қалай болса да, туысқандық жақындықтарын ешкім жоққа шығармайды. Бердібек Сапарбаевтың кіші ұлы Жансұлтан Сапарбаев та қазір білдей басқарма басшысы қызметінде отыр. Күндердің бір күні кіші Сапарбаев та бір облысты басқармасына кім кепіл?!
Бір әулеттен шыққан дөкейлер шеруін индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі болған Бейбіт Атамқұлов жалғайды. Оның туған інісі Мәди Атамқұлов былтыр 2 шілдеде Қазақстанның Сербиядағы елшісі қызметіне тағайындалды. Дереккөздерде екеуінің де әкесінің аты Бәкірұлы деп жазылған. Үлкен Атамқұлов мемлекеттік қызметте өте лауазымды қызметтерде болғанын жұрт жақсы біледі. Кезінде Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі, сыртқы істер министрі, қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі министрі сияқты жауапты қызметтерде отырды.
Қазақстан Республикасы премьер-министрінің бірінші орынбасары Роман Склярдің туған інісі – Василий Скляр биыл қаңтардан кейін Павлодар облысы полиция департаментінің басшысы болып тағайындалды. Жақындарын сүйреу – қазақтарға ғана тән әдет пе десек, қазақстандық басқа ұлт өкілдерінде де бар жағдай көрінеді. Демек, бұл ұлтқа тән індет емес, Қазақстан шенеуніктеріне тән кесел.
Кезінде Жамбыл облысын басқарған Асқар Мырзахметов көрінбей кетті. Қазір лауазымды қызметтерде жоқ. Туған інісі Абылай Мырзахметов биыл ақпанға дейін «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасын басқарған болатын-ды. Оның да есімі сирек аталып жүр. Ағасының ықпалы болмаса, кіші Мырзахметов кезінде жіліктің майлы басын ұстайтын ба еді? Мұның бәрі кездейсоқ жағдай емес екені баршаға аян.
Қарағанды облысының әкімі Жеңіс Қасымбек те қаражаяу емес. Оның әкесі Махмұд Қасымбеков кезінде Елбасы кеңсесінің басшысы болыпты. Ал ағайынды Нығматулиндерді қазақстандықтар өте жақсы таниды. Нұрлан Нығматулин мәжіліс спикері болған тұста, ел ішінде «Екінші Назарбаев» деген лақап аты тарады. Өзін Назарбаев сияқты ұстап, жұртқа дауыс көтеріп, ұрсып, өктем сөйлейтін әдетті Нұрсұлтан Әбішұлынан үйренгенін кейбір шенділер пыш-пыш айтып жүреді қазір. Нұрланның бауыры, яғни егіздің сыңары Ерлан Нығматулин де дөкей шенеунік болды кезінде. Депутаттық мандатын айтамыз. Кейін кәсіпке кетті. Кәсіпкер Ерлан депутат Ерланнан дүр болмаса, қор болмағанын жерлестері жақсы біледі.
Бір әулеттен шыққан: ағайынды немесе әкелі-балалы, әкелі-қызды шенділер тізбегі мұнымен бітпейді. Тіпті, олардың атын атап, түсін түстеп тауысу қиын. Өйткені, Қазақстандағы карьералық өсудің тәртібі осындай байланыспен қалыптасқан. Өз күшімен, өз білімімен көтерілу қиын. Болса да өте аз.
Дегенмен інісі лауазымды қызметке келгенде, ағасы жұмысынан кеткен шенеуніктер де бар. Марат Елеусізұлы Алматы облысының әкімі болып тағайындалған күні ағасы Қуат Сұлтанғазиев Еңбекшіқазақ ауданының әкімі қызметінен өз еркімен кетті. Мұндай дәстүр басқа шенділерге сабақ болса, Қазақстанда сыбайласқан лауазымдар болмас еді. Ескі індет есіркемейді. Астана осы дерттен тазармай, Жаңа Қазақстан құру қиын.