Оқиғалар

Есірткі мен қаржылық қылмысқа қарсы күрес – қауіпсіздіктің маңызды бағыты

Есірткі саудасы, қаржылық алаяқтық, заңсыз ақша айналымы мен киберқылмыс – бүгінгі таңда кез келген мемлекеттің экономикалық тұрақтылығы мен қоғамдық қауіпсіздігіне төнетін ең ірі қатерлердің бірі.

Фото: БАҚ

Әсіресе есірткі бизнесі әлемдегі ұйымдасқан қылмыстық топтардың күшеюіне, жастардың болашағына қауіп төндіруге және көлеңкелі экономиканың ұлғаюына ықпал ететін маңызды фактор. Сондықтан қаржы ағындарын бақылау, күмәнді операцияларды анықтау, заңсыз табысты жылыстатуға тосқауыл қою және цифрлық кеңістіктегі алаяқтықпен күресу – қазіргі заман талаптарына сай кешенді жұмыстың негізгі бағыттарына айналып отыр.

Осы бағыттағы жұмыстардың нәтижелері президенттің қаржылық мониторинг агенттігінің төрағасы Жанат Элимановты қабылдауы барысында кеңінен талқыланды. Кездесу кезінде президентке агенттіктің 2026 жылдың алғашқы алты айында атқарған қызметінің қорытындылары мен алдағы кезеңге арналған басым міндеттері жөнінде жан-жақты есеп ұсынылды. Агенттік төрағасының мәліметінше, биылғы бірінші жартыжылдықта 496 қылмыстық іс бойынша тергеу аяқталып, құқық бұзушылықтардан зардап шеккен азаматтар мен ұйымдарға келтірілген 22,6 млрд теңге көлеміндегі шығын өтелген. Қаржылық мониторинг агенттігі ұйымдасқан қылмыстық құрылымдардың қызметіне қарсы күресті де күшейткен. Есепті кезеңде жеті қылмыстық топтың, оның ішінде төрт трансұлттық ұйымның заңсыз әрекеттері тоқтатылды. Сонымен қатар 176 млрд теңгеден астам қаражатты қолма-қол ақшаға заңсыз айналдырған 44 қаржылық желінің қызметі әшкереленді. Мұндай схемалар көбіне салықтан жалтаруға, заңсыз табысты жасыруға және көлеңкелі экономиканы қаржыландыруға пайдаланылатыны белгілі.

Есірткі бизнесінен және интернет-алаяқтықтан түскен қаражатты заңдастыруға мүмкіндік берген астыртын криптовалюта айырбастау пункттері де құқық қорғау органдарының назарынан тыс қалмаған. Агенттік мұндай 12 заңсыз криптоайырбастау орталығының жұмысын тоқтатқан. Сонымен қатар соңғы жылдары кең таралған дропперлік схемаларға қатысты ауқымды жұмыстар жүргізіліп, өздерінің банктік шоттарын қылмыстық операцияларға пайдалануға берген 36 ұйымдасқан топ анықталған. Тергеу деректеріне сәйкес, олардың есепшоттары арқылы жалпы көлемі 113 млрд теңгеден асатын қаржы өткізілген. Кездесу барысында президентке киберқылмысқа қарсы күрес саласындағы маңызды жетістіктердің бірі туралы да баяндалды. ТМД мемлекеттерінің аумағында алғаш рет ұялы байланыс операторларының жұмысын қолдан имитациялайтын арнайы техникалық құрылғыны пайдаланған қылмыстық топ ұсталды. Бұл құрылғы азаматтардың дербес деректерін заңсыз иемденуге және фишингтік SMS-хабарламаларды жаппай таратуға арналған.

Қаржылық мониторинг агенттігі тек қылмыстарды ашумен ғана шектелмей, мемлекеттік қаржының тиімді жұмсалуын бақылауға да ерекше назар аударып отыр. Жүргізілген мониторинг нәтижесінде 52 инфрақұрылымдық жоба бойынша жалпы сомасы 279 миллиард теңгені құрайтын бюджет қаражатының негізсіз жұмсалуына жол берілмеген. Бұл мемлекет қаржысының мақсатты әрі тиімді игерілуін қамтамасыз ету бағытындағы жұмыстардың нақты нәтижесін көрсетеді. Ғылым саласындағы қаржылық тәртіп те назардан тыс қалған жоқ. Ғылыми әзірлемелерді коммерцияландыру кезінде мемлекет қаражатын заңсыз иемдену қаупі анықталып, жалпы көлемі 10 млрд теңгеге жуық қаржының ықтимал жымқырылуына тосқауыл қойылған.

Әлеуметтік саладағы заң бұзушылықтарды анықтау да агенттік қызметінің маңызды бағыттарының бірі болып отыр. Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының қаражатын заңсыз алу мақсатында бірқатар жеке медициналық ұйымдардың 140 мың азаматтың жалған тіркеу деректерін көрсеткені белгілі болды. Бұл жағдай денсаулық сақтау жүйесіндегі қаржылық бақылауды күшейтудің өзектілігін тағы бір мәрте дәлелдейді. Интернет кеңістігіндегі құқық бұзушылықтардың алдын алу бағытында да ауқымды жұмыстар жүргізілген. Заңсыз ойын бизнесінің белгілері анықталған 9 мыңнан астам сайт пен әлеуметтік желідегі аккаунт бұғатталды. Сонымен бірге азаматтарды алдау мақсатында құрылған 2,3 мың интернет-ресурстың қызметі тоқтатылып, жалпы саны 35 мыңнан асатын қатысушысы бар 25 чаттың жұмысы тоқтатылған. Бұл шаралар интернет арқылы жасалатын алаяқтық әрекеттердің таралуына тосқауыл қоюға бағытталған.

Қаржылық қауіпсіздікті қамтамасыз етуде азаматтардың құқықтық және қаржылық сауаттылығын арттырудың маңызы ерекше. Осы мақсатта ұйымдастырылған ақпараттық-түсіндіру іс-шараларына 245 мыңнан астам азамат қатысқан. Сарапшылардың пікірінше, тұрғындардың қаржылық сауаты артқан сайын алаяқтардың құрбаны болатын адамдардың саны да азая түседі.

Сондай-ақ заңнаманы жетілдіру бағытында қабылданған өзгерістердің нәтижесінде Қазақстанның қаржы қылмыстарымен күрес саласындағы халықаралық көрсеткіштері де жақсарған. Атап айтқанда, еліміздің рейтингі Financial Action Task Force (FATF)-тың төрт негізгі ұсынымы бойынша жоғарылаған. Бұл Қазақстанның заңсыз кірістерді жылыстатуға және терроризмді қаржыландыруға қарсы халықаралық талаптарды орындау деңгейінің артқанын білдіреді.

Кездесу қорытындысында мемлекет басшысы Қаржылық мониторинг агенттігінің алдағы қызметіне қатысты нақты тапсырмалар беріп, қаржылық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, көлеңкелі экономиканы қысқарту, цифрлық алаяқтықпен күресті күшейту және мемлекеттік қаражаттың тиімді жұмсалуына тұрақты бақылау жүргізу жұмыстарын жалғастырудың маңызын атап өтті. Бұл бағыттағы жүйелі жұмыстар ел экономикасының тұрақтылығын нығайтып қана қоймай, азаматтардың мемлекетке деген сенімін арттыруға және қоғамдағы заң үстемдігін қамтамасыз етуге ықпал етері анық.

С.Бақберген

Сайт Әкімшілігі