Қоғам

«Естігенде жүре алмай қалдым»: америкалықтар асырап алған қазақ қызы 25 жылдан кейін туған анасын тапты

Гүлмира есімді америкалықтар асырап алған қазақ қызы 25 жылдан кейін туған анасын іздеп тапты, деп хабарлайды Zhasalash.kz.

Фото: из открытых источников

Бұл туралы «Шетелдегі қазақ балалары» бағдарламасында айтылды.

Гүлмира Сейдж Смағұлова 1997 жылы Астанада дүниеге келген. Ол өзінің қазақпын деп айтуға хақысының бар-жоғын білмейтінін, алайда әрқашан қазақ екеніне мақтанатынын айтты.

«Мен шала туған бала екенмін. 9 ай бойы ауруханада жатыппын. Сосын балалар үйіне ауыстырылыппын. Шамамен 3 жасымда мені асырап алды. Мені асырап алған адамдардың хикасы қызық. Асырап алған анам түс көріпті. Онда 3 жасар қыз өзінің балаларымен ойнап жүр. Сөйтіп мені Қазақстаннан тауып алыпты. Тура түсіндегі қызды тапқан. Таңғажайып оқиға. Мен - 5 баланың кенжесімін. Өзімнен үлкен аға-әпкелеріммен жақсы қарым-қатынастамыз. Оларды қатты жақсы көремін», - дейді қыз.

Алғаш қазақтармен кездескенде ол өзінің керемет сезімде болғанын айтты.

«Туған әке-шешеме ашу-ыза жоқ. Олардың кім екенін білмеймін. Жүрегімде құрмет пен алғыс қана бар. Асырап алған ата-анам туған анамның жеңіл жүрісті болғанын, мені туғаннан кейін қайтыс болғанын айтты. Олар менен бірнәрсені жасырғанын сездім. Осыдан кейін біздің қарым-қатынасымыз суып кеткендей болды. Маған өтірік айтып, мені алдағандай сезіндім. Осыдан кейін өзім туралы көп нәрсе білдім. Туған анам туралы да өтірік болып шықты», - дейді ол.

Гүлмира Смағұлованың туған анасы Роза Смағұлова 25 жыл бұрын өлдіге саналған қызын алғаш көргенде қандай сезімде болғанын айтты. Айтуынша, босанғаннан кейін жансақтау бөлімінде болғанда, ауруханадағылар қызының шетінеп кеткенін айтқан.

«Естіген кезде қатты стресс болды, жүре алмай қалдым. Менің қызым ба деп құшақтап сүйдім. 25 жыл басылып қалған сезім ғой», - дейді ана.

 

Сайт Әкімшілігі