Эстония Ресеймен шекарадағы барлық өткізу бекетін жаппақ
Эстония Ресеймен шекарадағы барлық өткізу бекетін жаппақ
Эстония 1 желтоқсаннан бастап Ресеймен шекарадағы барлық автомобиль өткізу бекетін жабуды жоспарлап отыр. Бұл туралы елдің сыртқы істер министрі Маргус Цахкна мәлімдеді.
Шектеу Ресеймен шекарадағы Нарва, Лухамаа және Койдула өткізу бекеттеріне қатысты болмақ. Мұндай шешімге Эстония аумағындағы әскери дрон өндіретін кәсіпорынға жасалған диверсия әрекеті себеп болған.
14 қарашада Таллинн маңындағы Threod Systems компаниясының кәсіпорнына қасақана өрт қою әрекеті тіркелген. Эстонияның қауіпсіздік қызметі бұл оқиғаның артында Ресейдің әскери барлау қызметі тұруы мүмкін деп мәлімдеді.
Оқиғаға байланысты Латвияның сегіз тұрғыны ұсталғаны хабарланды. Ал Ресей тарапы диверсияға қатысы барын жоққа шығарады.
Эстония билігі шекарадағы шектеулерді ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету қажеттілігімен түсіндіріп отыр.
Әзірге өткізу бекеттерін жабу туралы түпкілікті шешім қабылданған жоқ. Үкімет шектеудің мерзімі мен оны жүзеге асыру тәртібін алдағы күндері талқыламақ.